Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтындай жол ізде» деген аталы сөз бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінде, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өткізген брифингте қаланың денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар таразыланды.
Алға озып айтайық, «төрт құбыласы түгел, төрт аяғымен тең басып, бәйге басын бермей тұр» деп жауырды жаба тоқымайық. Бірақ, денсаулық саласында алға жақсы ілгерушілік бар. Бұрын жұрт бауыр, бүйрек және жүрекке ота жасату үшін шетелге шығуға немесе Алматы, Астанаға баруға тырысатын. Ал, сол шетелдің белді клиникаларында алды 100 мың долларлық оталар бүгінде Шымкенттің медицина орталықтарында тегін жасалып жатыр. Әрі сапалы, кәсіби тұрғыда.
Брифингте айтылған мағлұматтарға талдау жасайық: Шымкент қаласы тұрғындарына 2025 жылы амбулаториялық-емханалық деңгейде 60 мекеме медициналық көмек көрсетіп жатыр, оның ішінде 14 мемлекеттік емханаға 607 мың адам және 46 жеке емханаларға 639 мың адам тіркелген.
Қала тұрғындарына қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2022-2024 жылдары аралығында 14 емхана ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 20 мыңға азайыпты. Сонымен қатар, 2024 жылы стационарлық деңгейде 44 медициналық ұйым (4 894 төсек-орын), оның ішінде 15 мемлекеттік аурухана (3 753 төсек-орын) және 29 жеке медициналық ұйым (1 141 төсек-орын) көмек көрсеткен. Ауруханалардағы төсек-орын саны 2023 жылы 4 393-тен 2025 жылы 4 894 төсек-орынға көбейді, яғни өсім 10 пайызды құрады.
Брифингте Сәрсен Абайұлы «Әлеуметтік әмиян» жобасының тиімділігіне тоқталды. Аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қолға алынған. Мектепте балалары ыстық қаумет іше алады. Мектеп формасымен киіндіру және дәрі-дәрмекпен қамтуда орасан жеңілдіктер бар. Бәрі бір жүйеге тоғыстырылған.
Бақтияр ТАЙЖАН