Редакция таңдауы

САЛАУАТТЫ ҰЛТТЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жергілікті билік пен дене шынықтыру саласының мамандары қалада бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аудара отырып, барша тұрғындардың белсенді қозғалысқа тартылуы үшін спорттық инфрақұрылымды кеңейту мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жобаларды іске асырып келеді. Осы шаралардың нәтижесінде тек кәсіби спортшылар ғана емес, барлық жастағы қала тұрғындары дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл, өз кезегінде, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамның денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам екені талассыз.

Сонымен қатар, мемлекет деңгейінде де дене шынықтыру мен спорт саласын қолдауға бағытталған кешенді саясат жүзеге асырылып жатыр. Бұл саясат халықты бұқаралық спортқа тартудан бастап, кәсіби спортшыларды даярлау, заманауи спорттық нысандар салу және оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты бағыттарды қамтиды. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Шымкент спорты жаңа белестерді бағындыруда, ал, кәсіби спортшыларымыз халықаралық аренада лайықты көрсеткіштер көрсетіп жүр.

Осы орайда, 2025 жыл Шымкент үшін спорт пен салауатты өмір салтының шын мәніндегі жаңа белесі болды деуге толық негіз бар. Бұл жыл қала тарихында тек есеп-қисапқа толы кезекті кезең ретінде емес, бұқаралық спорттың тамыры тереңдеп, кәсіби спорттың бағыты айқындалып, денсаулық мәдениеті күнделікті тұрмыстың бір бөлшегіне айналған уақыт ретінде қалды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Ермек Дәрменовтің айтуынша, өткен жыл мазмұны мен мағынасы жағынан аса бай, оқиғаларға толы болды. Қаладағы спорттық өмір тек кәсіби спортшылармен шектеліп қалған жоқ, керісінше, жасына, кәсібіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, тұрғындардың барлық санатын қамтыды. Республика және халықаралық жарыстарға дайындалып жүрген спортшылар да, ауладағы алаңда жүгіріп жүрген балалар да, таңғы серуенін жаттығумен ұштастырған зейнеткерлер де осы үдерістің белсенді қатысушысына айналды.

Жыл бойы Шымкентте 315 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, соның 293-і қала бюджетінен қаржылай қолдау тапты. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ жергілікті биліктің спортты бір реттік науқан емес, жүйелі саясат ретінде қарастырып отырғанын аңғартады. Қала чемпионаттары мен түрлі жарыстар тек олимпиадалық спорт түрлерімен ғана шектелмей, ұлттық спорт түрлерін де кеңінен қамтыды. Көкпар, қазақ күресі, асық ату секілді төл спортымыздың додалары қала тұрғындары үшін шын мәнінде мерекеге айналды. Мұндай жарыстарда тек жеңімпаздар ғана емес, ұлттық рухтың өзі ұтып шығатыны белгілі.

Ерекше атап өтерлік оқиғалардың бірі – орталық көшелермен өткен «Shymkent Marathony» марафоны болды. Бұл жарысқа дайындық деңгейі мен жас ерекшелігі әртүрлі 1200-ден астам адам қатысты. Арасында жеті жастағы бала да, студент те, еңбек адамы да, зейнет жасындағы ақсақал мен әже де бар. Марафон Абай алаңынан басталып, қаладағы негізгі даңғылдар мен көрікті саябақтарды бойлай өтті. Мәре сызығында жиналған мыңдаған көрермен жүгіріп келген әр қатысушыны қошеметпен қарсы алды. Әуен ойнап, өнер ұжымдары мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл бір ғана спорттық жарыс емес, бүкіл қала болып бір ырғақта тыныстаған үлкен мәдени оқиғаға айналды.

Жастар спорты да назардан тыс қалған жоқ. «БРУСЬЯ FEST» фестиваліне 800-ге жуық жасөспірім мен жас қатысып, воркаут, скейтборд, BMX, паркур секілді заманауи спорт бағыттарында бақ сынасты. Жастар жаңа трюктерін көрсетіп қана қоймай, кәсіби жаттықтырушылар мен тәлімгерлерден шеберлік сабақтарын алды. Ал, «Отбасы күні» атты спорттық мереке 3000-нан астам қала тұрғынын бір алаңға жинады. Бұл күні балалар, ата-аналар, ата-әжелер бір сапта болып, эстафеталарға қатысып, командалық ойындарда бақ сынады. Осындай сәттерде ұрпақтар арасындағы байланыс беки түсіп, «бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөздің мәні айқындала түседі.

Аула спорты да дамудың жаңа тынысын ашты. Футбол, волейбол және үстел ойындары бойынша ұйымдастырылған аула чемпионаттарына 500-ден астам тұрғын қатысты. Олар жарысты арнайы стадиондарда емес, өз үйлерінің маңындағы алаңдарда өткізді. Бұл – спортты халыққа жақындатудың ең тиімді жолдарының бірі. Жазғы спорттық лагерьлерде 400-ге жуық бала жүзу, жүгіру, гимнастика және ойын спорт түрлерімен айналысып, жаңа дағдыларды меңгерді, денсаулықтарын шыңдап, жаңа достар тапты. Ардагер спортшыларға арналған жарыстарға 200-ден астам қатысушы жиналып, тәжірибе алмасып, өткенді еске алып, бүгінгі спорттың тынысымен танысты. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлері арасында өткен салалық спартакиадалар нағыз командалық тартысқа айналып, футбол, баскетбол, волейбол және эстафеталарда әр ұжым намысын қорғады.

Әуесқой футбол лигасы да жыл бойы қарқынды дамыды. Алпыстан астам матч өткізіліп, 400-ден астам ойыншы жасыл алаңға шықты. Әр ойынға 100-ден 500-ге дейін көрермен жиналып, шағын стадиондарда үлкен футболдың атмосферасы орнады. Бұқаралық спорттың мәні тек бұлшық етті шынықтыруда емес, қоғамды ұйыстыруда, адамдарды бір-біріне жақындатуда екені осыдан-ақ көрінеді.

Ермек Дәрменов бұқаралық спорттың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталады. Оның айтуынша, спорт адамдарды салауатты өмір салтына жетелеп қана қоймай, командалық рухты нығайтады, достық қарым-қатынасты қалыптастырады, отбасыларды біріктіреді. Балалар мұндай шараларда жаңа орта тауып, жаңа достармен танысады. Шымкентте спорт қалалық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – тек дене шынықтыру емес, барлық жастағы, түрлі әлеуметтік топтағы адамдарды біріктіретін ортақ мереке. Өткен жылы қала спортты қала дәстүрінің бір бөлшегіне айналдыру жолында сенімді қадам жасады. Әр тұрғынның ашық аспан астында тұрақты түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалды.

Осы бағытта күнделікті дене белсенділігіне ерекше мән берілді. Қаладағы 13 саябақ пен аллеяда күн сайын 31 кәсіби нұсқаушы таңғы жаттығулар өткізді. Бұл жаттығуларға балалар да, жастар да, ересектер мен зейнеткерлер де қатысты. Күн сайынғы бұл көрініс спорттың шымкенттіктер өміріне қаншалықты сіңісті болғанын көрсетіп тұр. Бұл – басқарманың тек шара ұйымдастырып қана қоймай, денсаулық мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырып отырғанының айқын дәлелі.

