Қазақ мәдениеті мен өнері саф күйінде сақталған киелі ортаның бірі Шымкент қаласы екеніне талас жоқ. Ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтар сақталған бұл топырақтан күміс көмей әнші де, мың бұралған биші де, дамбыраның шанағынан саз төгілдірген күйші де аз шықпағаны мәлім. Соған жараса шымкенттік көрерменнің қазақ әніне, төл өнерімізге деген іңкәрлығы мен құштарлығы өнерпаздарға шабыт сыйлары анық.

Мынау жаһандану дәуірінде ұлттың өзіне тән бітім-болмысын сақтап қалатын алтын арқау төл мәдениет пен өнеріміз десек, Шымкентте сол өнерді жүйелі түрде дәріптеп, оны халқымыздың ойы мен санасына сіңіру жұмысы жап-жақсы жолға қойылған. Соның жарқын мысалы ретінде апта сайын қаланың саябақтарында өтіп тұратын «Шымқала кештері» атты дәстүрлі өнер кештерін айта аламыз.
Жаз бойы әр демалыс сайын қала тұрғындары саябаққа келіп, тегін концерт тамашалап, мәдени демалып қайтуды дағдыға айналдырған. Бұл жолы да Шымкенттің жібек жел ескен қоңыр кеші әсем сазға толды. «Жеңіс» саябағында өткен «Шымқала кештері» мерекелік концерті қала аспанын әнмен көмкеріп, тұрғындардың жүзін шаттыққа бояды.
“Шымкент концерт” концерттік ұйымының сахнадан төгілген әуездері мен шуақты әуендері Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына арналған құрмет пен ризашылықтың айқын белгісіндей болды.
Бұл өнер керуені тек «Жеңіс» саябағында ғана емес, «Шым сити» саябағы, «Аналар» аллеясы және «Металлургтер» саябағында да қатар өтті. Әр алаң – өз қонағын құшақ жая қарсы алған мейірімді шаңырақтай, әр орында – әуен мен көңілдің бірлігі сезілді. Жаздың қоңыр кешін көркемдей түскен бұл шара қала тұрғындарының жадында әуенге толы айшықты сәт ретінде сақталары анық.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
