Бүгінде Шымкентте «Төлем», «Алақан» биометриясы, QazTracker , тағы басқа IT жобалары дамытылып, тұрғындар арасында танымал бола бастады. «Shymkent HUB – мүмкіндіктер алаңы» атты форумда жастар, дарынды азаматтар стартап жобаларын таныстырған болатын. Бәрінің де идеясы тартымды, жобаларының әлеуеті зор. Қазіргі уақытта қалада көптеген салаларда IT стартап жобалар жасалып жатыр. Ересектер, студенттер, оқушылар, жалпы IT саласына қызығушылығы бар кез келген тұрғын өз жобасын дамытуға мүмкіндік алған.
Шаһарда цифрландыру саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі, автожолдардың сапасын бақылау, жасыл кеңістіктердің сандық есебі, электронды үкімет, мобильді байланысты жақсарту, талшықты оптика желісімен қамту, әлеуметтік салаларды цифрландыру бойынша көптеген жобалар, жаңа жүйелер енгізілді. Қазір барлық салаға ақпараттық жүйені енгізу – басты назарда тұр.
Бәрі де идеядан басталады. IT саласында тыңнан түрен салып, өз жобаларын дамытқысы келетіндер де көп. Қазір бәсекенің заманы. Нарықта бәрі де көшбасшы болып, өз брендін қалыптастыруды қалайды. Қазіргі уақытта Шымкент жастары креативті ойларын іс жүзінде жүзеге асырып жатыр. Стартап жобаларын танымал компанияға айналдырғандар да жетерлік. Бұл ретте «Төлем», «Алақан» биометриясын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру бағытындағы QazTracker жобасы да осы хабтың ғимаратында отырып, өз жобаларының ауқымын кеңейтуде. «Төлем» компаниясы да білім саласында интеграциялық жобасымен көпке танылып үлгерді.
Осы орайда Шымкент IT Hub-қа тіркеліп, оңтайландыруға бағытталған стартап жобаларды дамытып жүрген жастар мен олардың жұмысы жайлы айтып өтсек дейміз.
Shymkent HUB-тың өңірлік менеджері Тимур Қозыкеевтің айтуынша, технопарктің басты мақсаты – IT экожүйесін дамыту, жастарға қолдау көрсету. Оның мәліметінше, қазіргі таңда оннан астам әлеуетті стартап жобалар бар. Олар түрлі салаларды қамтиды. Әлеуметтік жобадан бастап, денсаулық сақтау, білім, көлік, сауда, ауылшаруашылығы және тағы басқа бағыттардағы серпінді бастамалар. Осы орайда жобаларға жеке-жеке тоқталып өтсек.
QazTracker– ірі қара мал және жылқының денсаулық жағдайына қашықтан талдау жасау және цифрландыру жүйесі. Ауылшаруашылығы саласын оңтайландыратын, шаруаларға өте қажетті жоба. Жоба жеке инвесторлар тарапынан қолдау тапқан. Сондай-ақ, шаруаларға малды сатып алу үшін қаржылық платформа жүйесі де қолға алынып отыр.
Florax – гүл сататын дүкендер үшін ERP цифрлық жүйесі. Жасанды интеллект жүйесі арқылы тұрғындарға кең таңдауды ұсынып, гүлдің бағасын автоматты жүйеде есептеп береді және флористердің жұмысын жеңілдетеді.
Drive Now – Каршерингтік платформа. Бұл жүйеде қолданушылар өз жеке көліктерін жалға бере алады.
PULS AI – дәрігерлер үшін интеллектуальды көмекші. Медициналық хаттамалар негізінде дәл диагоноз қою, ем тағайындау, қателіктерді азайтуға бағытталған. Онлайн консультация алуға болады.
ZipZak – цифрлық сауда платформасы. Сатып алу, логистика, құжат айналымы процестерін автоматтандыратын өте әлеуетті жобалардың бірі. Онлайн базаны құрып, сатушылардың жұмысын оңтайландырады. Дүкенде бар заттарды дәл анықтап бере алатын бағдарлама.
«Алақан» биометриясы – онлайн сканерлеу. Турникеттерден алақан арқылы өтуге болады. Сонымен қатар, төлем жасауға бағытталған «Алақан pay» жобасы әзірленуде.
Бұдан басқа да, қоғамға қажетті, өмірімізді жеңілдететін стартаптар бар. Аталған жобалардың бәрін таныстыру бойынша қолдау көрсетіліп отыр. Т.Қозыкеевтің мәліметінше, аталған стартаптарды жүзеге асырып жүрген дарынды азаматтар, жастар, студенттер, тіпті олардың қатарында 10-11 сынып оқушылары да бар.
