Редакция таңдауы

Сахнадағы серпін мен сергелдең

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры XVII театр маусымын қорытындылады. Маусымның жабылуына орай театр сахнасында ағылшын драматургі Рей Кунидің әйгілі «Әзәзіл ақша» комедиясы таңдалды.  Қойылым көрермендерді күлкіге қарық қылып, шым-шытырық оқиғамен ерекше әсер қалдырды.

Қойылым театрдың көркемдік жетекшісі Берік Ербатшаның режиссерлігімен сахналанды. Оның режиссерлік шешімі оқиғаның өрбу динамикасын сақтап, көрермен назарын бір сәтке де әлсіретпей, ширақ ойын өрнегін көрсете білді.

– Шетел драматургиясының рухы мен астарлы ойын жеткізу оңай емес. Біріншіден, оларда талқыланатын тақырыптар басқа, себебі олардың өмір сүру салты мен мәдениеті бізден бөлек. Сондықтан мен қойылымды өз менталитетімізге барынша жақындатуға тырыстым. Қойылымда басты рөлдерде театрдың жетекші әртістері — Рауан Бейсенұлы, Айнұр Жадранова, Сымбат Ахметова және Нәзира Аптеева ойнады. Қойылым сахнадағы актерлердің үздіксіз қозғалысы мен жарқын декорациялар арқылы көрерменді бірден баурап алады. Ол байлықтың да, қиындықтың да уақытша екенін шебер жеткізеді,- дейді режиссер Берік Ербатша.

Оқиға желісі аяқ астынан қолға түскен бір сөмке ақша мен оны иеленуге таласқан кейіпкерлердің шырғалаң өмірін сипаттайды. Комедияға тән элементтер мен күтпеген бұрылыстар көрерменді біресе күлдіріп, біресе толқытты. Әр кейіпкердің әрекеті мен шешімдері адам табиғаты мен қоғамдағы түрлі типтерді астарлы түрде бейнелейді.

Сахнадағы шиеленіс бір сәтте-ақ шынайы күлкі мен қуанышқа ұласып, көрермен залы шаттыққа бөленді. Қойылым соңында зал ұзақ уақыт бойы қол соғып, шығармашылық ұжымға қошемет көрсетті. Бұл — театр өнерінің көрермен жүрегіне жол тапқанының айғағы.

«Әзәзіл ақша» — жай ғана күлкілі оқиға емес, ол өмірдегі күтпеген сәттер, адамның таңдау жасау сәттері мен адалдықтың шынайы бейнесі. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры бұл туындыны кәсіби деңгейде сахналап, шынайы комедиялық шеберлікпен көрерменге ұсынды.

XVII маусым осылайша сәтті қорытындыланды. Ал, театр ұжымы өз көрерменін жаңа маусымда одан да жарқын қойылымдармен қуантады деген сенім зор.

 

Алия ЖАРЫЛҚАСЫНҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық әзіл-сықақ
және сатира
театры әдебиет
бөлімінің
меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар