Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТ– ҰЛТ ДӘСТҮРІНІҢ БЕРЕКЕЛІ БЕСІГІ

Бұл пікірді жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Толығырағы мынау.
«Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ, қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

default

Бүгінде Шымкент – Қазақстандағы төрт Hub-қаланың біріне айналып келеді. Қай салада да алға ілгерлеушілік бар.

19 маусым – Шымкент қаласының күні. Осыған орай сүйікті қаламыз туралы жақсы тілектер айта беруімізге болар. Әйтсе де, көзі тірісінде-ақ қазақтың абызы атанған заңғар Әбіш Кекілбаевтың мына сөзі Шымкенттің шын болмысын танытады.

1986 жыл. Желтоқсан. Қазаққа қырын келген жыл. Желтоқсанның ызғарлы желі өңменіңнен өтіп жатқаны бер жағы екен, Кеңестер одағының дені коммунистік партияның шешіміне қарсы келіп, алаңға шыққан қазақ жастарына, қазақ ұлтына сенімсіздікпен қарап тұрған шақ. «Қазақ ұлтшылдары» деген айдар тағылып, елдің алдыңғы қатарлы азаматтарының алды түрмеге тоғытылып, соңы қуғынға ұшырады. Қалың ел басын көтере алмай қалды. Асыңды ішіп, дастарханыңды тіліп отыратын саясат сайқалдарының құдайы беріп қалды. Жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастарының есебі алынып, олардың орнына адам әкелуге өзге ұлттардан жастар таба алмай аласұрып жатқан шақ.

Осындай өліара шақта бір топ қазақ зиялылары жиналады. Қайтпек керек?! Қазақтың өз елі, өз жерінде қайтсе жаны қалады. Бәрі ортадағы құлжа Әбішке қарайды.
– Әбіш-ау, енді қайтеміз. Ішіміздегі ақылдымыз, ақылманымыз сен деп жүрміз. Не істейміз?

Сонда Әбіш, сонау 362 әулие жатқан Маңғыстаудың қазағы, түйіліп тұрып бір сөз айтқан екен.

– Жігіттер Шымкенттің амандығын тілейік. Шымкенттің етегінен ұстайық, жағаға өзі алып шығады, -деген екен. Абыз.

Тағы айтайық. Мынау өзге ұлт көбірек Солтүстік жақтарда Оңтүстікті шетке қағу әлі де бар. «Южандар» деп мысқылдағысы келеді. Кеңес империясынан қалған дерт.
Империя қазақты тұтастай отарлағысы келгенде салт-дәстүріне мығым, қаймағы бұзылмаған қазақы орта Оңтүстік дегендеріне жеткізбеді. Бары сол. Бүгін – сол Шымкентіңіздің күні. Бар бол қазақтың ұстыны болған нар қала!

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар