Редакция таңдауы

«СҮТІ ҚАЗАҚ» ҚАЗАҚТАР

Қазақта «сүті қазақ» деген ұғым бар. Бар қазаққа қаратыла айтыла бермейді. Қазаққа бар жан-тәнімен берілген, соның жолында қасық қаны қалғанша тұратын, пиғылы бөлектен ақырып тұрып теңдік сұрайтын тұлғаларға айтылса керек.

Жақында Шымкентте екі ірі тұлғаның, сүті қазақ Өзбекәлі Жәнібеков пен Жұмабек Тәшеновтің мерейтойларына орай ғылыми-теориялық конференция өтті. Мәртебелі қонақтар шақырылды. Байыпты баяндамалар оқылды. Екі тұлғаның ұлт өмірінде үлкен қызметі тағы да таразыланды.

Осынау айтулы шараны өз мәнінде ұйымдастырғаны үшін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогика университеті ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева мен Тәшенов университетінің басқарма төрағасы Оңалбек Аяшов бастаған қос ұжымға алғысымыз шексіз.

Қазір әлемнің аударылып, төңкеріліп тұрған шағы. Ақпарат ағымы көп. Кім жақсы, кім жаман біліп болмайды.

Қаламы ұшқыр, арты дүмбілер қорқақтан батыр, ұлтсыздан қаһарман жасай саларына көзіміз үйреніп болды. Ал, айрықша атап өтетіндей, қазақтың зиялылары бас ұратындай осы екі тұлғаның қазақ өмірінде қандай із бар, соған тоқталсақ.
Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды.

Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды.

Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды.

Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды.

«Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысты.

Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Жұмабек Тәшенов – республиканың саяси-экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды.

«Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығару қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 – 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды.

Қысқаша қайырып айтқанда осындай.

Туған халқына қалтықсыз қызмет еткен қос тұлғаның өмірі әсте, жеңіл болған жоқ. Екеуі де алпыс жасқа толған күні қызметінен айырылды. Дұрысы, билігі күштілер, бағын қызғанғандар айырды.

Кезінде Мәдениет министрлігінен жаңадан ашылған Торғай облысына шығандатып жіберген Өзбекәлі Жәнібеков Ақордадан аластатылғаннан беделі кеміп қалған жоқ. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениетінің шын мәніндегі жоқшысының жанқиялық еңбегі дүйім Қазақстанға жетіп жатты.

Г.В.Колбин Қазақстан басшылығына келгенде қазақ руханиятының сардары компартияның хатшылығына шақырылады. Оның халық арасындағы үлкен беделі қанғыған шүрегейдей қазақ даласына келіп қалған Колбиннің орнығуына үлкен септігін тигізді.

Әйтсе де, империяның адамы бәрібір зиянын тигізбей тұра алмады. Бір үлкен жиында Колбин «Ендігі Қазақстанның иесі осы азаматтар ғой» деп иегімен Жәнібеков жақты көрсетеді. Ал, ол жерде сол кездегі ҚазССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев тұрған…

Өзбекәлі Жәнібековтің алпыс жасқа толған күні зейнетке шығу себебінің үлкені осы. Құлатөбел тұрды. Ары да, қолы да таза азаматтың мерейтойы жетім қыздың тойындай өтті.

Халқы қанша жақсы көргенімен, қаһарлы биікке қарсы шығар қауқары жоқ еді.
Қазақ жерінің тұтастығы үшін Мәскеудегі шенділермен жаралы жолбарыстай арпалысқан Жұмабек Тәшенов те қызметінен тез алынды.

Қазақ жерін бөлшектеуге жол бермеген Жұмабек Тәшеновті орнынан алу Қонаевқа тапсырылған екен. КСРО патшасы Н.С.Хрущевтің бұйрығы. Амалы таусылған Дінмұхамед Ахметұлы Тәшеновті Семей облыстық атқару комитетінің төрағалығына ұсынады. Хрущев «Жоқ, бұл оған көп» дейді.

Жұмыссыз ұзақ отырып қалған Жұмабек Тәшеновтің Шымкент қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл жерде арыстан Тәшеновті тұқыртудың тағы бір сыры бар екен. Жұмабек Тәшенов – Солтүстіктің қазағы. Министрлер Кеңесін басқарды. Билеп төстейтін, тіке айтатын, айтқанын орындататын мінезі бар. Оңтүстік жұмсақ. Әрі жершілдік, рулық бөлінушілік бар. Олар Тәшеновті сиғызбайды деген бақай есеп болады. Алайда, бір-екілі ұрдажық біреулер болмаса қалың жұрт Жұмакеңді төбелеріне көтеріп, құрмет көрсетеді. Қазақстан мүддесі үшін қуғынға ұшырағанын түсінеді.

Сөйтсе де, билік бәрібір тыныштық бермейді. Тәшенов те рух сардары Өзбекәлі Жәнібековтің кебін киіп, 60 жасқа толған күні зейнеткерлікке жіберіледі.
Міне, ұлт үшін отқа түскен тұлғаларға жасалған қиянат.

Мұндағы айтпағымыз, халық отарлаушылардан, тоталитарлық жүйеден көрген осы қиянатты білу керек, қорытынды шығару керек. Халыққа қызмет ізсіз қалмайды. Бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Жұмабек Тәшенов қазақтың дара тұлғаларына, ардағына айналды.

Екі ұлы тұлғаның еңбегін лайықты бағалау тұрғысында конференцияда бірталай ұсыныстар айтылды. Жүзеге асып жатса құба құп.

Бүгінгі мемлекеттік қызметкер арасында да ұлт сөзін сөйлейтін, мемлекетіміздің тұғыры бекем болуына адал қызмет етіп жүрген азаматтар жетерлік. Олардың қатарында ұлт керегі үшін өзегін жұлып беретін Жәнібеков, Тәшенов сияқты тұлғалар көп болса екен деп тілейсің.

Қазақтың заманы туды. Өркениетті елдердің қатарынан нық орын алу мүмкіндігі бар.
Мемлекетіміз, еліміз аман болсын!

Соңғы жаңалықтар