Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақ халқына сарқылмас рухани қазынасы. Ұлы композитордың музыкасы – сағыныш пен қуаныштың, жастық пен махаббаттың әуені. Оның әрбір нотасында қазақ даласының иісі, жан толғанысы бар. Енді осы рухани қазынаны жастарға насихаттау, таныту, келешек буынға аманаттау – бүгінгі буынға, тұтас қазақ қоғамына парыз.

Халқының кеудесінде мәңгі өшпейтін үн, ешқашан ескірмейтін әуен қалдырған осынау таңғажайып тұлғаның туғанына биыл 95 жыл толды. Осы орайда Қазақ вальсі падишасының мерейтойына арналған «Бақыт құшағында» республикалық фестивалі Шымкенттің аспанын әуезді әуенге бөледі. Қала халқы мен қонақтары Шәмші әндерінің құшағында қалықтап, ұмытылмас кештің куәсі болды.
Мерекелік шара ұлы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Салтанатты жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған зиялы қауым, белгілі өнер майталмандары қатысты.
Фестиваль сахнасында республикаға танымал әншілер — Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Айжан Нұрмағанбетова және жергілікті өнер иелері, оның ішінде Заттыбек Көпбосынұлы Шәмші әндерін әуелете шырқады. Әнші «Дүнген қызы» әуенін бастай бергенде, сахна алды толқып, бүкіл халық орындарынан тұрып, шаттана би биледі.
Бар ғұмырын ән әлеміне арнап, 300-ге жуық туынды қалдырған Шәмшінің «Қазақстаным» әні бүгінде мемлекеттік Әнұранның негізіне айналып, ел мерейін асыруда. Кеш бойы «Арыс жағасында», «Қайықта», «Менің Қазақстаным» секілді туындылар шырқалып, қала тұрғындарын әсем әуеннің сиқырына жетеледі.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
