Шымкент қаласы табиғи ерекшелігіне байланысты қауіпті жұқпалы аурулар бойынша тұрақты бақылауды қажет ететін өңірлердің бірі саналады. Қала мен көршілес жатқан Түркістан облысының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ), сібір жарасы, құтыру, бруцеллез секілді дерттердің табиғи ошақтары бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова айтты.
Жыл басынан бері қалада КҚГҚ-мен ауырған 2 адам және бруцеллездің 7 жағдайы тіркелді. Екі науқас та мал шаруашылығымен айналысып жүргенде кене шағуынан дертке шалдыққан. Сонымен бірге жануарлардан жарақат алып медициналық көмекке жүгінгендер саны артқан – 1 294 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 31 жағдайға өскені байқалады. Айгүл Тұрымбетова қазіргі таңда жұқпалы аурулармен күрес барысын жеке-жеке баяндап өтті.
– КҚГҚ-ның табиғи ошақтардың болуының негізгі себебі – эндемиялық аймақта иксодты кенелердің мекендеуі. Кенелердің табиғатта жаппай шығуы әдетте наурыз-сәуір айларының басында басталады, кенелер жылы қанды жануарларға шабуылдап, адамдар кене шағуынан зардап шегеді. Күн қатты ысығанда кенелер жер астына тығылып көбейеді. Күн ысығаны басылғанда тамыз айынан қоңыр салқын күзге дейін жер бетіне шығып жылуқандыларға шабуылдайды. Жыл басынан кене шағу дерегімен медициналық көмекке 530 адам жүгінген, 2024ж. осы мезгілінде 387 адам тіркелген, кене шағу жағдайларының 27,8 пайызға өскені байқалады. Барлығы медициналық бақылауда болған. КҚГҚ ауруының алдын алу үшін – кене шаққан жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Осыған орай көктемде 11 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Тамыз айында бұл шаралар қайта жалғасады. Ал құтыру деректері тіркелмегенімен, аурудың қаупі жоғары. Қалада қаңғыбас ит, мысықтарды аулау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде, – деді ол.
Ал, Сібір жарасының қоздырғышы топырақта ондаған жыл сақталып, адам мен мал үшін өте қауіпті. Қалада бұрын ауырған мал көмілген 8 орын қоршалған. Бұл аумақтарда шаруашылықпен айналысуға тыйым салынған. Бруцеллез – көбіне малмен жұмыс істейтіндерге жұғатын дерт. Сақтық үшін сүт пен ет өнімдерін тексерілген жерден алу, арнайы қорғаныс құралдарын пайдалану қажет. Ал тырысқақ тәрізді сырткел дерті туристік бағыттардан оралғанда байқалуы мүмкін. Сондықтан шетелге шыққанда гигиеналық талаптарды сақтау аса маңызды.
Қауіпті аурулардың алдын алудың тиімді жолы – санитариялық ережелерді қатаң ұстану, өз денсаулығына салғырт қарамау. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Департамент өкілі Айгүл Тұрымбетова өңірдегі ахуалды баяндап, халықты сақтыққа шақырды.
– «Аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу – тек мамандардың емес, әрбір тұрғынның міндеті. Қала тұрғындары қора-жайларын, аулаларын дер кезінде тазалап, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуі қажет. Қауіпсіздік талаптарын елемеу – өз денсаулығына деген салғырттық. Аурудың алдын алған – өмірді сақтап қалғанмен тең», – деді ол.
Мамандар аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – әр азаматтың жауапкершілігі екенін ескертеді. Кене немесе күдікті жануармен байланыс болған жағдайда денедегі белгісіз симптомнан кейін дереу дәрігерге жүгіну – өмірді аман алып қалатын шешім.
Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