Редакция таңдауы

Шымкент – Қазақстан Фармацевтикасының Тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті», – деген болатын. Әрине, Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемді әбігерге салған індет отандық фармацевтика өндірісінің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Бұл саладағы серпінді қадамдар қоғам денсаулығы үшін ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласы бүгінде Қазақстанның фармацевтикалық орталығы саналады.

Шаһарда дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық өндіру ісінде тың серпіліс бар. Жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізіп отырған ірі кәсіпорындар қатарында дәрі-дәрмек шығаратын «ХимФарм» АҚ, медициналық жабдықтар жасайтын «ҚазМедПрибор» ЖШС, сондай-ақ диабетке қарсы қолданылатын инелер мен шприцтерді өндіретін «GREEN CROSS ECO» компаниясы бар. Фармацевтика өндірісінің бүгінгі қарқыны, жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы толыққанды мәліметті Шымкенттегі осы кәсіпорындардың жұмысынан көруге болады.

Өңдеу өнеркәсібі саласында 2025 жылы 63,8 млрд теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 20 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалардың ішінде қазіргі уақытта 46,5 млрд теңгені құрайтын 867 жаңа жұмыс орнын құрумен 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Қалған 11 инвестициялық жоба іске асырылу сатысында. Бұл туралы Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мәлімдеді. Міне осы жобалардың арасында фармацевтика секторына қатысты жобалар да бар.

Биыл қыркүйек айында «Тассай» индустриялық аймағында «AnDa Company» ЖШС-інің биофармацевтикалық зауыты  іске қосылды. Инвестиция құны – 1,8 млрд теңге. Кәсіпорында 35 жаңа жұмыс орны құрылды. Дәл осы  «Тассай» индустриалды аймағында ашылған диабетке қарсы науқастарға арналған шприц пен ине шығаратын шағын зауыт бүгінде тұрақты түрде өз жұмысын  істеп келеді. Инсулин инелерін шығаратын «GREEN CROSS ECO» ЖШС-і 2020 жылы «Тассай» индустриалды аймағында құрылды. Бұған дейін қант диабеті бар азаматтарға қажетті инсулин шприцтері мен инелері шетелден иммпортталатын еді. 2020 жылдан бастап шетелден иммпортталатын өнімнің орнын отандық компания шығаратын өнім алмастырып отыр.

Айта кетейік, «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 мың диагностикалық жиынтығын өндіре алады. Әзірге жұмыс істеп тұрған өндірістік алаңның аумағы – 2000 шаршы метр екен. Өндірістік қуаты жылына 60,5 млн. медициналық өнім шығарады. Оның ішінде: Инсулин инелері (7 түр) – 60 млн. дана. Диагностикалық иммуноферменттік талдау жинақтары клиникалық-диагностикалық зертханалар үшін (47 түр) – 500 000 жинақ. Бұл серіктестік «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша бұл компанияның Қазақстан нарығындағы фармацевтика саласындағы үлесі 90 пайыздан астатын көрінеді.

– 2024 жылы  «GREEN CROSS ECO» ЖШС-і 36 млн. дана LANA FINE инсулиндік инелерін өндірді. 2025 жылы  бұл көрсеткішті 40 млн. данаға жеткізуді жоспарлап отыр. 32 атау бойынша диагностикалық иммуноферменттік талдау жинақтары тіркеліп, өндіріске дайын. Компанияда халықаралық ISO 13485 стандарттарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі бар, – дейді Өнеркәсіп, экспорт және индустриалды аймақтарды дамыту бөлімінің бас маманы Жанар Құлданбаева.

Инновациялық технологиялар негізінде жұмыс істейтін осындай кәсіпорындардың көбеюі Шымкентте біліктілігі жоғары мамандар шоғырының қалыптасуына әсер етеді. Қазіргі таңда зауытта істейтін 100 –ден аса маман шетелдік тәжірбиелерге сүйеніп өз біліктілігін арттыруда.

Инвестицияның  жалпы көлемі 32 млн АҚШ долларын құрайды

Елімізде дайын дәрілік препараттарды өндіретін жалғыз химия-фармацевтикалық зауыт – «Химфарм» акционерлік қоғамына тиесілі. Ол – өз өнімдерін Еуропаға экспорттайтын еліміздегі жетекші фармацевтикалық кәсіпорын.  Іргетасы 1882 жылы қаланған зауыт халықаралық дәрежедегі SANTO сауда белгісімен дайын дәрілік препараттарды шығарады. Өткен жылдың 11 айында өнім көлемі 41,2 млрд теңгеге жетті. Яғни, компанияның фармацевтика саласындағы үлесі мегаполисте 98 пайыз, ал, республикада 31,5 пайызды құрады. Қазіргі таңда өнімнің 200 түрін шығаратын кәсіпорында 1240-тан аса адам жұмыспен қамтылған. Химия-фармацевтикалық зауыт 17 гектар аумақты алып жатыр.

Кәсіпорын 2011 жылы «Polpharma» еуропалық фармацевтикалық тобына еніп, заманауи үлгідегі өндірісті-стратегиялық жобаларды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. «Polpharma» халықаралық тобы әлемдегі ең ірі жиырма компанияның қатарына кіреді. Ол 230 түрлі өнім өндіреді. Терапияның әртүрлі саласындағы барлық фармакологиялық топта 750-ден астам препараты бар. Сондай-ақ, Рolpharma santo компаниясы – Қазақстандағы жетекші фармацевтикалық компания. Компанияның негізгі Шымкентте орналасқан, ал, Қырғызстан мен Өзбекстанда өкілдіктері бар. Santo — 130 миллион доллардан астам инвестиция салған фармацевтикадағы ең ірі инвестор.

«Химфарм» АҚ «Госпиталдық бизнес және мемлекеттік органдармен байланыс» департаментінің директоры Айгүл Исенова өндіріс орны 6 GMP сертификатын алды, Еуразиялық экономикалық одақ аясында GMP және Еуропалық GMP EU алған алғашқы отандық өндіруші екенін айтты.

– Дәрілік заттардың фармацевтикалық дамуымен айналысатын өзінің жоғары жабдықталған ғылыми-зерттеу және сынақ орталығы (R&D) бар. 2022-2026 жылдарға жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 32 млн АҚШ долларын құрайды. Өндіріс қуаттылығы – 1,5 млрд таблетка және капсулалар, 200 млн – ампула инъекциялық ерітінділер, 2,7 – млн полиэтилен бөтелкелердегі инфузиялық ерітінділер, 7 млн бөтелке  – стерильді емес ерітінділер мен сироптар, 45 млн бөтелке –  цефалоспорин антибиотиктері және 15 млн бөтелке – пенемацинге қарсы препараттар шығарылуда,-дейді Айгүл Исенова.

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2010 жылдан бастап «Химфарм» АҚ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) амбулаториялық және стационарлық деңгейлерге дәрілік заттарды өндірумен және жеткізумен айналысып келеді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Химфарм» АҚ мен Бірыңғай дистрибьютор («СК-Фармация» ЖШС) арасында  ұзақ мерзімді сегіз келісімшарт жасалған. Дәл осы келісімшарт аясында 89 дәрі-дәрмек түрі жеткізілуде.

«Химфарм» АҚ Қазақстан Республикасында экспорттық әлеуеті бар 100-ден астам заманауи және жоғары технологиялық фармацевтикалық препараттарды шығаруға мүмкіндік беретін инвестициялық келісім жасасуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 32,5 млрд.тенге инвестиция жоспарланған. Жоспарланған инвестицияның негізгі мақсаты – нарық пен тұтынушылық қажеттіліктеріне назар аудару. Сонымен қатар, «Химфарм» АҚ зауытының әлеуетінің кеңеюіне және жаңа өнімдерді игеруге арналған заманауи өндірістік және зертханалық қондырғылары бар жаңа ғимарат салу. Бұл алдағы уақытта жүзеге асыралатын бірден бір ауқымды жобаларды бірі болмақ.

«Елімізде азаматтардың емделуіне арналған дәрілік заттардың, отандық өнімнің үлесін ұлғайту – басты мақсатымыз» дейді компания мамандары. Жергілікті өндірісті дамытудың басым бағыттары ретінде ел ішінде көп кездесетін, дегенмен, әлі күнге дейін емі табылмаған дерттерге назар аударылған. Мәселен, туберкулез, созылмалы вирусты С гепатиті және бауыр циррозы,  қатерлі ісіктер, қант диабеті, психикалық бұзылулар, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары, орфандық аурулар, жүрек-тамыр аурулары. Енді аталған дертке шипа болатын дәрілік өнімді алдағы 10 жыл ішінде «Химфарм» АҚ нарыққа шығарады.

Осылайша, Шымкенттегі фармацевтикалық кәсіпорындар елдің денсаулық сақтау жүйесін қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де артады. «GREEN CROSS ECO» диагностикалық өнімдер саласында көш бастап тұрса, SANTO Polpharma тобы жаңа технология мен инвестицияның жетекшісі ретінде танылып отыр. Екі компания да Қазақстанның фармацевтикалық тәуелсіздігін нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

 

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win