Осы ретте гүл бизнесіне енген жасанды интеллект туралы айта кетсек. Florax жобасының негізін қалаушы Арухан Кеңес қазіргі уақытта Назарбаев университетінде магистратурада оқиды. Бұған дейін Лондон университетін және Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген.
– Florax жобасының идеясы інімнің Erkele Flowers атты гүл дүкенін ашуға көмектескен кезде пайда болды. Сол уақытта мені «гүл бизнесіне арналған арнайы бағдарламалар бар ма?» деген сұрақ қызықтырды. Битрикс, 1С немесе «Мой склад» сияқты жалпы бағдарламалардан бөлек нақты шешім таба алмаған соң, өзім осындай бизнесті басқаруға арналған арнайы сайтты құрастыруға кірістім. Біз бұл жобаны 9 айдан бері дамытып, жақында ғана алғашқы жасанды интеллект моделін іске қостық. Жүйеміздегі жасанды интеллект сурет арқылы гүлдердің санын, сортын анықтап, бірден бағасын есептеп, тіпті гүл шоғындағы барлық гүлдерді толық нақтылап береді.
Біз жай ғана есеп жүйесін емес, үлкен Florax экожүйесін құруды мақсат етіп отырмыз. Бұл жүйеде көтерме саудагерлер, гүл дүкендері мен қарапайым тұтынушылар бір ортада бірігеді. Әрине, кез келген үлкен істің дамуына уақыт қажет. Дегенмен, қазірдің өзінде тек Шымкенттің өзінде оннан астам гүл дүкенімен серіктеспіз. Сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларында және өзге де өңірлерде жүйемізді қолданатын дүкендер саны күн сайын артып келеді. Біз Қазақстан бойынша белсенді жұмыс істейтін дүкендердің санын 500-ге жеткізген соң, халыққа арналған арнайы мобильді қосымшамызды іске қосамыз. Ол арқылы гүлді тез әрі оңай табуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, қосымшадағы виртуалды ЖИ-менеджер сізге гүл таңдауға көмектеседі. Біздің басты мақсатымыз – гүл бизнесіндегі ең қиын процестерді автоматтандыру арқылы гүл сатушы мен сатып алушының жұмысын жеңілдету, уақытын үнемдеу. Себебі, гүл кәсібінде, әсіресе мереке күндері, жұмыс қарбалас болады, – дейді А.Кеңес.
Shymkent IT HUB – мүмкіндіктер алаңы. Бүгінде технологиялық паркке бас сұқсаңыз студент жастардың өз идеяларын дамытып, компьютерде жұмыс істеп жатқанына куә боласыз. Жалпы айтқанда, Shymkent HUB – ол мүмкіндіктер, адамдар, түрлі идеялар, жобалар жиынтығы, яғни коммуникативті орталық. Стартап жобаларға, жас IT мамандарға қолдау көрсетуді көздейді. IT экожүйе менеджмент, бағдарламалау, дизайн және жасанды интеллект, тағы басқа бағыттарды қамтиды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын. Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған Shymkent Hub еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуді көздейтін сала мамандары үшін үлкен мүмкіндік береді. Орталық өңірдегі талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасайды. Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастардың қатары артып келеді. Қала жастары, тұрғындары өз идеяларын, жобаларын IT хабта іске асыра алады. Ондағы стартап жобаларға арналған инкубациялық бағдарламалар, онлайн білім беру курстары, коворкинг орындары, жиналыс бөлмелері, бәрі де қала тұрғындары үшін. Стартап немесе IТ саласын оқып, осы салада жұмыс істеймін деген жастарға бағыт-бағдар беріледі. Оған қоса, стартап бизнес жобаларды оқыту бойынша білім беру платформасы іске қосылды. Яғни, стартап (бірінші, бастапқы қадамдар) жобаларды қалай жасау керек екенін үйрететін 4-5 күндік тегін оқу курсы қарастырылған. Қазіргі уақытта осында стартап жобаларға да, IT мамандарына барлық жағдай жасалып отыр.
Сандық технологияларды енгізу, жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін де салаға көптеген дарынды жастар қажет. Оларға жағдай жасаудың да маңызы зор. Салаға көрсетілген қолдаудың нәтижесінде, мінекей, жаңа бастамалар, жаңа қадамдар жасалып отыр. Оң нәтижелер де бар. Кішкентай қадамдардан басталған стартаптар келешекте ірі платформаға, IT компанияға айналып кетуі әбден мүмкін. Ең бастысы, жобаны тоқтатпай дамытып, көп іздене беру. Табандылық таныта білгендер соңында жетістікке жететіні анық. Ендеше, шымкенттік талапты жастардың жаңа қадамдарына сәттілік тілейміз.
Т.ҚАСЫМОВ