Редакция таңдауы

Шымкент: мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау көлемі артты

Әлеуметтік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, қоғамның әлсіз топтарына көрсетілетін нақты қолдаумен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға арналған қызметтерді қолжетімді әрі ашық ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір айғағы – әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет алуды жеңілдететін Aleumet жүйесі-нің іске қосылуы.

Аталған жүйе арқылы мүгедектігі бар азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, өздеріне қажетті оңалту құралдары мен қызметтерге онлайн түрде тапсырыс бере алады. Бұл – қағазбастылықты азайтып, қызмет алудағы уақыт пен адами факторды қысқартуға бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 42 919 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар саны – 4 977, екінші топта – 15 455, үшінші топта – 14 015 адам.

Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балалар саны 8 472-ге жетіп отыр. Бұл көрсеткіштер қалалық әлеуметтік саясаттың ауқымы кең екенін аңғартады.

2025 жылы мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 53 379 өтінім қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылғы 43 640 өтініммен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық көмек құралдары бойынша 10 632 өтінім қабылданып, оның 83,6 пайызы орындалған. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға қатысты 29 068 өтінім тіркеліп, 88,9 пайызы қамтамасыз етілді. Ал мүгедектігі бар азаматтарға арналған қоларбалар бойынша өтінімдердің 93,8 пайызы орындалды.

Сонымен қатар жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметіне мұқтаж 3 134 азаматтың 3 106-сы қажетті қолдаумен қамтылды.

Шипажай-курорттық емделуге жолдама алу үшін 15 361 өтінім қабылданып, оның 13 970-і қанағаттандырылды. Бұл оңалту қызметтеріне деген сұраныстың жоғары екенін әрі олардың нақты іске асырылып жатқанын көрсетеді.

Қалада мүгедектігі бар азаматтардың қозғалысын жеңілдету мақсатында арнайы жабдықталған инватакси қызметі де дамып келеді. Қазіргі таңда 38 инватакси көлігі тұрақты түрде қызмет көрсетуде.

Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық цифрлық қолтаңбаны тиімді пайдалану үшін басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған.

Жалпы алғанда, көрсеткіштердің артуы мен қызмет сапасының жақсаруы Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды қолдау формалды шаралармен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі саясатқа айналғанын аңғартады.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win