Бұлай деуіміз бекер емес. Қалада соңғы жылдары халықаралық бәсекелер, Азия және әлем чемпионаттары жоғары деңгейде өтуде. Жаңа атшабар, жеңіл атлетика манежі, спорт мектептерінің базаларында қала тұрғындары мен қонақтары қанды қыздырар бәсекелерді тамашалады. Бұқаралық спортты дамытуда бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Қазір жылдың ортасына да жеттік. Өткенге бір шолу жасап көрсек.
Әлем және Азия чемпионаттары сеніп тапсырылды
Өткен жылы қаладағы жаңа ипподромда «Теңге ілу» ұлттық спорт түрінен II Азия Кубогы бәсекесі өткен еді. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған халықаралық жарыста Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолиядан және еліміздің өңірлерінен келген спортшылар теңге ілудің 3 стилі бойынша бақ сынады. Жарысты барынша әділ бағалау үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында тұңғыш рет бейне қайталау жүйесі қолданылды. Сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазерлі секундомер пайдаланылды.
Биыл сәуір айында теңге ілуден Азия Кубогы Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен үшінші рет ұйымдастырылды. Алыс-жақын елдерден қонақтар да жетті. Ал маусым айында жаңа ипподромда теңге ілуден тұңғыш әлем чемпионаты өткізілі. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Шымкент қаласының әкімдігі мен AlemAgro компаниясының қолдауымен өткен жарыста Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Үндістан елдерінің спортшылары сайыс көрігін қыздырды. «Жеті құт», «Бес белес», «Қос құлаш» стильдері бойынша үздіктер анықталды. Шаһарда бұған дейін Азия кубогы ұйымдастырылса, әлем чемпионатын өткізу де үшінші мегаполиске сеніп тапсырылды. Халықаралық жарыстардың тұрақты түрде өтуі теңге ілу спортының халықаралық дәрежеде дамуына септігін тигізуде.
Халықаралық деңгейдегі жаңа ипподромда ұлттық спорт түрлері бойынша ірі жарыстар, «Наурызнама» онкүндігі аясында көпшілік іс-шаралар ұдайы өткізіліп келеді.
2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың шілде айына дейін қалада 359 өңірлік, республикалық және халықаралық спорттық іс-шара өтіп, 75 528 адам қамтылған. Атап айтқанда, биыл 13-17 наурыз аралығында дәстүрлі садақ атудан «ZHAKSYKUL MERGEN CUP» Азия Кубогы бәсекесі жалауын желбіретті. Жарысқа Қырғызстан, Ресей, Монғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінен және республика өңірлерінен жалпы 100-ге спортшы қатысты. Нәтижесінде қала спортшылары 1-қола медальға қол жеткізді.
Наурызда Шымкент қаласы бәйгеден Қазақстан Республикасы Чемпионатының іріктеу турнирін қабылдады. Аталған іс-шара «Наурызнама» 10 күндігі аясында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында өткізілді. Сайысты 3000-ға жуық адам келіп тамашалады. Одан басқа, қыз қуу, теңге ілу, көкпар, аударыспақ спорт түрлерінен жарыстар қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады.
Сәуір айында таэквондо ИТФ спорт түрінен Азия Кубогына жалпы 7 мемлекеттен (Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және еліміздің өңірлерінен) 850-ге жуық спортшы қатысып, Шымкент қаласының өкілдері 7 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды.
24-25 сәуір күндері грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында Ауған соғысында құрбан болған жауынгерлерді еске алуға арналған Ашық Республикалық турнир өткізілді. Жарыста Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен спортшылар бақтарын сынап, өңір спортшылары 2 алтын 2 күміс 1 қола медальға ие болды.
1 мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге дайындық шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Бірлік» жарысы өтті. Іс-шарада жалпы 600-ге жуық ұлт өкілі жүгіруге қатысты.
