Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қала аумағында 1 059 шақырым жол төселіп, тұрғындардың игілігіне берілді.

2025 жылы ұзындығы 21,1 шақырымды құрайтын 6 ірі жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта жаңғыртылып, 6 және 8-кезеңдері пайдалануға берілді. Осылайша нысанның жалпы дайындық деңгейі 90 пайызға жетті.
Қаланың орталығын Ташкент – Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы бойынша құрылыс жұмыстарының 85 пайызы орындалып, екінші кезеңі іске қосылды. Аталған жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар қаланың шығыс бөлігі мен орталығын жалғайтын Момынов көшесіндегі теміржол өткелі жақында көлік қозғалысына ашылғаны белгілі. Ал, Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысында жаңа жолайырықтың құрылысы басталды.
Көлік кептелісін азайту мақсатында Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр – Абылайхан көшелерін өзара байланыстыру жұмыстары да қолға алынған. Сонымен бірге Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити бағытындағы жол және Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар асфальтталып, пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көшеде және 1 көпірде күрделі жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 4 көше мен 1 көпір ел игілігіне тапсырылып, 2 көше бойынша жұмыстар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қалдырылды.
«Шымкент келбеті»
