Редакция таңдауы

Шымкент орталық азияның ірі гастрономиялық орталығына айналмақ

Ұлттық тағамдар — ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ халқы дастарханды ерекше қадірлеп, оған қасиетті орын ретінде қараған. Әрқашан дастарханның кең әрі мол болуын қалаған. «Дастарханың кең болсын, пейілің соған тең болсын» деген мақал — халқымыздың қонақжай дәстүрінің бейнесі.

Шымкентте өткен «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов осылай деді.

– Шымкент қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль биыл барша мұсылман қауымына ортақ мереке — Ораза Айтымен тұспа-тұс келіп отыр. Осының өзі жақсылықтың белгісі деп ойлаймын. Шымкент — әрқашан қонақжай халқы және берекелі дастарханымен танылған қала. Біз «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі арқылы еліміздің үшінші мегаполисін Орта Азияның ірі гастрономиялық орталығы ретінде танытуды көздеп отырмыз. Іс шара барысында қаламыздың ұлттық мәдениетін көрсетіп, дәстүрлі тағамдарымызды ұсынамыз. Бұл ретте Шымкенттің гастрономиялық ерекшеліктерін көрсетіп қана қоймай, қаламыздың кәсіпкерлеріне де қолдау білдіреміз, – деді ол.

Иә, 2022 және 2023 жылдары үлкен табысқа жеткен «ДәмДәсTour» фестивалі биыл да өз жалғасын тауып, қалада гастрономиялық мереке ретінде өтті. Фестивальге 50-ден астам тамақтандыру орны қатысып, өздерінің дәмді әрі ерекше тағамдарын ұсынды. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, аспаздардың тағамдарымен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысты.

Бұл фестивалдің басты жаңалығы салмағы 24 келі шығатын тандыр самсаның дайындалуы. Бұл еліміздегі алғаш рет жасалған ең үлкен самса. Бұл туралы Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы айтты.

– Бұрын-соңды болмаған рекорд орнатылып жатыр. Алып самсаны пісірген Шымкент – гастрономияның астанасы екенін тағы бір дәлелдеп отыр, – дейді ол.

Ал, алып самсаны әзірлеген – «Камал ата» асүйінің бас аспазы Немат Нархожаев. Бұл тағамды әзірлеу үшін 2 апта дайындалғанын және оңай болмағанын айтады.

– Құрамы және пісіру тәртібін еш өзгерткеніміз жоқ. Тек көлемін ұлғайттық. Қиын болғанын жасырмаймын. Алғашында үй жағдайында 17 келі самса әзірледік. Өте сәтті шықты. Ал, көпшілікке ұсынған тандыр самса 24 келі шықты, – дейді бас аспаз.

Фестивальде тек тағам ғана емес, сонымен қатар ерекше мотоспорттық шаралар да өтті. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа қалалардан мотобайкерлер Шымкентке арнайы келіп, өздерінің ерекше мотошеруін және мотошоуын ұйымдастырды. Бұл шараға 100-ден астам мотобайкер қатысып, қала көшелерімен өздерінің мотоциклдерімен сәнді шеру жасады. Жиын барысында қала тұрғындары мен қонақтары, эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал жиын соңында болған кәсіби отшашу мен алау көрінісі қала тұрғындарына әсерлі сәттер сыйлады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар