Өнер сахнасында шыншыл сөзімен халықтың жүрегінен орын алған театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс – бүгінде руханияттың мұңын мұңдап, ұлттық болмыстың жоғын жоқтап жүрген санаулы саңлақтың бірі. Ғұмырын ұлтқа қызмет етуге балаған актер жақында Шымкентте өткен Ихсан іліміне арналған тағылымды жиында елмен ашық әңгіме құрып, дін мен дәстүр, ұят пен ұлт, рух пен тәрбие жайлы толғана сөйледі. Біз де өнер иесінен ұрпақ тәрбиесінің бастауы мен рухани өлшемдер туралы сұхбаттасуға мүмкіндік алдық.
– Бекжан аға, қоғамда рухани дағдарыс, тәрбиелік әлсіреу, дәстүр мен діннің алшақтап бара жатқаны жиі айтылып жүр. Өнер мен руханияттың арасын жалғайтын қандай тамыр бар деп ойлайсыз?
– Сауалыңыздың төркінін түсініп отырмын. Жалпы көбіне менің дін мен дәстүр жайында сөйлеуім таңырқатуы мүмкін. Аргентиналық ойшыл Борхес «Хас өнер – дін мен табиғаттың түйісуі» деген екен. Расында, халықтың рухани болмысын айқындайтын үш тұғыр бар: өнер, дін және дәстүр. Сол себепті қолдан келгенше рухани қызметке де, сахнадағы өнерім арқылы да үлес қосып жүрмін. Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында «Кешірімді бол, ғұрыпты ұстан» деген бар. Бұл – дін мен дәстүрді үйлестірудің биік үлгісі. Қазақ ежелден әдет-ғұрпын сақтап, рухани үйлесімділікпен өмір сүрген. Егемендік алғаннан кейін де еліміздің имамдары осы сабақтастықты жалғастырып келеді. Өзім де дәстүрге берік жанмын. Салтым, ғұрпым, ата-бабамнан жеткен бекзат жолым бар. Қазақтың діни ілімі сонау көшпенділер дәуірінде-ақ терең болған. Сол кезде халық дала заңына ғана бағынып, жүрегінде Құдайға деген құрметті ту етіп ұстаған еді. Өкінішке қарай, соңғы ғасырда қазақ көп нәубет көрді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, ұлтсыздандыру. Соның кесірінен халқымыздың рухы әлсірей бастады. Жаратқан өзі жар болып, азаттығымызды алдық. Бірақ сол бостандықтың бағасын ұғу үшін біз ең алдымен ұлттық тәрбиеге қайта оралуымыз керек.
– «Өнер адамы дінде неге жүр?» дедіңіз. Біз үшін дін соншалықты қорқынышты ұғымға айналып кеткені ме?
– Шынында қазір бір адам дінге бет бұрса, неге екені белгісіз, халықтың бір бөлігі үрке қарайды. «Өнер адамы дінде неғып жүр?» дейді. Бұл қате түсінік. Өйткені біз әлімсақтан бері ділді, дінді, дәстүрді үйлестіріп өмір сүрген өнегелі халықпыз. Қазақтың өмірінде осы үш қазық: дін, діл, тіл бір-бірімен кірігіп келген. Осы үшеуінің біреуі құласа, ұлттың рухы шайқалады. Рухани тепе-теңдіктің бұзылғаны – елдің іргесінің сетінегені. Сондықтан әр қазақтың, елін сүйетін азаматтың парызы – осы үштағанға еңбек ету. Өнер мен дін – бір-бірін толықтыратын құбылыс. Яғни өнер де, дін де, табиғат та – адамның ішкі әлемімен тығыз байланыста. Бұл – адамның өз жүрек қалауымен, ішкі сенімімен келген жол. Мен Құдайға сенетін адаммын. Бұл сенім маған ата-бабамнан дарыған. Олар Құдайға құлшылық етіп, өмірін Аллаға аманаттап, жаратушыны жүрекпен сезініп өткен. Құранды, қиссаларды, жыр-дастандарды жаттап өскен. Мен өзімді сол жолдың жалғасы санаймын. Сондықтан ешқашан жүрегімдегі сенімімді жоғалтқам жоқ. Әр адамның ішкі сеніміне ешкімнің қол сұғуға хақысы жоқ.
Біз қазір рухани дертке ұшыраған қоғамда өмір сүріп отырмыз. Тамыршысы көп, бірақ шипагері жоқ дерт бұл. Тәуіп таппай жүрміз. Айтқан сөз көп, істеген іс аз. Қоғамда бір ақиқат бар. «Жүйесі болмаса, сөздің аты өледі. Желісі болмаса, істің аты өледі» дейді дана қазақ. Біз сөздің жүйесін, істің желісін таба алмай жүрміз. Сондықтан мен үнемі айтып жүремін, тәрбие дегеніміз – құр сөз емес, іс, үлгі, өнеге. Ұрпаққа беретініміз көп, тек оны лайықты жеткізуіміз керек. Біз – киелі ұлтпыз. Ұлттың жаны – даладай кең, көңілі – баладай пәк болуы керек. Сонда ғана рухымыз сынбайды.
Ақсақалымыз ақылман бейнесінен алыстап бара жатқандай
– Жақында өткен республикалық бата беру байқауына қандай баға бересіз?
– Бұрынғы ақсақалдар батамен елді тәрбиелеген, бір ауыз сөзбен бір ауылды ұйыстырған тұлғалар еді. Қазір сондай абыз қарияларды сағынатын болдық. «Аштан өлсем де, ата дәстүрден аттамаймын» дейтін қазақтың ұяты, иманы болған ақсақалдарымыз бар еді. Қариялардың өнегесін, батасын, өсиетін іздеп жүретін адаммын. Себебі нағыз тәрбиенің көзі – соларда. Республикалық бата байқауына Төлеуке ағамыздың шақыруымен қуана-қуана бардым. Бірақ, өкінішке қарай, байқаудан қанағат таппадым. Көбісі жаттап алған жаттанды баталарды айтып жатты. Ол жерде балаға берілетін бата керек пе, елге, ерге арналған бата ма – айырма болмай қалды. Әр бата өз орнында, өз мәнімен берілуі керек еді. Ұлттың шырайын өшіріп алмау үшін осыны түсінуіміз қажет. Қазақтың батасы – ұрпақтың жолын ашатын кілт. Бұл болашақтың бағыт-бағдарын көрсету үшін қажет. Алайда батаны жай ғана айтумен шектелмей, оны күнделікті өмірде қолдану маңызды.
– Дегенмен, бұл да бір ізденістің бастауы емес пе?
– Иә, бұл рас. Бірақ тереңіне үңілу керек. «Бата – екі түрлі болады: негізгі және лебізді бата» деген Шәкір Әбеновтың сөзі бар. Негізгі бата – адамның өміріне бағыт, ізгі тілек. Ал лебізді бата – тұтас халықтың арманын, үмітін келешекке жеткізетін рухани мұра. Біз осының аражігін ажыратып, шынайы бата мен жаттанды сөздің аражігін ажырата білуіміз керек. Жаттанды сөз – жүректен шықпайды. Ал жүректен шықпаған сөз – тыңдаушыға әсер етпейді. Бізге сөз бен істі қатар алып жүретін, жұртқа өнеге болатын қариялар жетіспейді. Мен кейде соларды іздеп, таппай қалам. Сол бабаларымыздың даналығы, иманы, парасаты бүгінгі буынның бойына сіңсе, ұлттың рухы мызғымайды.
– Біздің қоғамда дінге бет бұрғандардың өзі дәстүрден қорқатын болды. Неге?
– Бұл да ойландыратын мәселе. Алланың үйіне барудан қорқатындар бар. Өйткені тура жолдан адастыратын тобырдың соңына ілесіп, айдаққа еріп кетуден қорқатындар бар. Дінге бет бұрғандар дәстүрден бас тартып кете ме деген қауіпті айтқыңыз келіп отырғанын түсініп отырмын. Әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпын. Бірақ сол дәстүрімізді де сақтап отырғанымыз аз. Бүгінде ауылға барып, қарияны сөзге тартсаң, көбісі бірден жасын айтып салатын болған. Бұрын ақсақалдар сұрағыңа салмақпен, астармен жауап беретін. Жасын сұрасаң «Тобымнан жаңылған жоқпын, тоқсанға жетіп қалдым ғой» деп тереңнен сыр шертетін. Бүгінде сондай қарияларды іздейсің. Өкінішке қарай, қазір осындай қарияны сирек кездестіресің. Өйткені бүгінгінің қариясы да жас ұрпаққа бағыт беретін, тәрбие көрсететін шын мәніндегі ақылман бейнесінен алыстап бара жатқандай. Бұрынғы сұхбаттарымда да айтып жүрмін. Егер бізде шынайы ақсақалдар болса, кешегі Қаңтар оқиғасы болмас еді. Қалжыраған халыққа қамқор болатын, сөзімен тоқтатып, батасымен бекітетін қариялар азайғаны – бұл да рухани дағдарыстың көрінісі. Қазіргі ұрпақ өз салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау үшін ата-әжелердің өсиетінен, олардың берген батасынан күш алуы қажет. Өкініштісі, бүгінде көпшілігіміз сол қазынаның көзі болған ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің батасын естімей өскен ұрпақпыз. Олардың құнды тәжірибесі мен кеңестері бізге жетпей қалды.
– Дін мен дәстүрдің арасы неге ажырап барады?
– Қоғамда жиі айтылатын «дағдарыс» ұғымы көбіне экономикалық немесе саяси сипатта бағаланып жүр. Алайда, біз байқамай қалып отырған, шын мәніндегі ең қауіпті құбылыс – рухани дағдарыс. Бұл – ұлттың тініне түсетін жегіқұрт, тамырынан ажыратып, санасын тұмандандыратын, ділі мен дінінен, дәстүрі мен тектілігінен алыстататын індет. Қай заманда да қазақ халқының тірегі – отбасы, арқа сүйері – ата-бабасының батасы, жүрек жылуы – ұлттық тәрбие болған. Бүгінгі күні сол тәрбие отбасынан емес, сырттан келіп жатқан түрлі ағымдардың аузынан таралып отыр. Кешегі кеңестік кезеңде де, тұсаулы тілдің тұманды жылдарында да қазақ аталарымыз шынайы сенімінен, намазынан, діни мейрамдарынан айрылмаған. Ал қазір сөзіміз – азат, бірақ санамыз – тұман. Расында мешітке баруға қорқатын, дін десе үркитін, ал дәстүр десе дінге қайшы көретін бір аласапыран күй кешіп отырмыз. Бұл – сенімнің әлсіреуі ғана емес, танымның таяздануы. Себебі рухани кеңістігімізге бөтеннің шапаны батпандап кірді де, бабалар жолының жұрнағы ғана қалды. Қазір кейбір ата-аналар баласын мешітке жіберуге қорқады. Себебі олардың өздері де адасқан. Тек діни сауат емес, рухани түйсік те көмескі тартты. Бұл – біздің тарихымыздың өкінішті беті. Сондықтан біз үшін ең үлкен қауіп – ұлттың рухани жүдеуі. Көзге көрінбейтін бұл дерт адам жанын тоздырып, жүректен иманның шырағын өшіреді. Бүгінгі ұрпақ туған топырақтың қадірін ұғуы үшін ұлттық тәрбие ауадай қажет. Үйдегі әкенің сөзі мен шешенің өнегесі ұлттың болашақ бітімін қалыптастырады. Асылында әр қазақ баласы ақсақалдың батасымен өссе, ешқашан адаспайды. Ал бүгін сол бата беретін ақсақалдың өзіне сөз тапшы. Сөз тапшы болған жерде – жөн де тапшы. Қазақ талай тарихи дағдарыстан өткен. Бірақ рухани дағдарыс – соның ішіндегі ең қауіптісі. Себебі бұл – елдің ертеңіне балта шабу. Біз сол ертеңді бүгіннен ойласақ, баламызға шынайы тәрбие беріп, отбасынан имандылық пен ұлттық болмысты ұқтыруымыз қажет. Әйтпесе өзгенің көлеңкесіне телміріп, өз тамырымыздан үзіліп қалуымыз мүмкін.
Қазақ үшін дін мен дәстүр қатар өрілген қос арнадай еді. Өкініштісі, қазір дінді айтсақ, дәстүрден алыстап кететіндей, дәстүрді айтсақ, діннен шеттейтіндей көреміз. Осы қорқыныштың өзімен-ақ біз дінді «құбыжыққа» айналдырып отырмыз. Адасу – рухани иммунитеттің әлсіздігінен туады. 90-жылдары біз шекарамызды ғана емес, рухани кеңістігімізді де айқара ашып жібердік. Біздің ата-бабаларымыз ешқашан дін мен дәстүрді бір-біріне қарама-қайшы қоймаған. Олардың көзқарастары мен өмірге деген ұстанымы әрқашан үйлесімде болды. Бұл үйлесімділік ұлттың рухани күшін құраған, біздің санамызды ашып, өзімізді терең түсінуге мүмкіндік берген. Қазір біз сол үйлесімділікті табу үшін күресіп келеміз. Экономика – өтеді, орны толады. Ал руханият азса – ұлт азады. Бүгінгі рухани құлдырау – ертеңгі ұлттық трагедияның басы. Кісінің жанын түршіктіріп, иманын өсіретін емес, өшіретін жат қылықтар көбейіп кетті. Қазақ тарихында болмаған сұмдықтар белең алып барады. Мұның барлығы тамырсыз қалған рухани кеңістіктің зардабы. Сондықтан ұлттық құндылық пен руханияттың егіз екенін ұмытпауымыз керек. Ұлттың шын сүйегі, оның азаматтары осы құндылықтарға қызмет ету арқылы белгілі болады. Ұлт болуды ұмытқан ұрпақтан, салт-санадан айырылған жастан, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды жоғалту қауіпті. Сондықтан, ұлттың тәрбие жүйесін күшейту, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болуға тиіс.
Таңдауды талғаммен емес, трендпен жасап жүрміз
– Өзіңіз айтқан әлгі айтқан үш тағанымыздың қайсы әлсіз, қайсы берік тұр?
– Көшпенді қазақтың дала заңы, өз тектілігі болған. Ал қазір «өркениетке ұмтыламыз» деп жүріп, өз болмысымыздан, өз негізімізден алыстап бара жатқандаймыз. Қоғамда тіл – шұбар, тәрбие – әлсіз, дін – дағдарыста. Осылардың ішінен «қайсысы қисайып тұр?» десеңіз, шын мәнінде, барлығы. Ең қауіптісі – ұлттық тамырдан ажырап бара жатқан бүгінгі ұрпақтың бейнесі. Олар үшін ана тіл – ауыр жүк, дін – түсініксіз ұғым, дәстүр – ескіліктің сарқыншағы сияқты қабылданып барады. Бұл – ұлт үшін трагедия.
Батысқа есігін айқара ашқан ұрпақ санасыз тұтынушылыққа, рухани мәңгүрттікке бет алған. Олар таңдаудың талғаммен емес, трендпен жасалатынын өмір салтына айналдырып алған. Ақиқатында, бала ұлттың емес, ұрпақтың емес, ең алдымен, туған тамырдың иесі. Кіндікті кескен жермен бірге болмаған баладан қандай рухани тұтастық күтеміз? Ұлттық тәрбиенің өзегі – дәстүр. Дәстүрді жандандыру үшін оны тану керек. Ал тану үшін сену керек. Көшпелі қазақтың бүкіл салт-санасы мен наным-сенімі даланың дауылымен бірге шыңдалып, ғасыр сүзгісінен өткен. Бұл – артық-кемі екшелген өмір философиясы. Ата-бабаларымыз Құранның сөзін ғұрыппен ұштастырған. Қасиетті кітапта «Ғафу жолын ұстан, ғұрыппен әмір ет» деген аят бар. Мұның өзі дәстүрді жоққа шығармау, қайта ардақтауды меңзейді. Ал бүгінде діни сауаттылықты желеу етіп, өз дәстүріне өзі қарсы шыққан көзі ашық азаматтарды көргенде, жүрек езіліп, жан ашиды.
Біз сөзбен шешім шығарған, сөзге тоқтаған ел едік. Әйтсе де соңғы уақытта ойдан емес, ұраннан құралған сөз көбейіп барады. Бұл да тілдің әлсіреуінің белгісі. Ана тілдің қадірін кетірмейтін, сөздің салмағын түсірмейтін ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың парызымыз. Қоғамда «ұлтшыл болу – қауіпті» деген үрей де бар. Меніңше, ұлтшылдық – ұлтыңды шексіз сүю ғана емес, оның әлсіз тұстарын да ашық айта білу. Бізде қазір ұлттың тек жақсы жағын ғана көрсету үрдісі қалыптасты. Бірақ сынсыз түзелу жоқ. Өз кемшілігімізді мойындап, сол арқылы ілгері баспасақ, ұлт ретінде дамуымыз қиындайды. Әл-Фараби бабамыз адам бойындағы рухани құндылықтарды дәріптеп, надандық пен билікқұмарлыққа қарсы тұрған. Батыстың өзі мойындаған осы ұлы тұлғаның рухани ілімі – қазақ баласы үшін жолсілтер шам. Бірақ біз қазір сол Фарабиді ұлықтағанмен, оның идеялық мұрасын жете түсінбей, өзгеге еліктеп, өзімізді ұмытатын күйге түстік. Шын мәнінде, біздің ұлттық іліміміз – ешкімнен көшірмеген, ешкімге ұқсамаған дара ілім. Ол – қазақтың тілі мен ділінде, дінінде және дәстүрінде сақталған. Соларды қайта жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіре алсақ қана ел боламыз.
Сұхбаттасқан: Жадыра МҮСІЛІМ