Шымкент қаласы 2025 жылдың алғашқы төрт айында әлеуметтік-экономикалық даму бойынша қарқынды өсім көрсетіп, республикада өңірлер арасында көш бастап келе жатқан қалалардың біріне айналды. Нақты айтар болсақ, қала экономикасының қысқа мерзімді өсімі 19,4 пайызды құрап, бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республика өңірлері арасында үздік үштікке еніп отыр.
Мәселен, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 430,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4 пайызға артты. Бұл өсімнің негізін қалаған өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерілеулер болды. Айталық, мұнай өнімдері өндірісі 50,2 пайызға, тамақ өнімдері 26,9 пайызға, химия өнеркәсібі 60,2 пайызға және металлургия 27,8 пайызға өсті.
Қаладағы индустриялық аймақтарда да жақсы нәтижелер бар. 1 276 гектар өндірістік алаңда орналасқан 7 аймақта 338 млрд теңгеге 305 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 9 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бұйыртса, биыл өңдеу өнеркәсібінде қосымша 1 200-ден астам жұмыс орнын құрумен 62,9 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылмақ. Соның ішінде алюминий қалбыр өндіретін QazAlpack ЖШС өндірісі іске қосылып, 112 адам жұмыспен қамтылды деп күтілуде.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 15,3 млрд теңгені құрап, 3,1 пайызға артты. Бұл өсім, негізінен, мал шаруашылығының 3,8 пайызға өсуімен байланысты. Салада сүт өндірісі 13,7 пайызға, жұмыртқа өндірісі 22,3 пайызға артты. Сонымен қатар, «НМИ-Юг» ЖШС қуаттылығы 90 мың тонналық қойманы іске қосып, 60 адамды жұмыспен қамтыды.
Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында қаланың жеті жерінде апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері нарықтан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылуда.
Бүгінде қалада белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілердің саны соңғы 5 жылда екі есеге артып, қазіргі таңда 138,7 мыңнан асты. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 52,6 пайызға жетіп отыр. Инвестиция көлемі 233 млрд теңгеге жетіп, 54 пайызға артты. Оның 70 пайызы жеке инвестицияға тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республикадағы алғашқы бестікке енді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,5 пайызға өсіп, 49,7 млрд теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 70,2 пайызға өсіп, 323,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіштің былтырмен салыстырғанда 32,5 пайызға артық екенін де айта кетейік.
Қаланың сауда көлемі 786,4 млрд теңгені құрап, бұл салада 19,8 пайызға өсім байқалды. Оның ішінде бөлшек сауда 311,5 млрд теңгені, көтерме сауда 472,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштерде Шымкент қаласы республикада алғашқы бестікке енді.
Жыл басынан бері 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. 5 245 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1 301 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қорыта келгенде, Шымкент қаласының 2025 жылдың алғашқы 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаланың тұрақты даму жолында келе жатқанын көрсетеді. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң өсім қалыптасып, өндіріс, инвестиция, құрылыс және жұмыспен қамту салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл, әрине, өз кезегінде қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететін негізгі қадам.
Дилара БИМЕНОВА