Редакция таңдауы

Шымкент медицинасына жоғары баға берді

Шымкент қаласына еліміздің денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен келіп, қалалық №6 емханадағы «Даму және ерте араласу» орталығының ашылуына қатысты.

Емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева орталықтың жұмысын толыққанды таныстырып, оның құрылымы, мамандардың міндеттері туралы айтты. Ана мен бала денсаулығын бақылау арқылы өлім-жітімді азайту бағытында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Орталықтың құрамына аймақтық дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және басқа да бейінді мамандар кіреді.

Сондай-ақ, Т.Сұлтанғазиев қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасындағы ситуациялық орталыққа да барды. Денсаулық сақтау саласындағы жедел жағдайларды басқаруға арналған бұл орталықтың мақсаты — денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру және төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдау.

Сонымен қатар жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған симуляциялық орталық та осы мекеме ішінде орналасқан. Орталықта түрлі жағдайға арналған 100 муляж бар. Бұл муляждарды қолдана отырып, ересектер мен балаларда кездесетін түрлі жарақаттан бастап, шұғыл босануға дейінгі жағдайда алғашқы көмек көрсету әдістері үйретіледі. Орталық мамандары шетелдерде білімін жетілдіріп, біліктілік арттырып келген. Бұл орталықтың мақсаты — жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Тимур Сламжанұлы осы орталықтар қызметін жоғары бағалап, өзінің оңды пікірін білдірді.

– Жалпы, Шымкент қаласында денсаулық сақтау жүйесінде жақсы көрсеткіштер байқалып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 2023 жылмен салыстырғанда 0,9 жылға ұлғайып, 77,22 жылға жетті. Жалпы өлім көрсеткіші 9 пайызға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 2,4 пайызға, туберкулезден 77 пайызға, жарақаттан 13 пайызға төмендеді. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында ана өлімі тіркелген жоқ, – деді вице-министр.

С.ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар