Редакция таңдауы

Шымкентте жол қауіпсіздігі қатаң сақталуда

Бұл орайда мегаполисте өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын ерекше атап өтуге болады.



Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың 19 сәуірі мен 19 мамыры аралығында республика аумағында аталмыш республикалық іс-шара өтіп жатыр.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын, оның ішінде заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын көлік құралдарын анықтау.

Патрульдік полиция полкі қызметкерлері тарапынан түрлі құқық бұзушылықтар анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жол-көлік оқиғасына себеп болатын қауіп тудыру, көлікті рұқсатсыз қайта жабдықтау, маневр жасау ережелерін бұзу, жаяу жүргіншіге жол бермеу және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару сынды фактілер тіркеліп отыр.

Жол жүру ережесін бұзушыларды тәртіпке шақыру мен барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды көздеген бұл шараның маңызы зор. Әрбір азаматтың өмірі мен амандығы үшін қауіпсіздік – басты талап.

Жол үстіндегі кез келген құқық бұзушылық — болашақ қауіптің бастауы. Жүргізушілердің жауапсыздығы, жаяу жүргіншілердің ережеге немқұрайлы қарауы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Көктемгі мерекелер мен жазғы демалыс кезеңі қарсаңында атқарылып жатқан бұл профилактикалық жұмыстардың рөлі ерекше. Себебі дәл осы уақытта балалар мен жасөспірімдердің далада жиі жүретін кезі басталады.

Сондықтан барша шымкенттіктерді жол жүру ережелерін қатаң сақтап, балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырамыз!

Жолдағы қауіпсіздік – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті!
Қауіпсіздік үшін әрқайсымыз сергек әрі жауапты болайық.

Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі командирінің қызмет жөніңдегі орынбасары полиция подполковнигі Аширбаев Тоқтарбек Мырзакелдіұлы

Соңғы жаңалықтар