Шырайлы Шымкент – елдегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қала көркі күннен-күнге көркейіп, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Бұл істе Шымкент қалалық құрылыс басқармасының рөлі ерекше. Осы орайда басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Ажібаевпен сұхбаттасып, құрылыс саласының бүгінгі тынысы мен келешегі, мемлекеттік қызметтің миссиясы жөнінде аз-кем әңгімелестік.
– Ердәулет Қылышбекұлы, алдымен құрылыс саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтсеңіз. Қалада қанша нысан салынып, қаншасы ел игілігіне берілді?
– Өздеріңіз білесіздер, құрылыс басқармасы – қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыратын негізгі құрылымдардың бірі. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар тек сандар мен есеп емес, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін, әлеуметтік жағдайды жақсартатын нақты іс-шараларды қамтиды. Мәселен, 2023 жылы біз 162 нысанның құрылысын жүргіздік. Соның ішінде 54 нысан толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 108 нысан өтпелі ретінде жоспарланған. Нақтырақ айтсам, былтыр 34 көпқабатты тұрғын үй, сегіз инженерлік инфрақұрылым жүйесі, бес білім беру, бір мәдениет, үш спорт, екі төтенше жағдай және бір денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.
Биыл құрылыс көлемі одан әрі артты. Қазір 154 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның 92-сі биыл ел игілігіне беріледі, 57-сі келесі жылға өтеді. Бұл қатарда 55 көпқабатты тұрғын үй, алты инфрақұрылым жүйесі, жеті білім беру, он бір «Жайлы мектеп», төрт мәдениет, бір спорт, бір саябақ, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай және мемлекеттік орган нысаны қамтылған. Бұдан бөлек, жыл сайын нарықтан пәтер сатып алу арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жалғасып келеді. Былтыр 1375 пәтер сатып алынып, соның ішінде 900-і жұмыс істейтін жастарға, 475-і әлеуметтік осал топтарға берілсе, былтыр бұл көрсеткіш 1514 пәтерге жетті. Оның 1060-ы халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатқызылатын азаматтарға үлестірілді. Биылға 98 құрылыс нысаны жоспарда тұр. Оның 68-і жыл соңына дейін тапсырылады деп отырмыз. Қазір бір нысан толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 29-ы келесі жылға өтеді. Осындай құрылыс саласында атқарылып отырған жұмыстар қала дамуына тың серпін беріп келеді.
– Жас мамандарды мемлекеттік құрылыс саласына тартуда қандай бастамалар қолға алынып отыр? Кадрлық әлеуетті қалай бағалар едіңіз?
– Заман талабына сай білікті кадрсыз даму болмайтыны анық. Сондықтан біз жас мамандарды қолдау мен оқытуға баса мән береміз. Құрылыс басқармасында штатқа сәйкес 34 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жатыр. Әрине, кадрлық ауыс-түйіс болып тұрады, бұл – қалыпты жағдай. Біреулер жоғары қызметке ауысады, кейбірі басқа салаға бет бұрады. Соның арқасында жаңа буынға жол ашылады деген сөз.
Жыл сайын құрылыс саласын таңдаған жас мамандар өндірістік тәжірибеден өтуге келеді. Біз оларды алдымен келісімшарт арқылы жұмысқа қабылдап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береміз. Кейін тиісті конкурстар арқылы мемлекеттік қызметке өткізіледі. Бұл жастардың өзі үшін тәжірибе әрі өздерін сынау алаңы деп қарау керек. Сонымен қатар, оларға заңнамалық тұрғыда кеңес беріп, тестілеуден өтуге көмектесеміз. Жас кадрлардың бойында ұмтылыс, сенім мен патриотизм болса, біз үшін ең басты құндылық сол.
– Өзіңіз мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Құрылыс саласын таңдауға не түрткі болды?
– Менің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолым 2014 жылдың қазан айынан басталды. Осы уақыт ішінде түрлі кезеңдерден өттім. Бас маман болдым, бөлім басшысы, бүгінде басқарма басшысының орынбасарымын. Мемлекеттік қызметтің ең маңызды тұсы – халыққа тікелей қызмет ету. Әрбір нысанның бой көтеруі бір отбасының үйлі болуы, бір баланың білімге жол ашуы, бір адамның мәдени, спорттық не медициналық қызметке қол жеткізуі деген сөз. Тұрғындардың талабын орындап, бір отбасының болса да қуанып, бір адамның жүзінен қуаныш көру – біз үшін үлкен мәртебе. Еңбегіміздің бір бағасы. Қазір қаламызда жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, заманауи мектептер мен әлеуметтік нысандар бәрі де тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сол себепті, дәл осы құрылыс саласы арқылы өңірдің дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесімді қоса аламын деп сенемін. Бұл мен үшін үлкен абырой және жауапкершілік.
Әрине, бұл салада қиындықсыз болмайды. Кейде күн демей, түн демей жұмыс істеуге тура келеді. Ауа райы, техникалық қиындықтар, мерзімдік қысым, бәрі кездесіп отырады. Бірақ, ел игілігі жолында еңбек етуге ниет болса, ештеңе тосқауыл бола алмайды.
– Алда кәсіби мерекелеріңіз келе жатыр. Сіздердің соңдарыңыздан ерген жас буынға қандай тілегіңіз, кеңесіңіз бар?
– Иә, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл күн тек кәсіби мереке ғана емес, елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген әрбір азаматтың еңбегін бағалау күні десек болатын шығар. Себебі, мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқаты дәл осы сала мамандарының кәсібилігі мен адалдығына байланысты.
Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті, жан-жақты білімді, тұрақтылықты, төзімділікті талап етеді. Әрбір қызметшіге артылған сенім ерекше. Қоғам сізден әділеттілік күтеді. Сондықтан, алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқандай «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бұл сөздің салмағы біз үшін өте терең. Сондықтан әріптестеріме айтарым, қандай салада болсын, адал еңбек пен терең білімге сүйену басты қағидаға айналуы тиіс. Мемлекеттік қызметтің мәні шен мен лауазым емес, елге, жұртқа шын ниетпен қызмет ету деп білемін. Күнделікті жұмысқа «елім үшін не істей аламын?» деген сұрақпен кіріссек, нәтиже де, береке де өздігінен келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