Редакция таңдауы

«Шымқала кештері» халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Шырайлы Шымкент қаласының тыныс-тіршілігі күн сайын жаңарып, мәдени өмірі жаңаша серпін алып келеді. Соның жарқын дәлелі – қала саябақтары мен демалыс орындарында өткен «Шымқала кештері» атты концерттік іс-шаралар. Ашық аспан астында өткен бұл кештер қала тұрғындары мен қонақтарына нағыз рухани ләззат сыйлады.

Апта сайын ұйымдастырылатын мәдени жобаның шымылдығы тағы да түрілді. Қала жұртшылығына көтеріңкі көңіл күй мен өнер мерекесін сыйлаған кешке түрлі театр ұжымдары мен шығармашылық топтар қатысты. Бұл кеш өнер мен табиғаттың үйлесім табар тамаша көрінісі болды. Атап айтқанда, «Шым сити» саябағында Шымкент циркінің эстрадалық оркестрі, «Спутник» скверінде қаладағы Қуыршақ театры, ал, «Наурыз» саябағында Шымкент қалалық өзбек драма театрының ұжымы өнер көрсетті.

Әрбір алаңда дайындалған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар түрлі жастағы көрермендердің көңілінен шықты. Балаларға арналған қуыршақ спектакльдері, цирктік фокустар мен ән-би нөмірлері кеш мазмұнын байытты.

Шымкент циркінің директоры Нұрлан Әділханов бұл жобаның халыққа рухани демалыс сыйлауға бағытталғанын атап өтті.

– «Шымқала кештері» жобасы алғаш рет былтыр бастау алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Биыл да бұл игі бастама қала әкімдігінің қолдауымен жалғасын тауып отыр. Жаз мезгілінде, әсіресе кешкілік серуенге шыққан қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени демалыс ұйымдастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Цирк әртістері, музыканттар мен әншілер түрлі жанрдағы өнерін ортаға салып, шағын сахнада нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлап жатыр, – деді ол. Оның айтуынша, іс-шараға елу шақты әртіс қатысып, эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен музыкалық нөмірлер, цирктік қойылымдар, балаларға арналған фокустар мен клоундар шоуы ұсынылды.

Ертесі күні «Шым сити» саябағында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өз өнерлерін паш етті. Әзіл мен сатираға толы сахналық көріністер көрермендерді бір мезетке күнделікті күйбең тіршіліктен ажыратып, күлкі мен қуанышқа бөледі. Әсіресе, театрдың танымал әртістерінің шебер ойыны халықты тәнті етті. Ал, орталық саябақта Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының терең мазмұнды қойылымдары ұсынылды. Қазақ өнерінің мәйегін дәріптеген бұл кеш театр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, «Арбат» демалыс аймағында Шымкент жастар театрының ұжымы жасампаз жастардың жалынды өнерін көрсетті. Олар дайындаған қойылымдар заманауи тақырыптар мен ұлттық болмысты шебер ұштастыра білді.

Кеш барысында әрбір алаңда қойылған бағдарламалар әртүрлі жастағы көрермендердің талғамына сай құрылып, балалардан бастап егде жастағыларға дейін рухани азық ала алды.

«Шымқала кештері» – шаһардың мәдени тынысын сезіндіретін, тұрғындарға рухани қуат беретін шығармашылық шабыттың жарқын көрінісі. Осындай игі іс-шаралар қала мәдениетін жаңғыртып, ел бірлігін арттырғаны тұрғындардың да қолдауына ие болып келеді.

Соңғы жаңалықтар