Шымкент қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы емханаларға тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталғанын хабарлады. Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 1 қыркүйектен бастап 1 қарашаға дейін Қазақстанда халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарына бекіту жөніндегі жыл сайынғы науқан өтуде.
Тіркеу ережелеріне сәйкес осы кезеңде азаматтар бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы таңдайды немесе ауыстыра алады. Осы кезеңде тіркеуге өтініш бергендер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жағдайда келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа емханада медициналық көмек ала алады.
Емханаға Қазақстан азаматтары, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, ерікті немесе есептелген медициналық сақтандыру шарты болған жағдайда ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері емханаға тіркеле алады
Емханаға eGov.kz порталы арқылы немесе таңдалған емханада жеке өтініш беру арқылы тіркелуге болады. Айта кетерлік жағдай, бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады. Төменде емхана таңдау және оған тіркелу бойынша ең өзекті деген сауалдарға мамандардың жауабын ұсынып отырмыз:
Өз емханаңа қайта тіркелу керек пе?
Жоқ. Егер сіз медициналық ұйымды өзгертуді жоспарламасаңыз, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Отбасы және бекіту
МСАК көрсету отбасылық бақылау қағидаттарына негізделген, сондықтан барлық отбасы мүшелерін бір учаскелік дәрігерге бекіту ұсынылады. Бұл медициналық қолдаудың сапасын арттырады.
Тұрғылықты жері бойынша емхананы таңдауға бола ма?
Қадамдық қолжетімділік шегінде (жаяу 15-20 минут) бекіту ұсынылады. Бұл үйде медициналық көмек көрсету үшін маңызды. Жалпы, тіркеуге өз елді мекенінің шегінде рұқсат етіледі.
Тіркеуден бас тарту себептері:
- өтініште дұрыс емес деректер;
- басқа елді мекенде тұру;
- емханада тіркелген пациенттер лимитінің артуы;
- баланы тіркеуге арналған құжаттардың болмауы.
Бір учаскеге тіркелген халық санының нормативтері:
- жалпы практика дәрігері – 1 700 адамға дейін;
- учаскелік терапевт – 2200 ересек адамға дейін;
- учаскелік педиатр – 0-6 жастағы 500 балаға дейін немесе 0-14 жастағы 900 балаға дейін.
Науқаннан тыс емхананы ауыстыруға бола ма?
Иә. Бұл жылына бір рет еркін таңдау құқығымен, сондай-ақ мынадай жағдайда мүмкін:
- тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқуын ауыстыру;
- басқа елді мекенге көшу;
- бұрынғы емхананы тарату немесе қайта ұйымдастыру.
Тіркеу науқанына қанша емхана қатысады ?
Тіркеу науқанына барлығы 694 МСАК нысаны қатысады. Жыл сайын амбулаториялық-емханалық көмек көрсетушілердің саны артып келеді, бұл халыққа қадамдық қолжетімділікте медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.