Шымкент қаласында туризм саласының әлеуеті жоғары. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары. Шымкентке саяхаттап келгендердің басым көпшілігі (475 235 адам) Қазақстан азаматтары. Былтыр қалаға шет елдерден 32 631 турист келді.
Статистикалық ақпаратқа сәйкес, қаладағы орналастыру орындарында 615 503 адам келген. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан 15,4 пайызға жоғарылаған. Орналастыру орындары 2024 жылы 11 млрд 341 млн 336,4 мың теңгенің қызметін көрсетті. Бұл 2023 жылсен салыстырғанда 37,6 пайызға өскен. Айта кетейік, туристер саны бойынша Шымкент қаласы елімізде 4 орында тұр.
Қазір Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетуде. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағылы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутын туристер жиі таңдайды. Сонымен қатар, әр бейсенбі күні шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсия өткізілуде. Бұл шара туристерге қаланың көрікті жерлерімен танысуға, мәдениеті мен тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласынан тікелей ұшатын 7 ішкі және 10 халықаралық (Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина, Фукуок) әуе рейстері бар. «Scat» әуекомпаниясы тарапынан Пекин, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына тікелей рейстер ашу жоспарлануда.
Туризм саласын одан әрі дамыту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелеріне жаңа санитариялық-гигиеналық торап, жаңа орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық стендтер орналастырылды.
Оқиғалы туризмді дамыту үшін «Дәмдәсtour» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Оған қоса, биыл «Қызғалдақ жолы» фестивалі, «Әуе шарлары» фестивалі,«Street food fest» фестивалі, «Батпырауықтар» фестивалі, «Жарық шамдар» фестивалі және «COMIC CON SHYMKENT» фестивалі өткізіледі.
Мұнан бөлек, биыл Этноауыл аумағын абаттандыру және қайта құру, 24/7 режимінде жұмыс істейтін, Гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр.