Театр – адам жүрегін тербетіп, жан дүниесін рухтандыратын ұлы құдірет. Себебі, сахна шымылдығы түрілген сәтте күллі әлем үнсіз қалып, өнердің сиқырына бой ұрады. Ән мен би, әуен мен қимыл тоғысқан осы ғажайып мекенде көрермен құдды өткен заманға топ ете түсіп, уақыт тоқтағандай күй кешетіні бар. Иә, сол үшін театр өнерін өмірдің айнасына ұқсатып, өзгеше ғаламға айналатын тылсым әлемге телитініміз рас. Бірақ театрдың мерейі тек сахнадағы өнерпаздармен ғана емес, сахна сыртындағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өзге де еңбек адамдарының еңбегімен өлшенеді.

Театр сахнасына жарық түскенде, зал толы көрермен бір сәтке тынысын ішіне тартып, өнердің сиқырына бойлайды. Мәселен, Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасындағы әуезді әуен, нәзік қимылдар, құдіретті қойылым құдды бір үйлесім тапқан ғажайып әлем дерсің. Әр қойылым сайын шамдар мен дыбыстар үйлесім тауып, көрерменді сиқырлы әлемге жетелейді. Ал қай дәуірде болсын өнер ордасының жүрегі – сахна болса, сол жүректің тынысын тірілтіп, көрінбейтін тетіктерін тиянақты басқарып отыратын жандар бар. Бірақ сол ғажайып сәттің артында көзге көрінбейтін, алайда айрықша маңызы бар бір жанның еңбегі жатқанын екінің бірі біле бермейді. Ол – ұзақ жылдар бойы театрдың техникалық тынысын бақылап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген бас инженер, бүгінде зейнет жасына келген Әди Абибуллаұлы Сарбасов. Жарық пен дыбыс, сахнаның әрбір қозғалысы, көрерменге әсерлі сәт сыйлайтын әрбір техникалық қадам осы бір жанның кәсіби еңбегінің жемісі. Өйткені өнер ошағының тыныс-тіршілігін оның жанқияр еңбегінсіз елестету мүмкін емес.
Әди Абибуллаұлы 1962 жылдың қоңыр күзінде Мақтарал ауданының Жетісай қаласында дүниеге келген. Қазақы қоңыр тіршіліктің ортасында ержетіп, еңбекқорлыққа баулынған ол бала жастан техникаға әуес болып өсті. Әкесінің қолындағы құрал-сайманға қызығып, әрбір бұранда мен тетіктің тілін табуға тырысатын. Үйде бір нәрсе бұзылса, соны жөндеуге талпынып «мұның ішкі сыры қандай екен?» деп үңіліп отырыпты. Балалықтан басталған сол ізденіс пен құштарлық кейін оның өмірлік кәсібіне айналды.
Ол 1969–1979 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы №2 қазақ орта мектебінде білім алады. Мектеп қабырғасында-ақ зеректігімен көзге түсіп, ұстаздарының сеніміне ие болды. Қатарластары ойнап-күліп жүргенде, Әди техникалық үйірмелерге қатысып, радиоқабылдағыш құрастырумен әлек болатын. Мектепті тәмамдаған соң ғылым мен техниканың тереңіне бойлап, алдымен политехникалық институттың инженер-механик факультетін тәмамдады. Кейін Халықтар достығы университетінде радиотехника және телекоммуникация саласында білімін толықтырып, уақыт талабына сай жан-жақты инженер болып қалыптасты.
Еңбек жолы ерте басталды. 1979 жылы, небәрі он жеті жасында Жетісайдағы мәдениет және демалыс паркінде аттракцион меңгерушісі болып қызметке кіріскенде, техникаға деген ынтасы ғана емес, өзіне артылған жауапкершілік жүгінің салмағын сезіне бастады. Кейін аудандық кинопрокатта киномеханик, аға инженер, мәдениет клубының меңгерушісі сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ол жылдары кинотаспаны уақытылы жіберу, техниканы тоқтаусыз іске қосу – үлкен жауапкершілік еді. Әрбір қойылым мен киносеанс үшін бүкіл жүйенің мінсіз жұмыс істеуін осылай қамтамасыз етті.
