Спортты сүюге деген адалдық болады. Маңғыстаулық Әбу ағамыз көптеген бокс жанкүйерлеріне таныс есім. Мұны не үшін айтып отырмыз? Бокс дегенде шығарда жаны бөлек Әбу ағамыз Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогіне арнайы келіпті. Қолында еліміздің көк туы мен дауылпаз. Осындай жанкүйерлер қолдауымен ел боксшылары да жеңістерімен қуантуда.
Кәнігі бокс жанкүйерін біз 2018 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында көрдік. Бірге Ту ұстап, боксшыларға дем беріп, қолдау көрсеттік. Одан бері де Әбекең Азия, әлем чемпионаттарына барды. Мінекей, ол кісі кезекті әлем кубогінде де төбе көрсетті.
Бұл күндері Елордада әуесқой бокста жаңадан құрылған World boxing ұйымы аясында рейтингтік әлем кубогы өтіп жатыр. Ерлер мен әйелдер арасында тартысты жекпе-жектерге куә болдық. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ә дегеннен-ақ Әзербайжан елінің үміт артар өрені Мурад Аллахвердиевті сан соқтырды. Париж ойындарында да екеуі ширек финалда жолыққан. Жас дарын Нұрбек бұл жолы да сыралғы қарсыласының осал тұсын тапты.
Шымкент қаласының өкілі, әлем чемпионы Махмұд Сабырхан да ширығып тұр. Алғашқы жекпе-жегінде Оңтүстік Корея боксшысын техникалық нокаутпен жеңді.
Сонымен, жаңа ұйым аясындағы әлем кубогінде еліміздің ең үздік боксшылары бақ сынап жатыр. Бәрі де әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы мен жүлдегерлері. 50 келіде Санжар Ташкенбай, 55 килода Махмұд Сабырхан, 80 килода Нұрбек Оралбай мен 86 килода Бекзад Нұрдәулетов – әлем чемпиондары. Серік Теміржанов (60 кило) әлем чемпионатының күміс жүлдегері болса, Айбек Оралбай (аса ауыр салмақ), Сағындық Тоғамбай (92 кило), Ертуған Зейнуллинов (65 кило) құрлықтық жарыстардың жеңімпаз және жүлдегерлері. Жастар арасында әлем чемпионы Сабыржан Аққалықовқа (75 кило) да сенім артылып отыр.
Әйелдер арасында Париж олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бастаған бұрымдылар жеңіспен қуантып жатыр. Биылғы әлем чемпионатында аруларымыз жарқын жеңіске жеткен болатын. Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева, Елдана Тәліпова, Наталья Богданова алтын, күміс, қола жүлделерді ел қоржынына салды. Енді мінекей, олар кезекті әлем кубогына қатысып жатыр. Біз отандастарымызға сәттілік тілейміз.
Сонымен, әлем кубогі 30 маусым мен 6 шілде аралығына жоспарланған. АҚШ, Канада, Бразилия, Әзербайжан, Италия, Франция, Үндістан және тағы басқа елдерден мықты боксшылар келген. Жалпы 30 елден 300-ге жуық былғары қолғап шеберінің өнеріне куә боламыз. Финалдық жекпе-жектер 6 шілдеде өтпек.
Осындай халықаралық дәрежедегі турнирлердің елімізде өтуі – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл – жас боксшыларға серпін беріп, жанкүйерлерге мереке сыйлайды.
Ә.Айтөре