“Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасы аясында Шымкент қаласында кезекті тазалық күні ұйымдастырылды. Қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бұл бастама аясында ағартушылық әрі практикалық тазалық іс-шаралары өткізілді. Соның бірі – жастардың белсенді қатысуымен өткен ауқымды шара болды.
Жастар ресурстық орталығы алдына 200-ге жуық қала жастары жиналып, тазалық пен экологиялық жауапкершілікті насихаттайтын әсерлі флешмоб ұйымдастырды. Көңілді әуен, сергек қимыл, бір мақсатқа жұмылған жастардың бірлігі жиынға ерекше реңк берді. Бұл көрініс тазалықтың тек міндет емес, өмір салты екенін аңғартқандай болды.
Іс-шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен ерікті жастар қатысты. Флешмоб арқылы қатысушылар қала тазалығына немқұрайлы қарамауға, табиғатты қорғауға үндеу тастады.
Шара барысында Жастар ресурстық орталығы өкілдері тазалықтың бір реттік акция емес, өмір салтына айналуы керектігін атап өтті. “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясындағы бұл флешмоб – жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі.
«Шымкент келбеті»
