Редакция таңдауы

Шен үшін емес, халықтың сенімі үшін қызмет ету керек

Мемлекеттік қызмет – елдің тағдырына тікелей әсер ететін жауапты сала. Ал мемлекеттік қызметкердің кәсібилігі, адамгершілігі мен жауапкершілігі – халықтың билікке деген сенімінің айнасы. Осы орайда, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат ТӘЖІБАЕВПЕН мемлекеттік қызметтің бүгінгі келбеті, жастардың бұл салаға тартылуы және меритократия қағидатының жүзеге асырылуы жөнінде сұхбат құрған едік.

– Марат Абдимажидұлы, білуімізше, Сіз мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидасымен сатылап өсіп, аудан әкімінің орынбасары лауазымына дейін жеттіңіз. Жалпы мемлекеттік қызметке келудегі мақсатыңыз қандай?

– Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекеттік қызметке деген қызығушылығым студенттік кезімнен басталды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім ала жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым, ғылыми жобалармен айналыстым. Университетті үздік дипломмен тәмамдап, магистратурада білімімді жалғастырдым. Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында тәжірибеден өтіп, осында алғашқы еңбек жолымды бастадым. Осы ұжымда жетекші маманнан бастап бас маман, бөлім басшысы, кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне дейін сатылап өстім. Қаратау ауданы құрылғанда да сол жерде әкімнің орынбасары болып қызмет еттім. Бүгінде мемлекеттік қызметте жүргеніме 16 жылдан асты, оның 10 жылдан астамы — тікелей аудан әкімінің орынбасары лауазымында өтті.

Меніңше, мемлекеттік қызмет – мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Елге адал қызмет етуді талап ететін маңызды миссия. Бір сөзбен айтқанда, біздің жұмыс – халық пен биліктің арасын жалғап тұрған алтын көпір. Бұл жолға түскен әрбір азаматтың жүрегінде туған елге деген адалдық, ұлт мүддесіне деген жанашырлық, әділдікке деген берік сенім болуы тиіс. Мен де осы мақсатты орындау үшін бұл салаға келдім.

– Бүгінгі мемлекеттік қызметшінің бейнесі қандай болуы керек деп санайсыз?

– Мемлекеттік қызмет – оңай жол емес. Өйткені, мемлекеттік қызметкер – тек заңның орындалуын бақылаушы ғана емес, сонымен қатар халықтың мұңын тыңдап, мәселесіне жанашыр бола білетін тұлға. Біз мемлекеттік қызметке тек мансап қуған немесе билікке қызыққан адамдардың емес, халықтың аманатын арқалап, елдің ертеңі үшін еңбек етуді мақсат еткен азаматтардың келуін қалаймыз. Себебі бұл қызмет – ардың ісі, ел алдындағы адалдықтың өлшемі. Мемлекетке адал қызмет ету – әрбір қызметкердің басты мұраты болуы қажет. Бұл жолда биікке бастайтын басты құндылықтар – адалдық, жауапкершілік, кәсібилік және халқымыздың сеніміне селкеу түсірмеу.

Сондықтан бұл салада қызмет ету үшін ең алдымен адалдық пен шыдамдылық қажет. Бүгінгі заманның мемлекеттік қызметшісі – заманауи, білімді, әділ, кәсіби әрі халыққа қызмет етуді басты мұрат тұтқан тұлға болуы керек. Сонымен қатар, ел болашағына бейжай қарамайтын, жаңалыққа құштар, жаңа технологияларды енгізуге ынталы жастардың келуі өте маңызды. Мемлекеттік қызметке шынайы ниетпен келмесе, ұзаққа бармайтыны анық.

Кейде тұрғындардың өтінішіне түрлі себептермен дер кезінде жауап бере алмаған жағдайда барлық атқарған адал еңбегің бір сәтте жоққа шығуы мүмкін. Бұл – осы саланың шынайы жүгі. Дегенмен мұндай жағдайлар қызметкердің елге, қоғамға деген сенімін әлсіретпеуі керек. Біз елдің ертеңі өз қолымызда екенін, елімізге өзімізден басқа жанашыр болмайтынын түсінуіміз қажет.

– Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру бағытында Әл-Фараби ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жаңа айтқанымдай, жүгі ауыр жауапты міндет болған соң, оның беделін арттыру үшін біз алдымен өзімізден, өзіміздің ұжымымыздан бастадық. Әкімдік аппаратында меритократия қағидасы негізінде ішкі кадрлық өсу жүйесі қалыптасқан. Іскерлігімен көзге түскен мамандар жетекші маманнан бастап бөлім басшысы, тіпті әкімнің орынбасары лауазымына дейін өсіп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің ынтасын арттыру мақсатында тоқсан сайын сыйақы беру қарастырылған. Қазір аппаратта 44 штаттық бірлік жұмыс істейді. Әр қызметкерге нақты функционалдық міндеттер жүктелген. Мәселен, ауданымызда 926 көпқабатты үй мен 16 633 жеке тұрғын үй бар. Барлығы

234 857 тұрғынға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – біздің негізгі міндетіміз.
Әл-Фараби ауданы – Шымкент қаласының мәдени орталығы. Мұнда ірі сауда орындары, дәмханалар, мейрамханалар, мәдениет мекемелері шоғырланған. Сондай-ақ, студенттер мен туристер көп шоғырланатын аудан болғандықтан, қаланың келбетін көркейту, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру мен тазалықты сақтау – біздің тұрақты жұмысымыздың бір бағыты. Мемлекеттік қызметтің беделі – осы атқарылған нақты істермен өлшенеді.

– Мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасы аудан деңгейінде қалай сақталып отыр?

– Орынды сауал. Мен айтар едім, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері арасында меритократия қағидасы берік орныққан. Яғни, жеке қабілеті мен кәсіби тәжірибесі арқылы көзге түскен мемлекеттік қызметшілердің мансап баспалдағымен бір саты жоғарылауына ерекше назар аударылады. Соңғы төрт жыл ішінде аппаратта 17 қызметкер дәл осы қағидаға сай өз қызметінде өсті. Бұл – ұжым үшін зор жетістік әрі жас қызметкерлер үшін үлкен мотивация көзі.

Меритократиялық жүйенің тиімділігі – адал еңбек пен шынайы кәсіби жетістік әділ бағаланып, лайықты марапатталатын басқару моделінде. Бұл тәсіл әр мемлекеттік қызметшінің жүрегіне сенім ұялатып, өзінің ісіне адалдықпен қарауға ынталандырады.

Айта кету керек, қазір мемлекеттік қызметке қабылдау – ашық конкурс негізінде жүзеге асады. Үміткерлердің кәсіби даярлығы, білім деңгейі, ойлау қабілеті мен іскерлігі басты назарда болады. Адами фактордың ықпалын болдырмас үшін үміткерлер ID нөмірленіп, тестілеу кезеңінде тәуелсіз прокторинг жүйесі қолданылады. Заңнамадағы өзгерістер нәтижесінде тест сұрақтарының саны екі есе азайтылып, үміткерлер үшін кедергі азайды. Осы оңтайландырудың нәтижесінде жастардың мемлекеттік қызметке орналасуы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдеген.

Әл-Фараби ауданында бүгінде жастар тәжірибесімен, қоғамдық жұмыс арқылы, келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген жас мамандар бар. Олар өз әлеуетін көрсете отырып, мемлекеттік қызметке үміткер ретінде қабылданып жатыр. Мәселен, 2021 жылдан бері аудан аппаратына жалпы конкурс арқылы
24 пен 31 жас аралығындағы 22 жас маман қабылданды. Бұл – жастарға берілген нақты мүмкіндік.

– Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Тағы бір айтайын дегенім, бұл қызмет – тек кәсіби дағдылардың ғана емес, сонымен бірге азаматтың елге деген адалдығы мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Сондықтан жас маман мемлекеттік қызметке келген күннен бастап тәжірибе жинақтау үшін арнайы тәлімгерге бекітіледі. Тәлімгер ретінде көбінесе меритократия қағидатымен жоғарылаған тәжірибелі қызметкерлер таңдалады. Олар жас маманға бағыт-бағдар беріп, күнделікті жұмыс дағдыларын меңгеруге көмектеседі.

Сонымен қатар, әрбір жас маманға үш айлық сынақ мерзімі тағайындалады. Бұл кезең – қызметкердің ұжымға бейімделуі мен өз қабілетін толық көрсетуіне берілетін мүмкіндік. Сынақ мерзімі арқылы қызметкердің кәсіби деңгейі, жауапкершілігі және ұжыммен үйлесімді жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер үшін біліктілікті арттыру курстары мен тағылымдамалар ұйымдастырылады. Бұл – олардың кәсіби деңгейін арттырып, өз саласында үздік маман болып қалыптасуына ықпал етеді.

– Дұрыс екен. Ал осы жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қандай шаралар жүзеге асырылып отыр?

– Қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесі заман талабына сай жаңғырып, үздіксіз дамып келеді. Бұл саладағы басты міндеттердің бірі – білімді, бастамашыл, жаңашыл ойлайтын жастарды тарту. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік грантпен оқуын тәмамдаған үздік түлектер аудан мен ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады. Бұл – ауыл-аймақтағы кадр тапшылығын шешудің және жас мамандарды қолдаудың тиімді жолы.

Сондай-ақ, «Е-қызмет» жүйесінің жаңғыртылған порталы іске қосылып, іріктеу процесі ашық әрі ыңғайлы форматқа көшті. Енді үміткер кез келген уақытта, кез келген жерден конкурстық рәсімге қатыса алады. Бұл – мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырып, жастардың белсенділігін ынталандыратын маңызды жаңалық деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар