Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында әкімдік қана емес, тұрғындардың да көптен күткен талабы орындалуға аз қалғанын жеткізді.
Шымкент қаласының мамандандырылған экономикалық соты қалалық әкімдіктің «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не тиесілі бірқатар су жабдықтау және су бұру нысандарына қатысты келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырып, осы нысандарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған.
Стратегиялық маңызды нысанның жекешелендірілуі кезінде жіберілген бірнеше заңбұзушылықты атап өткен ресми өкіл: «Шымкент қалалық мамандандырылған экономикалық соты әкімдіктің серіктестік жекешелендіріп алған су қайнар көздері мен жалпы осы су кешендерін қайтару туралы берген өтінішін қанағаттандырды. Бұл үлкен жеңістің басы деп айтсақ болады. Өйткені, ендігі жерде соттың шешімімен біз заңсыз жекешелендірілген объектінің барлығын мемлекет меншігіне толықтай қайтара аламыз. Біз сотқа талап-арыз беру барысында ел заңнамасы мен қолданыстағы қаулыға сүйендік. Яғни біртұтас кешендерде объектілерді жекешелендіруге жатпайтындығы айтылған болатын. Сот әкімдіктің талаптарын орынды деп тапты. Сот шешімін шығару барысында жекешелендіру туралы келісімшарттардың бірқатарын жою және бастапқы қалпына келтіру туралы шешімді қабылдады. Нақтылап айтсақ, Ақпай, Қарасу, Бадам, Сайрам, Қызылсай және Тассай су алу көздерін, сондай-ақ «Уникансервис» кәсіпорны жекешелендіріп алған су тазалау кешенімен автотранспорттық цехқа қатысты хаттамаларды заңсыз деп тапты», деді.
Сонымен қатар Сәрсен Абайұлы сот шешімін қала тұрғындары да ұзақ күткенін жеткізді. Себебі осы уақытқа дейін халық тарапынан серіктестік жұмысына сын-ескертпелер жиі айтылып келген екен. Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары серіктестіктен алынған объектілердің ешбірі басқа бір мекеменің жекеменшігіне берілмейтінін де қадап айтты. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін айтылып келген өсек-аяңның барлығы жалған.
«Қала әкімдігі бұны өзінің туыстарына, таныстарына бермекші», «Солар қызмет жасайды екен» деген пікірлер айтылған. Бұған қатысты ресми өкіл: «Мемлекет меншігіне қайтып өткен бұл стратегиялық объектілердің барлығы тек мемлекеттің меншігінде қала береді. Қала халқының, қала тұрғындарының, қалаға келген қонақтардың жайлы өмір сүруі үшін қызмет ететін болады» деп атап өтті.
Бұдан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ресми өкіл Еуропалық даму банкінен серіктестіктің алған кредиті барын жеткізді. Бірақ, бұл бюджетке қосымша жүктеме салмайды. Өйткені, кредит тарифтің ішінде болғандықтан, тарифтен түскен ақшамен жабылмақ. Екіншіден, мемлекеттік меншікке өткеннен кейін объектілердің барлығы тарифтің төмендеуі бойынша жұмыс істеуге кіріспек. Үшіншіден, серіктестікке қаладағы су құбырларының 929 шақырымы тиесілі. Соның ішінде қазірдің өзінде оның 56,5 пайызының тозығы жеткен. Осы тұрғыдан алғанда тозу деңгейі жылына 10 пайыздан өсетін болса, жақын жылдағы серіктестікке тиесілі құбырлардың көбі істен шығатын еді. Сондықтан бұл дер кезінде қабылданған шешім болғаны да хабардар етілді. Сот шешімі жоғары сатыларда да қолдау тауып, әділдік орын алған кезде қала әкімдігі объектілерді мемлекет меншігіне алып қана қоймай, тозу деңгейін төмендетуге де күш салмақ.
Жадыра МҮСІЛІМ