Шымкент экономикалық өсім қарқыны бойынша республикада екінші орынға шықты. Экономикалық өсім – қаланың бүгінгі әлеуетін ғана емес, ертеңгі даму бағытын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Әсіресе өндіріс пен өңдеу өнеркәсібі дамыған өңірлерде экономиканың орнықтылығы артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджет кірісі ұлғаяды. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласының соңғы жылдардағы даму серпіні ел көлемінде айрықша назар аударуға лайық.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 16,7 пайызды құрап, республика өңірлері арасында екінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш мегаполистің экономикалық құрылымында нақты сектордың, әсіресе өңдеу өнеркәсібінің салмағы артып келе жатқанын аңғартады.
Өткен жылы қалада өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 66,1 млрд теңгені құрайтын 20 өндірістік жоба іске қосылды. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, еңбек нарығына тұрақты серпін берілді. Бұл – бір жағынан әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етсе, екінші жағынан қаланың өндірістік әлеуетін күшейтетін маңызды фактор.
Іске қосылған жобалардың ішінде ірі өндірістер ерекше орын алады. Солардың бірі – QazAlpack компаниясының алюминий құтыларын өндіру жобасының екінші кезеңі. Құны 30 млрд теңгені құрайтын бұл өндіріс жылына 2,2 млрд дана алюминий құтысын шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 112 тұрақты жұмыс орны ашылып, қаладағы тамақ және сусын өнеркәсібіне қызмет көрсететін маңызды инфрақұрылым қалыптасты.
Сонымен қатар құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған Sauran Bricks компаниясының жобасы да айрықша мәнге ие. Құны 7,8 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон зауыты жылына 300 мың текше метр өнім өндіреді. Бұл кәсіпорын шамамен 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдегі құрылыс нарығын отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашты.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,3 пайызға өсіп, 1 528,8 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қала экономикасының тек сауда мен қызмет көрсетуге емес, нақты өндіріс пен қосылған құны жоғары өнімге бет бұрғанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай өндірістік жобалардың жүйелі түрде іске асуы Шымкенттің алдағы жылдары да экономикалық өсім бойынша көшбасшы өңірлер қатарынан көрінуіне берік негіз қалайды.
