Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекіткені белгілі.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытудың әртүрлі әдіс-тәсілін қамтитын кешенді әдісті қарастырады. Негізгі бағыттар экологиялық ойлауды қалыптастыруды, жауапты мінез-құлықты дамыту және оны ынталандыру шараларын, экологиялық білім беру мен ақпараттандыруды қамтиды. Тұжырымдаманы іске асыру экология туралы азаматтардың хабардарлығын арттыруға, экологиялық әдеттерді қалыптастыруға және халықтың экологиялық бастамаларға қатысуын жандандыруға мүмкіндік береді.
Нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 25 пайыздан 38 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ, экологиялық тәрбиені нығайту іс-шараларына тартылған оқушылар үлесін 15 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар азаматтардың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейін 55,8 пайыздан 64,7 пайызға дейін арттыру күтілуде. Тұжырымдаманы іске асыру қоғамдық орындарда коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуды, экологиялық қауіпсіз тәжірибелерді енгізуді және қоршаған ортаны ластауға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Осы орайда, Шымкент қаласында да Үкімет бекіткен аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру бойынша жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, өткен демалоыс күндері «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында Шымкент қаласының барлық бес ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Қала көшелері, аулалар мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары қызу жүрді.
Тұран ауданында сенбілік бір мезетте бес жерде өтті. Іс-шараға 20-дан астам арнайы техника, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, ауданның ардагерлері, белсенділері мен еріктілері, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері жұмылдырылды.
Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды үнемі істің ортасында жүреді.
— Тазалық — мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың көрсеткіші. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады. Бүгінгі сенбілік — табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі, — деп атап өтті.
Ақ жаулықты аналарымыз да жастарға үлгі болып, қолына қолғап пен қап алып, тазалық жұмысына белсене қатысты.
— Табиғат — біздің аманатымыз. Аула, көше, саябақтарымыздың таза болуы — болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Сондықтан мұндай шараларға барша тұрғындар атсалысуы қажет, — деді олар.
Қаратау ауданында да ауқымды сенбілік өтті. Аудан әкімі Алмас Абаев тұрғындарды бірлікпен еңбек етіп, ортаны таза ұстауға шақырды. Мұнда да қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлік нысандар, белсенді азаматтар мен әкімдік өкілдері бірігіп, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартып, арам шөптерді шапты.
Әл-Фараби ауданында «Таза қала» жалпы қалалық сенбілік жұмыстары аясында 300 қызметкер мен 13 техника жұмылдырылып, 30 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы аудан аумағында 414 қызметкер, 14 техника жұмыс істеп, 32 тонна қалдық полигонына жеткізілді. Қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабылды.
Еңбекші ауданы мен Абай ауданында да тұрғындар мен мекеме қызметкерлері, еріктілер бірігіп, көшелерді, арықтарды, аулаларды қоқыстан тазартты. Арнайы техникамен жиналған қоқыс шығарылып, жасыл аймақтар ретке келтірілді.
Жалпы бүгінде Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нақты нәтижесін көріп отыр. Қалада тазалық мәдениеті қалыптасып келеді, ал бұл бастамаға халықтың ықыласы күн санап артуда. «Тазалық — иманның жартысы» десек, осындай игі іс-шаралар қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, қоғам алдындағы борышын өтеуге шақырады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
