Редакция таңдауы

Шымкент – елдегі ірі трансплантация орталықтарының бірі

Жуырда Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында кезекті жоғары технологиялық трансплантация сәтті орындалды. Бұл – қалада жасалған 241-ші бүйрек ауыстыру операциясы. Дәрігерлер бұл жолы туған ағасының бүйрегін інісіне трансплантация жолымен салып берді. Науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен есепте тұрып, былтырдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болып келген. Қажет медициналық тексерулер мен рәсімдер толық орындалып, 5 қараша күні туыстық бүйрек ауыстыру операциясы жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, ота сәтті өткен, қазір донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты екен. Ем шаралары бекітілген хаттамаға сай жүргізіліп жатқан көрінеді. Бүйрек трансплантациясы – пациенттің денсаулығын жақсартып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін жоғары технологиялық ем.

Шымкентте бүгінге дейін 241 бүйрек және 33 бауыр алмастыру отасы жасалған. Бұл өңірде трансплантологияның дамып, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жергілікті деңгейде қолжетімді екенін көрсетеді.

 

Көптеген отандасымыз бүйрекке мұқтаж

Медицина саласында ағзалар мен тіндерді ауыстырып қондыру әдісі кеңінен тараған. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы бар. Соңғы кездері адамдарға ағза ауыстыру, мәйіт донорлығы жайлы кеңінен ақпарат таратып, аталған саланың жұмысын жақсарту үшін транспланттауды үйлестіруші мамандарды даярлау қолға алынған.

«Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүниежүзі бойынша тапшылық  туындап тұр. Ал, Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келе жатыр. Статистика деректері бойынша, қазір елімізде 4226 адам күту парағында тұр, оның 106-і бала. Науқастардың 4011-ы бүйрекке мұқтаж, бұл дегеніңіз – 91 пайыз.

Трансплантация саласындағы барлық қызмет біздің елде тегін жасалады. Біз ашықтық, жариялылық қағидаларына сүйене отырып жасаймыз. Мұнда бірақ медицинаның «зияныңды тигізбе» деген принципі бұзылады. Тірі донордың бүйрегін немесе бауырын алу да әзірге сирек жағдай. Айта кететіні, ағза донорлығына ешкім адамдарды арнайы дайындамайды. Қазақстанның азаматы ағзалары немесе тіндері тірі кезінде және қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады. Транспланттау үшін тірі кезіндегі донордан денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тіні ғана алынуы мүмкін. Оны алмас бұрын донорды толықтай медициналық тексеруден өткізеді. Мәселен, бір кісінің бүйрегі ауырып, дәрігерге барды делік. Егер маман ол адамға бүйрек ауыстыру қажеттілігін көрсе, анализ тапсыртады. Сосын анализ қорытындысы бойынша комиссияға бағыттайды. Барлық нәтиже сараптамадан өткізген комиссия адамның ағзасын ауыстыру қажет деген шешімге келгенде ғана науқас өз туыстарының ішінен донор іздей бастайды. Егер, туыстарының ішінен донор табылса, ол толықтай тексеруден өтеді. Ең алдымен,  донор болатын адамның ағзасы жұпсыз жұмыс істей ала ма, жоқ па, соны анықтайды. Осыдан соң тірі донор мен реципиент құжаттары этикалық комиссияға жіберіледі. Комиссия олардың генетикалық байланыстары бар-жоғын анықтайды».

 

Мәйіт донорлығы және ағза ауыстыруға қатысты мифтер

Мәйіт донорлығы Орталық Азия елдеріне кіретін 5 мемлекеттің ішінде тек Қазақстанда бар. Соңғы бір жыл мәйіт донорлығынан бас тартқан қазақстандықтардың саны – 117 мыңнан асқан. Донорлыққа 18 жастан бастап 62 жасқа дейінгі адамдар алынады. «Біздің бірыңғай күту парағымыз бар және ол өте керек дүние. Күту парағы әркімнің кезегі келгенде кіре салатын жер емес, ол үнемі ауысып тұрады. Біреулер шығып жатады, енді біреулердің ағзасына келмей жатады. 2025 жылдың өзінде мәйіттік донор саны – 10 болды. Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Павлодар облыстарының көрсеткіші жоғары. Қоғам мәйіт донорлығын дұрыс қабылдай алмай отыр. Мәйіт донорда – адам миы жұмысын тоқтатады, ал бауыры, бүйрегі, өкпесі мен жүрегі сау болса келесі адамға салуға жарамды болады. Биыл 76 адамның туыстары донорлықтан бас тартты. Медициналық тұрғыдан инфекциялық қаупі бар адамдарды донорлыққа алмаймыз. Әр адам кемі үш, максимум алты жеті адамға жаңа өмір сыйлай алады».