12-24 мамыр аралығында теннистен Junior Billie Jean King Cup Final және Juniors Devis Cup Final Qualifing турнирі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған турнирге Қазақстан Республикасының өңірлерінен, Аустралия, Қытай, Тайпей, Гонгконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Жапония, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Жаңа Зеландия, Филиппин, Тайланд, Өзбекстан елдерінен 80 спортшы шеберлік байқасты. Жарыстың нәтижесі бойынша Қазақстан қыздар құрама командасы 4-ші орынды иеленіп, әлем чемпионатына жолдама алды.
27 – 29 мамыр аралығында Жеңілатлетикалық манеж спорт кешенінде дзюдодан «Shymkent OPEN» ұлдар мен қыздар арасында Ашық турнирін тамашаладық. Дәстүрлі турниге республика өңірлерінен, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 400-ден аса спортшы қатысуға өтінім берген. Шымкент қаласының спортшылары 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль еншіледі.
29 мамыр күні қазақтың атбегілік өнерін насихаттау және «1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне» арналған «Таутұмар» іс-шарасы өкізілді. Іс-шараны 2000-ға жуық адам тамашалап, жеңімпаз демеушілер есебінен марапатталды.
4-6 маусым аралығында өткен теңге ілуден ересектер арасында Әлем чемпионаты қала спортшылары екі стиль бойынша 2 алтынды жеңіп алды. Бес белес стилінен – Азат Түлкібай, жеті құт стилінен – Бақыт Төлтай топ жарды. Екеуі де Шымкент қаласы Ұлттық спорт клубының спортшылары.
Сонымен, екінші жартыжылдықта да қалада бірқатар ірі спорттық жарыстар жоспарланып отыр. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, тамыздың 16-30 күндері стенд және нысана ату спорт түрлерінен Азия чемпионаты өтпек. Аталған жарысты Қазығұрт елді мекенінде орналасқан «Shymkent Shooting Plaza» ату кешені қабылдайды. Құрлық чемпионатына 40 елдің өкілдерінен мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. 11 шілде күнгі мәлімет бойынша 25 мемлекеттен 650 спортшының қатысатыны туралы тапсырыс берілген. Қазіргі таңда кешенде жарысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту – басты назарда
Басқарманың мәліметіне сәйкес, 2025 жылы қалада бірнеше спорт нысанының құрылысын жүргізу жоспарға алынған. Жаңа футбол стадионы, «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені», жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысандар және Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Орталық су спорт кешені», «Мұз сарайы» және Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорттық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. FIFA талаптарына сәйкес келетін сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы да қолдау тапқан.
Сонымен қатар, «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысы алдағы екі жылда бітуі тиіс. Еңбекші ауданыны, Қарабастау, Бадам елдімекеніндегі 2 жеңіл құрастырмалы модульді спорттық нысанның құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қажымұқан атындағы орталық стадионының футбол алаңы мен жеңіл атлетикалық жолағына да жөндеу жұмыстары жасалмақ.
Қала тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылым жетілдіріліп, шалғайдағы елді мекендерде жаңа спорт нысандарының құрылысы жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта, қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін қарастырып, заңдастыру жұмыстары да жүргізілген.
Биыл алғашқы екі айдың өзінде қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 206 жүлделі орындардан көрінген. Соның ішінде ел чемпионаттарында 52 алтын, 60 күміс, 88 қола жүлде алса, Азия чемпионаттарында 1 күміс, 1 қолаға иелік етіпті. Ал әлем чемпионаттарында жерлестер 4 алтын медаль тағынған. Жыл басында Алматы қаласында өткен фристайл акробатикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Дінмұхаммед Райымқұл тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Италияның Турин қаласында XXXII қысқы Универсиадада Айбек Темірхан шорк-тректен ерлер құрамасында 5000 метрлік эстафетаға қатысып, қола жүлдеге ие болды. Биыл ақпан айында Үндістанның Нью-Дели қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті. Қазақстан Ұлттық құрама сапында өңірдің 3 спортшысы өнер көрсетіп, 3 спортшы да Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, былтыр 2 Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, 20 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 92 Қазақстанның спорт шебері, 797 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалған.
Ә.АЙТӨРЕ