Редакция таңдауы

Шымкентте  ауыл шаруашылығы орнықты  дамып келеді

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл шаһар аумағында 23 мың гектар алқапқа бау-бақша мен көкөніс және түрлі дақылдар егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 7 мың гектарға,  майлы дақылдар – 3,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың гектарға көкөніс пен бақша дақылдары – 1,7 мың гектарға, ал, картоп – 100 гектар жерге егілді. Жалпы, барлығынан 81 мың тонна өнім жинау жоспарланған.

Мемлекет диқан қауымды қолдау үшін арзан бағамен жанар-жағармай жеткізіп береді. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылға шаруашылықтардан жалпы 919 тонна дизель отынына өтінім қабылданған.  Көктемгі егін егу жұмыстарына – 616 тонна, күзгі егін жинау жұмыстарына – 303 тонна жанар-жағар май бөлінеді. Дизель отыны литріне 250 теңгеден ұсынылды

Соңғы жылдары мемлекет жылыжай ашып, халықты жыл бойына қажетті өнімдермен қамтамасыз еткен диқандарға бюджет есебінен қомақты субсидия төлеп келеді. Нақтырақ айтар болсақ,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, 1 гектар өнеркәсіптік жылыжайға 8 миллион 148 мың теңгеден астам, ал, 1 гектар фермерлік жылыжайға 4 миллион 858 мың теңгеден астам субсидия төленеді.

Осылайша, былтыр Шымкент қаласында 33,7 гектар өнеркәсіптік жылыжайға — 274,9 млн. теңге, ал, 29,6 гектар құрайтын фермерлік жылыжайға 144 млн теңге теңге субсидия төленген. Жылыжай шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары биыл да жалғасады. Жылыжайларды субсидиялауға жергілікті бюджеттен жалпы 767,8 млн теңге қаралған. Айта кетерлігі, Түркияның «Alarko Holding» компаниясы Шымкентте 500 гектарлық заманауи жылыжай кешенін салып жатыр. Инвестициялық құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын жылыжай іске қосылған кезде 2 мың адам жұмыс істеп, жылына 51 мың тоннаға дейін өнім өсіреді деп күтілуде. Сонымен қатар Шымкентте мал шаруашылығы бағытында да ілгерілеу байқалады. Қала аумағында бүгінде 73,1 мың бас — ірі қара, 93 мың бас — уақ мал, 18 мың бас — жылқы, 288,7 мың бас — құс тіркелген.

Биылғы қаңтар-наурыз айында 1,6 мың тонна ет, 6,8 мың тонна сүт, 895,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жалпы жыл соңына дейін 7,6 мың тонна ет, 66,5 мың тонна сүт, 173,5 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шараларын өткізуге дайындық барысы туралы

Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы саяқ шегірткетектестерге қарсы химиялық залалсыздандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы 4,4 млн теңге қаралған.

Бұл қаржыға Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының хабарламасына сәйкес қала аумағындағы 1 262 гектарға (Абай – 300 га, Әл-Фараби – 280 га, Еңбекші – 140 га, Қаратау – 228 га, Тұран – 314 га,) химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға бағдарлама шеңберінде 1 382 га жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге 5 млн теңге қаралған.

Бүгінгі таңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін әлеуетті өнім беруші «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес айқындалып, жеңімпаз «Защита растений-К» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Саяқ шегірткеге қарсы іс шаралар жоспарға сәйкес маусым-шілде айларында жүргізілетін болады. Қаңғыбас жануарларды аулау және уақытша ұстау орталығында күтіп ұстау бойынша

Қала аумағындағы қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, уақытша ұстау жұмыстарын «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жүзеге асырады.

Жыл басынан бүгінге дейін, қала тұрғындарынан қаңғыбас жануарларды аулау бойынша 3,1 мыңға жуық өтінімдер келіп түскен. Нәтижесінде, ізгілікті тәсілмен қаңғыбас 15 589 мың бас ит-мысықтар ауланды. Үй жануарларын қорғаушылар мен жануарлардың иелеріне 183 басы берілген.

Қазір уақытша ұстау орталығында 783 бас қараусыз қалған және қаңғыбас ит-мысықтар бар. Аулау жануарға зиян келтірмейтін ізгілікті тәсілдермен жүргізіліп, ауланған жануарлар, уақытша ұстау орталығына жеткізіледі. Орталықта жануарларға тұрақты түрде күтім жасалады.

 

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар