
Астанада өтіп жатқан Жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2025 форумы аясында Шымкент қаласында жалпы құны 449,4 млрд теңге болатын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, қала атынан бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды.
Биылғы форум «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы» тақырыбында ұйымдастырылып, оған 40 елден 700-ден астам қатысушы келді. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды өкілдері, трансұлттық корпорациялар мен ірі инвесторлардың басшылары, халықаралық ұйымдар мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері бар.
Іс-шара барысында әлемдік нарықтағы өзекті үрдістер, инвестициялық стратегиялардың жаңа бағыттары және халықаралық капиталды тарту тетіктері талқыланды.
Форум аясындағы дөңгелек үстелде Шымкент қаласында жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалар бойынша келісімдер жасалды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «FabeAgro» ЖШС арасында заманауи жылыжай кешенін салу жобасы бойынша үшжақты келісім жасалды. Жоба құны – 68 млрд теңге.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Shaanxi Construction Kazakhstan Co., Ltd» ЖШС компаниясы арасында тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Жоба құны – 55 млрд теңге.
Айдын Кәрімовтің айтуынша, бұл жобалар Шымкенттің инвестициялық әлеуетін арттырып, өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Сондай-ақ, жобаларды іске асыру барысында жаңа жұмыс орындары ашылып, экологиялық және агроөнеркәсіптік бағыттағы өндірістер дами түседі.