 

Қара нарықтағы адам ағзасы

Адам ағзасын қара нарықтан сатып алу мүлдем негізсіз. Себебі ағза лабораториялық талаптарға сай болуы керек. Тірі донорға науқастың туыстығын, ағзаның сәйкестігін маман -дәрігерлер шешеді. «Адам миы өлгенімен, басқа ағзалары бірнеше сағатқа шыдайды. Жүректе бір аппарат бар, бүйрек, бауырды тоңазытқыш сияқты термоконтейнермен жеткізеді. Ми өлімі диагнозы қойылған соң, жүрек – 5 сағатқа дейін, бауыр – 8 сағатқа дейін, бүйрек – 12 сағатқа дейін жарамды болады. Реципиентті шақыру үшін 4 cағат лабораторияны дайындаймыз. Мидың өлуінен бастап әрбір процесті дәрігерлер қадағалап отырады. Жеке адам донорлыққа келісім бергенімен, қайтыс болғаннан кейін туыстары рұқсат бермесе ағза алынбайды. Тірі кезде мәйіт донорлыққа келісім берсек, ауруханаға түскенде бізге дәрігер қарамай қояды деп жаңсақ ойлайтындар бар. Мәйіт донорлыққа кез келген адамның берген келісімінен біз бейхабармыз. Ол электронды порталдың өзінде жабық тұрады, ақпаратты тек үш трансплант координаторлар ғана біледі. Тірі адамның мәйіт донорлығына келісім беріп, бермегенін ешкім қарай алмайды. ҚР денсаулық сақтау кодексінің 209-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес трансплантация мақсатында адам ағзаларын және тіндерін сатып алу/сатуға тыйым салынады. «Ағзаларды қымбатқа сатады» деу де негізсіз. Қылмыстық кодекстің 116, 128, 135, 315-бабы бойынша трансплантацияны заңсыз жүзеге асыру заңмен қатаң қудаланады».

 

Келісім презумпциясы жасалмаса…

ТМД елдерінің ішінде Беларусьте ғана мәйіт донорлығы дамыған. Бұл елде нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің дене мүшелерін медициналық мақсатта пайдалана береді. Ал, Қазақстанда келісім презумпциясы деген ұғым бар.

«Марқұм болған адамның ағзаларын алуға қатысты елімізде «келісім презумпциясы» деген ұғым бар. Адам қайтыс болардан бұрын ішкі ағзаларын донорлыққа алуға қарсы екенін жазып қалдырмаса, ол келісті деп есептеледі. Туыстарына ойлануға алты сағат беріледі, егер осы уақыт аралығында жауап берілмесе онда ағзаны алуға болады. Көп жағдайда марқұмның туыстары бас тартады. Келісім презумпциясын адам тірі кезінде берсе, туыстарының рұқсат беруіне қатысты талапты алып тастаған дұрыс. Себебі адам өзі келісім берді, туыстары діни көзқарасқа, сауаттылықтың болмауына байланысты көп жағдайда бас тартып жатады. Бірақ күні ертең сіздің немесе сіздің жақыныңыздың донорға мұқтаж болуы әбден мүмкін. «Маған қатысы жоқ дүниеге басым ауырмайды» деген немқұрайлықтан қаншама науқас балалар кезегі жетпей көз жұмып жатыр. Мәйітханада адам ағзаларын органға алады деген ақпарат та мүлдем шындыққа жанаспайды. Кейде ағза донорлығына рұқсат берген кісілердікі де жарамай жататын сәттер жиі кездеседі. Қазақстанда «қара» трансплантологтарға орын да жоқ. Себебі бізде адам ағзасын ауыстыратын маман санаулы ғана. Ағза донорлығына күту парағындағы тізімді жылжыту да мүмкін емес. Себебі адам ағзасы және тіні кімге қалай келетінін компьютер өзі анықтап шығарады. Сәйкес келмесе, адам ағзасы бөтен ағзаны қабылдамай, лақтырып тастайды. Компьютерге науқастың әлеуметтік жағдайы, қызметі еш маңызды емес»,

Қалдыбай ТЕЗЕКБАЕВ,
Транспланттауды және жоғары технологиялық
медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі
республикалық орталықтың Шымкент
қаласы бойынша өңірлік үйлестірушісі

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win