2025 жылы спорт инфрақұрылымын дамыту қала саясатының басым бағытына айналды. Бүгінде Шымкентте 877 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 589-ы дене шынықтыру-спорт бағытындағы объектілер болса, 253-і білім беру ұйымдарының қарамағында, 35-і мамандандырылған спорт мектептері. Соның 184-і – жеке меншік. Мұндай ауқымды база спортты бұқаралық деңгейде де, кәсіби деңгейде де дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Жыл басында бес жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Олардың ішінде Қаратау ауданында салынып жатқан, аумағы 26,1 гектарды құрайтын жаңа футбол стадионы бар. Ол 2026–2027 жылдары пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Абай ауданындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында және №2 Оқушылар сарайының маңында екі модульді спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Еңбекші ауданындағы Бадам мен Қарабастау елді мекендерінде де осындай екі нысан бой көтеруде. Бұл объектілер спортты әрбір тұрғынға жақындатуға жол ашады.

Бұдан бөлек, тағы үш спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін аяқталуы жоспарланған паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешені, Қаратау ауданындағы «Тұран» шағын ауданында салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Базарқапқа» тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысаны. Бұл жобалар мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдауға да тың серпін береді.

Сонымен қатар, қолданыстағы нысандарды сақтау және жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Мұз сарайы, «Локомотив» стадионы, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты, Шаумян көшесіндегі футбол алаңы жөндеуден өтті. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жасалды. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілер қаражаты есебінен атқарылды. Сондай-ақ, Орталық су спорт кешені де жеке инвестиция арқылы жаңартылды. Қала шетіндегі елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту үшін төрт жер телімі заңдастырылып, ашық спорт алаңдарын салуға берілді. Жеке кәсіпкерлер тағы үш спорт нысанын салуға ниет білдіріп отыр.

Қазір қалада 35 спорт ұйымы жұмыс істейді, олар 65 спорт түрін қамтиды. Бұл ұйымдарда 795 штаттық жаттықтырушы еңбек етіп, 18 283 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Басым бағыт ретінде 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі белгіленген. Мұндай сараланған тәсіл жоғары нәтижелерге жол ашты.

2025 жылдың 11 айында шымкенттік спортшылар республика және халықаралық жарыстарда 2606 жүлделі орынға ие болды. Қазақстан чемпионаттарында 737 алтын, 698 күміс, 750 қола медаль жеңіп алынды. Азия чемпионаттарында – 100 алтын, 74 күміс, 67 қола, ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында – 70 алтын, 57 күміс, 53 қола медаль қоржынға түсті. Осы кезеңде 5 еңбек сіңірген жаттықтырушы, 5 еңбек сіңірген спортшы, 30 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 105 спорт шебері даярланды.

Ұлттық құрама сапында Шымкенттен 1240 спортшы бар. Оның 447-сі – ересектер, 447-сі – юниорлар, 346-сы – жасөспірімдер. Бұл – спортшыны бала кезінен бастап жоғары жетістіктер деңгейіне дейін үздіксіз дайындайтын жүйенің бар екенін көрсетеді. Мұндай жүйе таланттардың жолда қалып қоймауына мүмкіндік береді.

VI жастар спорт ойындарында Шымкент құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. 30 спорт түрінен өткен бұл жарыстарда қала жастарының әлеуеті айқын көрінді. Халықаралық аренада да жетістіктер аз болған жоқ. Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикадан 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль алынды. Туринде өткен Қысқы Универсиадада Темірхан Айбек қола жүлдеге ие болды. Рейн-Рурдегі жазғы Универсиадада таэквондодан 1 алтын, 1 қола медаль еншіленді. Бахрейндегі жасөспірімдер Азия ойындарынд 1 алтын, 5 қола жүлде алынды. Токиода өткен Сурдлимпиадада Пернеш Шадияр алтын, Рсалы Сабыржан қола медаль жеңіп алды.

Осының бәрі 2025 жылдың қорытындысында Шымкенттің спорттық әлеуеті нығайып, қала спортты әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды тетігіне айналдырғанын көрсетеді. Спорт – бүгін Шымкент үшін тек жарыс пен жүлде ғана емес, ұлт саулығының, бірліктің, болашаққа сенімнің символы.

 

Ә.АЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win