Бүгін Шымкент қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтарға Асар-2 және Тұран-2 шағынаудандарынан жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Шара Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында ұйымдастырылып, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Салтанатты рәсім барысында баспана кезегінде тұрған 25 отбасы жаңа қоныстарына ие болды. Қала әкімі қоныс той иелерін құттықтап, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – қаладағы әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Табыс етілген пәтерлер ерекше әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға арналған. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар бар. Жаңа үйлер тұрғындардың қоныстануына толық дайын.
Айта кетейік, пәтер беру рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес және белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері мегаполисте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 347 жалдамалы пәтер берілген.
«Шымкент келбеті»
