Редакция таңдауы

«Салтанат» сахнаның сәнін кіргізді

Шымкент қаласында ұлттық өнерді ұлықтаған тағы бір ауқымды мәдени іс-шара өтті. Жетпіс жылдық тарихы бар «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі мегаполис жұртшылығына ерекше әсер сыйлады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Би керуені» гастрольдік сапары аясында Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында «Салтанат» ансамблінің мерекелік концерті өтті. Бұл кеш ұлттық мәдениет пен руханиятты ұлықтаған нағыз өнер мерекесіне айналды.

Концерт барысында қазақ би өнерінің інжу-маржандарымен қатар орыс, ұйғыр, болгар, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және өзге де этностардың ұлттық билері сахналанды. Бұл көрініс еліміздегі мәдени әртүрлілік пен достықтың, татулықтың айқын символына айналды.

1955 жылы Қазақстан КСР-інің халық әртісі Лидия Чернышеваның жетекшілігімен құрылған «Салтанат» ансамблі бүгінде ұлттық хореографияның алтын қорына енген кәсіби ұжым. Құрамында 60-қа жуық әртісі бар өнер ұжымы гастрольдік сапар кезінде өз құрамының тең жартысымен өнер көрсетті. Соған қарамастан әрбір әртіс бірнеше образда шығып, түрлі би түрін кәсіби деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің арнайы қонақтары – мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, танымал әнші Өмірқұл Айниязов пен мәдениет саласының үздігі, шебер күйші Рахат Сарсенов өнер сүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, кештің көркін аша түсті.
Концерт соңында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев сөз алып, Түркістан облысы атынан келген ұжымға алғысын білдіріп, бұл кешті екі өңір арасындағы рухани-мәдени байланыстың бір көрінісі деп бағалады.

– Түркістан мен Шымкент – тарихи тамыры бір, мәдени мұрасы ортақ өңірлер. Бүгінгі кеш еншісі бөлінбеген екі өңір арасындағы осы сабақтастықтың жарқын айғағын көрсетті. Түркістан облысының әкімдігіне, «Салтанат» ансамблінің өнерпаздарына және барша шығармашылық топқа Шымкент қаласы әкімдігінің және қала тұрғындарының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда қала басшысы ансамбльдің 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ұлттық би өнерін дамыту жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.

– Сан ұлттың биін мың бұрала билеп, қазақтың би өнерін әлемге танытып келе жатқан еңбектеріңіз – ұлт мәдениетінің асыл қазынасы. Ұжымның репертуарында 150-ге жуық би қойылымы бар. Бұл өнер жолындағы табандылықтың, кәсібиліктің және шығармашылық ізденістің нәтижесі. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен шығармашылық табыс тілеймін, – делінген қала әкімінің құттықтауында.

Кеш соңында көрермендер өнер ұжымын ұзақ қол соғумен шығарып салып, ыстық ықыластарын білдірді. Бұл кеш – шын мәнінде елдің рухани өміріне серпін берген ерекше мәдени оқиға болды.

Соңғы жаңалықтар