Шымкентте алғаш рет ауқымды Street Food Fest фестивалі ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен дәм мерекесіне 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына өздерінің ерекше мәзірін ұсынды.
Фестивальде қонақтар тек тамақтанып қана қоймай, жергілікті аспаздардың шеберлігін тамашалап, қолөнер бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Шараның ең басты нышаны – алып гамбургердің дайындалуы. Бұл ерекше тағам Қазақстанның рекордтар кітабы — КиНЭС-ке еніп, еліміздегі ең үлкен гамбургер ретінде тіркеу жоспарланды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – көше тағамдарына басымдық берілгені. Visit Shymkent туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаровтың айтуынша, бұл фестивальдің форматында отыратын орындар қарастырылмаған. Яғни, тағамдардың барлығы – street food стиліне сай тұрып немесе жол-жөнекей тамақтануға арналған. Сондай-ақ, салқын сусындар мен балмұздақ өндірушілердің де өнімдері кеңінен ұсынылды.
– Бұл жерде кәсібі бар азаматтар үшін керемет жарнама болды. Әрқайсысы өз өнімін еркін сатып, халықпен тікелей байланыс орнатуда. Сауда айналымы жоғары болады деп күтудеміз, – дейді Ерлан Омаров.
Фестиваль барысында аспаздарға арнайы көрме, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, culinary fire show қойылымымен жалғасты. Көше биі сайысы мен акробатикалық өнер де көрермен көңілін көтеріп, мерекенің шырайын кіргізді.
Street Food Fest фестивалі Шымкенттің гастрономиялық әлеуетін паш етіп қана қоймай, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға елеулі үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл шара жыл сайынғы дәстүрлі фестивальге айналмақ.
Арбаттағы дәмі тіл үйіретін көше тағамдарының фестивалі кешкісін «Шымкент Концерт» ұйымының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Фестивальдің басты ерекшелігі – Ali Doner Cebab қоғамдық тамақтандыру орнының дайындаған 67 келі тартатын алып бургер. Бұл ерекше тағам көпшілік назарына ұсынылып, рекорд ретінде тіркелді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алып бургерді әзірлеуге бірнеше сағат уақыт жұмсалған. Аспаздар мұндай рекорд арқылы Шымкенттің гастрономиялық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеуді мақсат еткен.
Жаз мезгіліндегі осындай ауқымды шаралар шымкенттіктер үшін демалыстың қызықты әрі мазмұнды өтуіне сеп. Сонымен қатар, қалаға келген қонақтар да түрлі тағамдардан дәм татып, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалай алады.
«Шымкент Концерт» концерттік ұйымы Арбат алаңын ән мен күйге бөлеп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА