Редакция таңдауы

СТАРТАПТАР – ЦИФРЛЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Цифрлық елге айналуды мақсат еткен ел үшін бұл стратегиялық жоспарды орындауға деген нақты қадам екені анық. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес», – деді.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Жолдауында цифрландыру мен инновацияны ел дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап берген болатын. Осының барлығы өңірлердегі нақты істерге серпін бергені анық. Осы стратегиялық бағыт аясында Шымкент қаласында да цифрлық трансформация жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, қаламызда Astana Hub халықаралық технопаркі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен 2024 жылғы мамыр айынан бастап Shymkent IT HUB технологиялық паркі өз жұмысын бастады. Бұл – мегаполистің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам, инновация мен кәсіпкерліктің алтын көпірі десе де болады.

«Shymkent IT HUB технологиялық паркінің негізгі мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, IT-қоғамдастықты қалыптастыру, стартаптарға бағыт-бағдар беру және жоғары жылдамдықты интернетпен тегін жұмыс орындарын ұсыну. Яғни, жаңа идеяға жол ашып, жасампаз жандардың қанатын қатайтуға бағытталған орта қалыптастыру» – дейді Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының өткен жылғы жұмысын қорытындылаған басқарма басшысы Мұхит Кемелов. Басқарма басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп те жатыр екен. IT-қоғамдастықты дамыту және стартаптарды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп, 2500-ге жуық азамат орталыққа тіркелген. Бұл – IT саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайтын айқын көрсеткіш.

– Қаланың цифрлық келешегін қалыптастыруда жастардың орны ерекше. Осы орайда, Shymkent IT HUB базасында 260 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтті. Практика барысында олар цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған QazCoders, Astana Hub курстарынан білім алып, веб-дизайн, стартап негіздері секілді заманауи бағыттарды меңгерді. Бұл – теория мен тәжірибені ұштастырып, жастарды нақты нарық талаптарына бейімдеудің жарқын үлгісі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, осындай мүмкіндіктер студенттердің кәсіби қалыптасуына берік негіз болуда, – дейді Мұхит Әбутәліпұлы.

Цифрландыру басқармасы қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге де айрықша мән беріп отыр. Осы мақсатта HUB аясында әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, кәсіби дамуына және IT саласында өз орнын табуына бағытталған Tech Dames жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылы бұл жоба аясында 22 іс-шара ұйымдастырылып, 250-ден астам әйел қатысқан. Бұл – әйелдердің технологиялық саладағы белсенділігін арттырып, олардың әлеуетін ашуға бағытталған нақты әрі нәтижелі жұмыстың көрінісі болды.

Бүгінде Shymkent IT HUB технопаркі тек идея алаңы ғана емес, нақты нәтижелер мекеніне айналып отыр. Қазіргі таңда технопарк резиденттері қатарында QazTracker, Alaqan, Puls.kz, Art Code сынды сәтті стартап жобалар өз жұмысын табысты жалғастыруда. Бұл жобалар – жергілікті IT кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Инновациялық ой мен тың бастамаларға қолдау көрсетілсе, алар асудың алыс еместігін дәлелдеп отыр.

Басқарма технологияларды тек инфрақұрылымдық деңгейде ғана емес, білім беру, мемлекеттік басқару және медицина салаларына терең енгізу бағытында нақты жобаларды іске асырды. Бұл бастамалар – «айтылды, тапсырылды» деген құр ұран емес, нәтижесі көзге көрініп, пайдасы елге тиген жұмыстар.

Shymkent IT HUB аясында робототехника мен бағдарламалау саласын дамытуға бағытталған RoboPark.kz қосымша білім беру орталығы ашылды. Мұнда оқушыларға робототехника және Python бағдарламалау тілінің негіздері тегін оқытылуда. Бүгінде орталықта 185 оқушы заманауи технологияның қыр-сырын меңгеріп жатыр. Бұл еңбектің жемісі де көп күттірмеді. RoboPark.kz орталығының тәрбиеленушілері Сингапурда өтетін халықаралық World Robot Olympiad (WRO) робототехника олимпиадасына қатысып қайтты. Бұл – шымкенттік оқушылардың білімі мен әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында құжат айналымын оңтайландыру бағытында Documentolog жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілді. Бұл – құжаттарды тіркеу, келісу, сақтау және талдау үдерістерін жеделдетуге арналған орталықтандырылған бұлтты жүйе. Жоба аясында әкімдікке қарасты 28 аудан әкімдігі мен салалық басқармалардың ұсынысы бойынша 117 ұйым DOCUMENTOLOG жүйесіне қосылды. Нәтижесінде қағазбастылық азайып, уақыт үнемделіп, басқарушылық шешім қабылдау үдерісі анағұрлым жеделдей түсті. Медицина саласын цифрландыру да басқарманың басты назарында. Осы бағытта PULS AI атты цифрлық медициналық көмекші жүйесін енгізу бойынша маңызды қадам жасалды. PULS AI – дәрігерлерге нақты диагноз қоюға, ем тағайындауға және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық хаттамалары мен нормативтік-құқықтық актілеріне сүйене отырып, қателіктерді барынша азайтуға көмектесетін интеллектуалды ассистент. Жасалған меморандум аясында Шымкент қаласындағы 13 мемлекеттік емханада PULS AI жүйесін пилоттық негізде енгізу жобасы басталды. Бұл бастама дәрігер жұмысының сапасын арттырып қана қоймай, пациенттердің қауіпсіздігі мен медициналық қызметке деген сенімін нығайтуға жол ашады. Аталған жобалардың барлығы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының 2025 жылы нақты нәтижеге бағытталған, салмақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетеді. Білім, басқару және медицина салаларындағы цифрлық шешімдер – қаланың тұрақты дамуына қызмет ететін берік негіз.

Мемлекет басшысының бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі кадр жұмысына қатысты үдерістерді толық автоматтандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесі (БКЖ) іске қосылды.

– «БКЖ» – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген, кадрлық іс жүргізуді автоматтандыруға және стандарттауға арналған кешенді цифрлық шешім. Жүйе адам ресурстарын басқаруда ашықтықты қамтамасыз етіп, уақыт пен еңбек шығынын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кадр мәселесіне қатысты жұмыстарды толық автоматтандыру мақсатында 90 ведомстволық бағынысты ұйым «БКЖ» жүйесіне қосылды. Бұл – кадр саласындағы тәртіпті біріздендіріп, адами факторға тәуелділікті азайтудың нақты көрінісі, – дейді басқарма басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – цифрландыру басқармасының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта террористік тұрғыдан осал объектілердің мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынған. Жоба әлеуметтік маңызы бар нысандарда, әсіресе, білім беру ұйымдарында өрттің ықтимал қауіптері мен салдарын алдын ала ескере отырып, оқушылардың, персоналдың және мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламалық-аппараттық кешен 10 білім беру ұйымына енгізіліп, пилоттық режимде жұмыс істеп бастапты. Бұл жүйе қауіптің алдын алу, жедел әрекет ету және бақылау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылымның тозуын алдын ала анықтау және апаттық жағдайлардың алдын алу бағытында жасанды интеллект технологияларын қолдану жұмыстары да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылу желілеріндегі құбыр жүйелерінің қалдық ресурсын анықтауға арналған құбыр ішінен тексеру жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. ЖИ технологиясына негізделген бұл жүйе жылу желілерінің нақты жағдайын анықтауға, ақауларды ерте кезеңде анықтап, жоспарлы жөндеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта аталған жүйе 7 мекенжайда пилоттық режимде сынақтан өткізілуде.  Қаланы тиімді бақылау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан Шымкент қаласына 5 дрон жеткізілген. Аталған дрондар құрылыс нысандарын, қоқыс алаңдарын, қоғамдық орындар мен жеке секторды бақылауға, заңсыз құрылыс деректерін анықтауға, өрт қаупін ерте кезеңде тіркеуге және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінге дейін пилоттық жоба аясында 300-ден астам қашықтықтан мониторинг жүргізу жағдайы тіркелген. Тағы бір пилоттық жоба медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жасанды интеллект негізіндегі автоматты қоңырау шалу жүйесі. Атап айтқанда, №2, №4 және №8 қалалық емханаларда оқыту жұмыстары жүргізіліп, жүйені тәжірибелік қолдану басталды. Қазіргі уақытта пилоттық жоба аясында 120-дан астам қоңырау жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылды. Бұл медициналық ұйымдар мен пациенттер арасындағы байланысты жүйелеуге және адами факторды азайтуға мүмкіндік береді.

– Азаматтарға жедел көмек көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында Jardem 109 бірыңғай байланыс орталығында өтініштерді өңдеу жылдамдығын арттыру және қызметтерді автоматтандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, орталықтың білім базасы қалыптастырылып, электр қуаты, төтенше жағдайлар, қаңғыбас жануарларды аулау сынды ең жиі қойылатын топ-10 сұрақтар жүйеленді. Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пилоттық режимде енгізу жоспарлануда. Бұл бағытта орталық операторларына SIM-карта беру мәселесі «Қазақтелеком» АҚ тарапынан шешілу сатысында. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында смарт-бейнежетондар пилоттық режимде енгізілуде. Жоба аясында 10 смарт-бейнежетон іске қосылып, түсірілген бейнеағындар мен деректер жасанды интеллект негізінде талданып, Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» тікелей шығарылатын болады. Бұл жүйе даулы жағдайлардың алдын алуға, құқықбұзушылық деректерін дер кезінде анықтауға және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Мұхит Кемелов.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын оңтайландыру және басқарушылық шешімдерді жеделдету мақсатында GovTech Agent Smith және жасанды интеллект агенттерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл цифрлық ассистент хаттамалық тапсырмалар мен азаматтардың өтініштерін өңдеуді жеңілдетіп, қала әкімі тарапынан берілген тапсырмаларды автоматты түрде тіркеп, орындалу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аудиожазбаларды мәтінге айналдырып, құжат айналымын едәуір жеделдетеді.

Қаланың цифрлық дамуы ең алдымен сапалы байланыс пен тұрақты интернетке тікелей байланысты. Осыған орай, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жол картасын орындау аясында соңғы үш жыл ішінде қала аумағында 291 жаңа базалық станция пайдалануға берілді. Оның ішінде Kcell – 211, Кар-Тел – 80 базалық станция іске қосылды. Сонымен қатар, 398 базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Kcell – 246, Кар-Тел – 144, Мобайл Телеком-Сервис – 8 нысан жаңартылды. Бұдан бөлек, байланыс операторлары тарапынан 352 базалық станция 5G жиілігінде жұмыс істей бастады. Бұл – қала тұрғындарына жоғары жылдамдықты интернет қызметін ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі уақытта операторлар тарапынан базалық станцияларды салу және іске қосу мерзімін қысқарту мақсатында жаңа антенна-матчталық құрылғылар мен қос мақсатты тіректерді орнату жұмыстары қолға алынуда. Бұл шешім қалалық ортада байланыс инфрақұрылымын орналастыруды жеңілдетіп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесін дамыту – құқықбұзушылықтың алдын алудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, кезең-кезеңімен және нақты сұранысқа сай жүзеге асырылып келеді. Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы 2025 жылы жүйелі жұмыс жүргізіп, қаланың цифрлық экожүйесін дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізді. IT HUB қызметі – технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудың, жастар мен әйелдердің әлеуетін арттырудың, инновациялық идеяларды іске асырудың тиімді алаңына айналды. Цифрландыру – бүгінгі күннің талабы ғана емес, ертеңгі дамудың кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Шымкентті еліміздің ірі цифрлық орталықтарының біріне айналады деген сенім мол.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win