1992 жылы ол өмірінде жаңа белеске қадам басты. Жандарбеков атындағы музыкалық драма театрына инженер болып орналасып, өнер мен техниканың тоғысқан тұсына біржола бет бұрды. Сахнаның астында жатқан күрделі механизмдер, сахна артындағы жарық пен дыбыстың үйлесімі секілді көзге көрінбейтін міндеттер оның тікелей жауапкершілігіне айналды. Уақыт өте келе тәжірибесі толығып, 2010 жылдан бастап Шымкент қалалық опера және балет театрының бас инженері қызметіне тағайындалды. Бұл Әди Абибуллаұлы үшін сенімнің ең биік шыңы еді. Содан бергі он бес жылдан астам уақытта ол театрдың тыныштығы мен қауіпсіздігін мінсіз қамтамасыз етіп келеді. Қаншама жылдар бойы сахнада жүздеген қойылым қойылып, мыңдаған көрермен залға жиналды. Бірақ сол жылдардың бірде-бірінде еңбек немесе өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған емес. Бұл оның кәсібилігі мен табандылығының айқын дәлелі болса керек. Ол сахнаның әрбір шамын жүрек жылуымен жағып, әрбір дыбысын көңілдің тереңінен естіртті. Қойылымдағы от пен судың, жарық пен көлеңкенің айшықты өрнегін үйлестіріп, өнер иелерінің еркін қанат қағуына жағдай жасады. Көрермендер сахнаның құдіретіне сеніп, қиялдың жаңа бір әлеміне енуіне Әди ағаның көзге көрінбейтін маңдай терінің жемісі еді.
Оның осы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек басқармасы «Үздік еңбекті қорғау инженері» атағын берсе, 2018 жылы облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерейтойлық медаль иеленуі де оның еңбегінің ел алдындағы құрметке айналғанын көрсетке керек.
Расында, театр – тек өнер ғана емес, ол үлкен техника мен заманауи жүйелердің тоғысқан ортасы. Әсіресе соңғы жылдары сахна жаңа технологиялармен жабдықталды. Жарықдиодты шамдар, ЛЭД проекторлар, жиналмалы каркастар қойылымдарға өзгеше серпін берді. Ал олардың бәрі мінсіз жұмыс істеу үшін шебер инженердің тәжірибесі мен білімі қажет. Әди Сарбасов бұл тұрғыдан жас буынға үлгі болып отыр. Ол үшін техника – тек металл мен сымның тоғысы емес, бұл өнердің бір бөлігі, сахнаның жаны іспетті. Сондықтан ол жастарға әрдайым бір ойды аманат етеді. «Қай салада еңбек етсең де, адалдықты ту ет. Заман дамып жатыр, жаңа технологияны меңгеруден қашпа. Қауіпсіздікті сақтай отырып, шығармашылыққа да, техникаға да бірдей бейім болу – болашақ маманға қажет қасиет» деп санайды ол.
Театр ұжымы да Әди ағамызды ерекше құрметтейді екен. Шымкент қалалық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Жасұлан Сейдазимов «Әди ағамыз театр ашылған күннен бастап бір ғана қызметтің тізгінін берік ұстап келеді. Қауіпсіздік бөлімінің басшысы бола жүріп, өнердің құдіретін шынайы түсінетін, көрермен үшін жұмыс істейтін адал жан. Осы жылдар ішінде театрдың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде талмай еңбек етіп, адалдығымен, жауапкершілігімен барша ұжымның сеніміне ие болды. Жұмысында мұқият, ұқыпты, ал адамгершілік тұрғысында біз үшін үлкен өнеге. Әди ағамыз осы өнер ордасының ақылгөй қариясы. Оның бай тәжірибесі мен өмірлік парасаты жастарға бағыт-бағдар болып келеді. Әр сөзі салмақты, әр кеңесі орынды. Біз оның абыройы асқақтап, мәртебесі арта берсін деп тілейміз» деп ағынан жарылды.
Отбасында да әкелік мейірімін, кең жүрегімен шаңырақтың темірқазығы болып отырған асыл жан. Жары Гүлжан Әлиева отбасының қорғаны туралы ақтарыла сөйледі. «Біз шаңырақ көтергенімізге отыз бес жыл болды. Осы жылдар ішінде Әдекем отбасымыздың тірегі, балаларына қамқор әке, немерелеріне мейірімді ата болып келеді. Құдайға шүкір, үш немереміз бар, қыздарымыздан тараған төрт немереміз өсіп келеді. Немерелерінің «супермен ата» деп еркелететіні соның бір дәлелі. Әдекем тек жанұясының алдында ғана емес, ортасында да қадірлі азамат. Жауапкершілігі зор, еңбексүйгіш, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиеті біз үшін мақтаныш. Оның абыройын арттырған да осы адал еңбегі мен отбасына деген шексіз сүйіспеншілігі болып отыр», дейді ол.
Әди Абибуллаұлы – ғұмырын өнердің көрінбес қырын түлетуге арнаған нағыз еңбек адамы. Себебі, әлгінде айтқандай, театр сахнасындағы әрбір жарықтың жануы, әрбір әуеннің әуезді естілуі, әрбір қойылымның мінсіз өтуі де оның көзге көрінбейтін еңбегінің жемісі. Бір сөзбен айтқанда, ол – театр қойылымның көзге көрінбейтін қаһарманы, сахна құпиясының шырақшысы. Осындай жандардың арқасында сахна сиқыры сөнбейді, өнердің құдіреті әлсіремейді. Ал оның өмір жолы жас ұрпаққа адалдық пен еңбекқорлықтың, қарапайымдылық пен жауапкершіліктің айқын үлгісі.
Жадыра МҮСІЛІМ
