ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесті. Бұл кездесу ¬мәдениет пен өнердің өзекті мәселелерін талқылауға, сала қызметкерлерінің ұсыныс-тілектерін тыңдауға және оларды заңнамалық деңгейде қолдау тетіктерін қарастыруға арналған маңызды алаң болды.
Сенат депутаты Айгүл Жарылқасынқызы еліміздің мәдени дамуына үлес қосып жүрген мамандармен ашық сұхбат құрды. Сондай-ақ, атқарылып жатқан заңнамалық бастамалар туралы ашық ақпарат берді.
– Бүгінгі кездесу – салалық мәселелерді ортаға салып, нақты ұсыныстар беруге, әрі оларды заң шығарушы орган – Сенат деңгейіне дейін жеткізуге зор мүмкіндік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген заңдардың бәрі халқымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс сапасын жақсатуға бағытталған. Мәдениет туралы заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Оның ішінде «Мәдениет ұйымдары» және «мәдениет қызметкері» деген түсініктер енгізіліп, нақты анықталды. Бұрын ондай нормалар жоқ болатын. Мәдениет қызметкері деп ауызша айтатынбыз. Енді сол заңмен нақтыланды және құқықтық базаға енгізілді. Өз кезегінде бұл да мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға септігін тигізеді деп есептеймін.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен креативті индустрияны қолдау мақсатында бірқатар нормалар қосылды. Ол көбінесе креативтік жобалар мен өнер мекемелеріне бағытталған қолдау тетіктері деп айтуға болады. Енді театр, музей, мәдени мекемелеріне қатысты нақты нормалар мен талаптар да бар. Мәселен, ішкі ұйымдастырушылық, ішкі басқару, көркемдік кеңестердің ережелерін бекітуге қатысты арнайы талаптар. Енді әрі қарай Мәдениет министрлігі оның нормативтік актілерін белгілейді.
Ескерткіштерге, мәдени дизайн кодына, қаланың мәдени нысандарына байланысты нормалар да бар. Енді мәдени ескерткіштердің мәселесін орналасқан аумағына қарай жергілікті мәслихаттың шешімімен реттеуге болады. Ескерткіштерді сақтау, қою тәртібі, талаптары сынды мәселелер жергілікті мәслихат арқылы шешімін табады, – деді Сенат депутаты.
Халық қалаулысы шешімін таппаған мәселелерді де жасырмады. Жиында күн тәртібінен түспеген театр және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты кітапхана қызметкерлерінің жалақысына қатысты мәселе көтерілді.
Басқосу барысында Шымкент қаласын креативті индустрияландыру туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев пікір білдірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Мәдениет саласының мамандары депутатпен еркін пікірлесіп, ұсыныстарын жеткізді.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