Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жыл басынан бері бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Қала аумағында 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 82 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде 7,0 мың гектарға дәнді дақылдар, 3,3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,8 мың гектарға көкөніс-бақша өнімдері, ал 10,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілген.
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының атқарған жұмыстарының нәтижесінде қалада ірі қара мал саны – 96,3 мың бас, уақ мал – 97,9 мың бас, жылқы – 21,2 мың бас, ал құс саны 1,2 млн бастан асты. Сонымен қатар есепті кезеңде 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт және 219,3 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 12 инвестициялық жоба аясында 43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалар қатарында көкөніс қоймасы, құс фабрикасы, 6 сүт өңдеу кәсіпорны, сүт фермасы, жеміс-көкөніс өңдеу өндірісін кеңейту және «Alsera KZ» компаниясының 40 гектар жылыжай кешені бар. Қазіргі таңда бұл кешенде құрылыс жұмыстары аяқталып, алғашқы өнім жиналуда.
Сонымен қатар, Мәртөбе тұрғын алабында Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының құны 137 млн АҚШ долларын құрайтын ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы аумағы 144 гектар. Кешен толық іске қосылған кезде жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіру және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет бекіткен 19 атаулы тауар тізбесі бойынша тұрақты бақылау жүргізілуде. Осы бағытта тұрақтандыру қоры арқылы ірі сауда желілерімен келісімдер жасалып, 90-ға жуық сауда нүктесінде негізгі азық-түлік өнімдері белгіленген бағамен сатылуда. Сонымен қатар, қала аумағында 15 «Бақша» әлеуметтік павильоны іске қосылып, апта сайын 6 жерде тұрақты азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.
Бағаны бақылау шаралары аясында 51 комиссия отырысы өткізіліп, 2 мыңнан астам кәсіпкердің қызметі талданды. Нәтижесінде сауда үстемесін асырып жіберген 226 кәсіпкерлік субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бағаны негізсіз өсірмеу мақсатында 100-ден астам меморандумға қол қойылды.
Қала аумағында ветеринариялық қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Жыл басынан бері 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 1,2 млн-нан астам вакцинация, 6 түрлі ауру бойынша 227 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, кенеге, масаларға және кеміргіштерге қарсы ауқымды залалсыздандыру жұмыстары атқарылды.
Жалпы қабылданған шаралар Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты қолжетімді бағамен өніммен қамтуға бағытталған.
