Мегаполис болғалы Шымкент қаласының даму көкжиегі кеңейген. Қала көшелері кең жолақты, көлік қатынасы соңғы жылдары әлдеқайда жақсарған. Бұл шымкенттіктердің сұранысына, тұтыну қажеттіліктеріне де айрықша әсер ете бастағаны байқалады. Себебі, қала орталығында ірі автосалондар қатары көбейген.
Солардың біріне барып, шымкенттіктер үшін таңдау мүмкіндіктері қаншалықты көп екенін байқадық. Бүгінде темір тұлпар – жай ғана көлік емес, қарапайым қазақстандықтардың күнделікті таңдауы мен қаржылық мүмкіндігінің көрсеткіші.
2025 жылғы ресми статистикаға сүйенсек, Шымкенттегі тіркелген жеңіл көліктер саны өткен жылмен салыстырғанда 8,7% артыпты. Ал кредитпен алынатын автокөліктер үлесі 60%-дан асты. Бұл дерек қарапайым тұтынушының қазір қандай көлікке бейім екенін көрсетеді. Ірі қалалардағы автосалондардың сатылым деректерін бағамдасақ, кірісті клиенттердің 45%-ы KIA немесе Hyundai Elantra сияқты сенімді әрі орта бағадағы көліктерге қызығушылық танытады.
Біз автосалонның ішкі тынысымен танысып жүргенде «Маған өз отбасымды асырау үшін сенімді көлік қажет», – дейді Шымкенттің 34 жастағы тұрғыны Әділет деген азаматты жолықтырдық. Оның бұл ойы көп клиенттің көкейіндегі сұрақ.
–Мен жаңадан шыққан қытай маркаларын да қарадым, бірақ көліктің жүрісі, техникалық көрсеткіштері мен үшін маңызды. Сондықтан KIA немесе Elantra сияқты көліктерге назар аударамын, — деген Әділет үшін сенімділік пен техникалық жағдай – бірінші орында екенін аңғаруға болады.
Салонның менеджері айына орта есеппен 200-ден астам клиентпен жұмыс істейтінін айтады. Оның сөзінше, көп адамдар алдымен бағаға, екінші кезекте техникалық көрсеткішке қарап таңдайды. Кредитпен алатындар да артуда екен. Өткен жылы клиенттердің шамамен 52%-ы көлікті бөліп төлеу түрімен таңдаса, биыл бұл көрсеткіш 60%-ға жетіпті. «Бұл халықтың қазіргі қаржылық жағдайының өзгергенін және кредиттік өнімдерге сенім артқанын аңғартады» дейді салон менеджері.
Такси жүргізушілерінің таңдауы дақоғамдағы нарық тенденциясын айқын көрсетеді. Олар көбіне Кобальт, Onix, Monza сияқты маркаларды таңдайды. Мысалы, Талғат есімді такси жүргізушісінің айтуынша, бастысы – шығын аз болуы керек. «Кобальт немесе Onix-тің май шығыны төмен, техникалық қызмет көрсету құны да арзан. Сондықтан таксиға осыларды жиі таңдаймыз» дейді ол. Бұл тұтынушының әбден тәжірибе жинай келе жасайтын таңдауы екенін көрсетеді. Экономикалық тиімділікті бірінші орынға қойып тұр.
Қазіргі клиенттің көзқарасы да өзгерген. Олар сән-салтанаттан гөрі күнделікті қажеттілікті көздейді. Көлік бағасынан шошынатындары да бар. «Арзан болса екен» деген үмітпен келген адам көп, – дейді автосалон қызметкері. Нақты деректерге қарап көрсек, бюджеті 8–12 миллион теңге аралығындағы көліктер ең көп сұранысқа ие, ал 15 миллионнан асатын премиум санаттағы машиналарға қызығушылар тым аз.
Жаңа автомобиль нұсқалары әлі де сұранысқа ие, бірақ оларды сатып алушылардың нақты пайызы шамамен 28%-ды құрайды. Бұл – әлі де көпшілік үшін жаңа көлік сатып алу қолжетімсіз екенін көрсетеді. Әсіресе, жас отбасылар мен кәсібін енді бастағандар үшін өзекті. Сұхбаттар мен статистикалық деректерден тұжырым шығарсақ, бүгінгі клиенттің таңдауы келесідей бағытта қалыптасады: бірінші – сенімділік және жөндеу шығындарының қолжетімділігі; екінші – баға және кредиттік шарттардың икемділігі; үшінші – техникалық көрсеткіштер мен отын шығынының төмен болуы. Бұл – автосалондардағы тұтынушы мінез-құлқының шынайы бейнесі.
Қорытындылай келе, бүгінгі клиент – прагматикалық ойлайтын, таңдау жасағанда көрсеқызарлықтан гөрі ақылға салатын, болашақтағы шығындарын алдын ала есептеп болжай алатынын дәлелдейді. Сенімді көліктерге деген сұраныс жоғары, сән мен брендті бұрын қажеттілік пен тиімділік басты назарда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Айзат Құрманалиева,
ОҚЗУ-дың 3-курс студенті
