Редакция таңдауы

Сақтандырылмағандар саны 17,26 пайызға азайған

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістер» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова атқарылған жұмысарды баяндады.

Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артып келеді. А.Ізбасарованың айтуынша, қазіргі таңда қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. Спикердің айтуынша, 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлеп отыр. Алайда, 237 492 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астам азамат әлеуметтік осал топты азаматтар санатында.

МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары МӘМС жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар айында қала бойынша сақтандырылмағандар саны 329 870 тұрғын болған. Сақтандырылмағандар саны 5 айда 56 925 (17,26%) тұрғынға азайып отыр.

2025 жылғы 18 маусымнан бастап үздіксіз жүргізілген жұмыс нәтижесінде 6 434 адам сақтандырылды. Бүгінде аудан әкімдіктері, басқармалар, департаменттер мен емханалар бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуде.

 

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар