Редакция таңдауы

Шымкент – отандық фармацевтиканың ірі орталығы

Шымкент қаласының өндірістік алаңыда Polpharma Santo компаниясының жаңа бренді салтанатты түрде таныстырылды. Сонымен қатар, өндірістік үдерістердің халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайтын Еуропалық Одақтың GMP сертификаты жұртшылық назарына ұсынылды. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ, Polpharma тобының иесі және бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак қатысты.

Жуырда Ежи Старак ҚР Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысып, Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Үкімет өкілдерімен кездесулер өткізген болатын.

Кездесулер барысында Қазақстан мен Polpharma тобы арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттары талқыланды. Келіссөздер барысында фармацевтикалық қауіпсіздікті ұлттық егемендіктің маңызды тірегі ретінде күшейту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, онкологиялық, диабеттік және жүрек-қантамыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмектерді жергілікті деңгейде өндіруге бағытталған 60 миллион еуродан астам көлемдегі стратегиялық инвестициялық келісімді дайындау, импортқа тәуелділікті азайту және жаһандық сын-қатерлер мен жеткізу тізбегіндегі үзілістер жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғалды.

Сонымен қатар, Қазақстанды аймақтық фармацевтикалық хаб ретінде дамыту, Еуропалық Одақ, ЕАЭО және өзге де нарықтарға экспортты кеңейту, елімізді технология трансфері мен фармацевтикалық әріптестік үшін платформа ретінде ілгерілету мәселелері де назарға алынды. Бұған қоса, EU GMP сертификаттарын алу үшін халықаралық аудиттерден өту және ұлттық ғылыми-инновациялық әлеуетті дамыту бағыттары да күн тәртібінде талқыланды.

Осы мақсатта Polpharma Santo өндірісінде 20 миллион еуро инвестиция тартылған Инновация және сапа орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, университеттерді, клиникаларды және салалық сарапшыларды тарту арқылы Қазақстанда ҒЗТКЖ (R&D) экожүйесін қалыптастыру жұмыстары басталды.

– Polpharma Santo – Қазақстандағы ең ірі дәрі өндірушілердің бірі. Елімізде қолданылатын дәрілердің әрбір бесінші пакеті Шымкенттегі зауытта шығарылады. Бүгін осы зауытта маңызды себеппен кездесіп отырмыз. Құны 20 миллион доллар тұратын Инновация және сапа орталығы іске қосып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 130 миллион АҚШ долларынан асты. Polpharma Group Орталық және Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда ұсынылған Польшадағы фармацевтикалық нарықтың көшбасшысы. Зауытқа бұдан да жоғары табыстар тілейміз, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы.

Polpharma Group басқарма төрағасы Ежи Старак компанияның жаңа брендіне тоқталды. «ЕО GMP сертификатын алу және Polpharma Santo брендін іске қосу компанияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы бүкіл фармацевтикалық индустрияның дамуының маңызды кезеңі. Жаңа бренд – біз ұстанатын ең жоғары сапа стандарттарының көрінісі. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмектер Еуропалық Одақтағы өнімдер сияқты талаптарға сай келеді», – деді ол.

Polpharma 5600-ден астам қызметкерді біріктіретін және 500-ден астам дәрі-дәрмек ұсынатын 20 үздік әлемдік генерик өндірушілердің қатарына кіреді. Портфолио 12 терапевтік бағытты қамтитын 280-ден астам дәрілік заттарды қамтиды. Соңғы 14 жыл ішінде компания өндірістік желілерді кешенді жаңғыртудан өтті.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар