Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету – қаланың инфрақұрылымдық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Қазір қаладағы 81 елді мекен мен шағын аудан толық электр қуатымен қамтылған. Жалпы, Шымкент қаласында 6 917 шақырым электр желісі, 45 қосалқы станса және 2 434 трансформаторлық жабдық жұмыс істеп тұр.
Қаладағы жоғары кернеулі қосалқы стансалар кезең-кезеңімен жаңғыртылып, электр желілері жаңартылуда. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, тұтынушыларды сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр Шымкентте 8 энергетикалық нысанның құрылысы жүргізіліпті. Жыл қорытындысы бойынша 3 нысанның құрылысы аяқталып, нәтижесінде 14,7 мың адам сапалы электр қуатына қосылуға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен қуаттылығы 36 МВт болатын қосалқы станса іске қосылды.
Биыл құрылыс жұмыстары жалғасатын өтпелі 8 нысан бар. Олар – Ақжар, Бадам, Тұран, Құрсай, Тұран-Қайтпас-1, Сайрам, Ақжайық (көпқабатты үйлерге арналған жүйе). Сонымен қатар, биыл жаңадан бой көтеріп жатқан Қайнарбұлақ, Қызылжар-2 және Азат тұрғын алаптарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында тиісті қаржы бөлініп, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталды.
Қаланың даму жоспарына сәйкес, алдағы жылдары 7 жаңа қосалқы стансаның құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Қазіргі уақытта қаладағы электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2025 жылы 90,5 шақырым электр желісі, 33 трансформатор, 4 қосалқы станса жаңғыртылады. Бұл шаралар тозу деңгейін 56,4 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында қазіргі заманғы технологиялар қолданылып, желілердің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шымкенттің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
А.САЙЛАУҰЛЫ