Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТ ШЫРАЙЫ МЕРЕКЕМЕН ӘРЛЕНЕДІ

Биыл қала күні шырайлы шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше сән-салтанатпен және мазмұнды бағдарламалармен атап өтіліп жатыр. Қаланың мәдени өміріндегі айтулы апталық туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі дәстүрлі брифингте кеңінен баяндап өтті. Сонымен қатар, ол өткен аптадағы қаладағы криминогендік ахуалға да арнайы тоқталды.

Қала күні аясында ұйымдастырылған бірқатар мәдени-көпшілік іс-шара жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жуырда ғана өз мәресіне жеткен Шымкент Оркестрлер шеруі осының айқын дәлелі. Бұл музыкалық мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен жеті бірдей атақты оркестр қатысты. Финалдық концерт түн ортасы ауғанша жалғасып, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері Арман Жүдебаевтың өнеріне көрермен ерекше ықылас білдірді. Осылай деген Сәрсен Абайұлы қазірдің өзінде «Арбат» алаңында бөренеден мүсін ойған ұсталар фестивалі 20 маусымға дейін жалғасатынын жеткізді. Ал, А.Пушкин атындағы қалалық кітапханада өтіп жатқан халықаралық суретшілер симпозиумы мен 20-22 маусым күндері өтетін «Самғау» қысқаметражды фильмдер фестивалі шығармашылық алаңды одан әрі қыздыра түспек. Сондай-ақ, бүгін «Қызғалдақ» сарайында қаланың «Құрметті азаматы» атағы табысталатын салтанатты жиын өтсе, кешкісін Астана алаңында «Той-думан Fest» гала-концерті ұйымдастырылады. Бұл кеште еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған меймандар мен қала халқы бұрын-соңды болмаған заманауи сахна мен дрондар шоуының куәсі болады. Шоуға 500 дрон қатыстырылмақ. Ал, 21 маусымда Түркістан сарайында өтетін «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы көрерменге ұлттық рух сыйлайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы бес-алты жылда Шымкентте айтыс өткізілмеген. Айтысқа билет құны – 1000 теңге, түскен қаражат қайырымдылыққа бағытталады.

Бұдан бөлек, ресми өкіл қала әкімінің 16-20 маусым аралығында бес ауданның тұрғындарымен көшпелі кездесулері туралы баяндады. Бүгінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының тұрғындары қала әкімімен кездесіп, көкейтесті мәселелерін жеткізуге мүмкіндік алған. Бүгін Қаратау, ал 20 маусымда Тұран аудандарының тұрғындарымен жүздесу жоспарланған.

«Мереке қарқыны күшейген сайын қаладағы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды»,-дейді ол. Апта ішінде тергеу органдарының өндірісінде 168 іс тіркеліп, оның 15-і сотқа жолданған. Жиі тіркелген қылмыстар қатарында интернет-алаяқтық, ұрлық, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары және тонау бар.

Бұдан кейін ресми өкіл жол-көлік оқиғалары мен мерекелік тәртіп туралы айтты. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басты себебі әдеттегідей жүргізушілердің ұялы телефонға алаңдауы, жылдамдықты арттыруы және жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауынан болып отыр. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты жолда ретсіз басқаруы салдарынан қайғылы оқиғалар жиі тіркеліп жатыр. Бұл орайда ол қала тұрғындарын «Заң мен тәртіп» қағидасын өзінен бастап, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар