Редакция таңдауы

Сурет өнерінің шын шебері

Графикалық сурет жанрында жаңа леп – линогравюраның еліміздегі әзірге жалғыз маманы, шын шебері Шымкентте тұратынын білесіз бе? Иә, графиканың офорт, ксилография деген түрлері барын, ағаштың бетін ойып басатын нұсқасы дамып келе жатқанынан хабардар боларсыз, оқырман. Бірақ, линогравюра – графиканың енді ғана дамып келе жатқан бағыты. Графюра бейнелеуде шын шебер ағаштың орнына линолеум пайдаланады. Жаңа бағыттың атауына негіз болған да осы материал. Ал, оны қолданып жүрген еліміздегі жалғыз суретші – Батухан Баймен ғана. Еліміз дейміз-ау, өнертанушы мамандардың пікірінше бір линолеумнан тұтас бір ой мазмұнын ойып шығару әдісін әлемде ешкім жасамаған екен.

Себебі, Батухан аға гравюраны 3-8 метрлік форматтағы линолеумда ояды. Өлшемі үлкен гравюраға «компановка» жасап қана қоймай, оның ішіне ойды кіргізу деген оңай шаруа емес. Әрбір деталь мағына беріп, белгілі бір ойды баяндап тұру керек. Ерекшелігі де осында.

Линогравюралық шығарманың осындай қиындығы көп. Сапалы линолеум табу да оңай емес. Қолжетімдісінің құрамында қағазы көп. Суретті ойып сала бастағаннан-ақ жалбырап шыға келеді. «КСРО кезінде немістер шығарған екі қабатты линолеумдар болатын. Қазір ол жоқ. Сапасы жоғарысы – түркиялық түрі. Қолға түсе бермейді» – дейді Батухан аға.

Графика өнерінің тың сүрлеуіне түскен суретшіден линогравюраның жасалу сырын сұрадық. Суыртпақтағандағы ойымыз мұндай өнермен айналысып жүрген елдегі жалғыз суретшінің, жалпақ жұртқа жария еткелі отырған кейіпкеріміздің еңбегін оқырманға етене таныстыру.

–Линогравюра жасарда алдымен эскиздерді қағазға сызып, оны калькамен көшіріп,  алдын-ала әзірленген линолеумға басамын. Әрі қарай эскизге қарап отырып ойып шығып, бояу жағамын. Сосын ғана қағазға түсіреміз,- дейді Батухан Баймен.

Линогравюриялық шығарма жасау үшін суретшіге қағаздың да үлкен өлшемдегісі қажет. Бұл да қат зат. Амалын тапқан шебер эскиздерін матаға басып жүр. «Кез келген мата жарай бермейді, көп эксперименттер жасауыма тура келді. Осындай эксперименттердің арқасында мол тәжірибе жинаудамын» дейді суретші. Бұл жұмыста тәжірибенің бәрі осындай эксперименттермен, еңбекпен келеді.

Тәжірибе демекші, Батухан Әбдікерімұлы Шымкент қаласының дамуы мен өркендеуіне мол үлес қосқан жан.

1991 жылы Шымкент қаласының Бас суретшісі,
1992 жылы «Шымкент қала безендіру» мекемесінің директоры болған ол шым шаһарды көркейту, безендіру ісінің басында жүрді. Әр мерекеде ол басқаратын ұжымдағы суретшілер ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген  мерекелік ұрандар, қала көшелеріне сән беретін гүлдестелі әдістемелік нұсқауларды қолмен салып шығатын.

1995 жылы «Шымкент қалалық дизайн» басқармасы, «Модерн» өндірістік шығармашылық бірлестігінің директоры, 1996 жылы «Шымкент қалалық сәулет және құрылыс» басқармасына қарасты «Монументальді жұмыстар және қаланы безендіру» бөлімінің бастығы  болған ол өз ісінің нағыз маманы екенімен ерекшеленді. Шымкент қаласын, қала берді облыстың аудан орталықтарынның көбінде безендіру, көркейту ісінде Батухан Байменнің қолтаңбасы қалды. Авторлық жобалары да аз емес. Сол жылдардағы Оңтүстік Қазақстан облысы суретшілер одағының Бас суретшісі, «Түркістан қалалық дизайн» басқармасының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің «Дизайн және ортаны әрлендіру» басқармасының бастығы қызметінде де абройлы қызмет атқарды.

Ал, линогравюраға студент кезінен қызықты. Оған түрткі болған институтта сабақ берген ұстазы Темірхан Ордабеков болатын.

–Темірхан ағай бізге 5-курста келді. «Сенен мықты график шығады. Осы іске машықтан» деген ұстазым маған болашақтың үлкен жетістігі болатын линогравюраның қыр-сырын үйретті. Дипломдық жұмысты да осы тақырып бойынша қорғатты. Ұстазыммен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын, үнемі мені қолдап қуаттап отырады, – дейді Батухан Әбдікерімұлы.

Бүгінде сурет өнерінің еліміздегі қас шеберлерін былай қойғанда Орта Азия елдерінің майталмандары мойындаған Батухан Байменнің еңбектері өнердің камералық түрі ретінде жоғары бағалануда. Өнертанушылар шымкенттік шебердің талантына бас ие отырып, оның еңбектеріне «Монументальді графика» деген ат берді. Яғни, линогравюраға монументальді графиканы ендірген адам.

Батухан Байменнің сурет көрмелері шетелдерде өте табысты өтуде. Өнертанушылар, графикалық жанрдың жаңа бағытына қызығушылар көрмелеріне көптеп жиналады. Еңбектері Қырғызстан, Үндістан, Ресей, Түркия, Австралия және Қазақстанның өнер мұражайларында сақтаулы. Жеке өнер коллекцияларында да Батухан ағаның еңбектері жетерлік. Кипр мемлекетінде өткен жеке көрмесінде графикалық 55 туындысы қойылған болатын. Сол туындылардың барлығы дерлік, түгелімен Кипр мемлекетінің Заманауи өнер музейіне қалдырылды. Бұл суретші үшін үлкен табыс. Әлемдік заманауи өнерге сіңірген еңбегі үшін Батухан Байменге Кипр мемлекетінің мәртебелі марапаты «Күміс кілт» және дипломдар табыс етілді.

ҚР-ның Мәдениет қайраткері Батухан Әбдікерімұлының  Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен IX халықаралық заманауи өнер биенналесінде «Суретші және қоғам. Болашақ өнер концепсиясы» атты жеке көрмесі өтіп, әлемнің 35 елінен қатысқан жүзге тарта әйгілі суретшілердің ішінен топ жарып, шымкенттік Батухан Баймен жүлделі I орынға ие болды.

Батухан ағаны 2023 жылы Францияның MONDIAL ART ACADEMIA акедемиясы өздерінің академигі деп танып, арнайы куәлік табыс етті.

2024 жылы Қазақстан Республикасының Көркем Академиясының академигі Ресейдің Кәсіби суретшілерімен бірлесе отырып өткізген «ЗВЕЗДА ВИРТУОЗА» халықаралық конкурсының алтын медалінің иегері атанды. Дәл осындай, Өзбекстан Республикасының Көркем Академиясының «АЛТЫН» медалі де Батухан Әбдікермұлына салтанатты жағдайда табысталды.

Екі жыл бұрын Ресейдің мәдениет еңбеккерлерінің шығармашылық одағы суретшінің еңбектерін жоғары бағалап, Санкт-Петербург жалпыресейлік қоғамдық ұйымы атынан «За заслуги в культуре и искусстве» медалімен, TURKSOY «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен марапаттады.

Батухан Баймен 2025 жылы Дүниежүзілік Түркі әлемі суретшілері Академиясына қабылданды.

Ішкі дүниесін паш етуді басты мақсат тұтатын Батухан Байменнің линогравюралық шығармаларын көрмесі өткен елдер сатып алуға, өнер туындысын өз елдерінде қалдыруға тырысады.

«Түркиядағы іс-шараға барғанда барлық картиналарымды саттым. Кипрге барғанда да екіжақты келісім жасап, біразын ақшалай, біразын басқалай келісіп өткізген кезім болды. Ташкентте болғанда да бірер туындымды Үндістанның өнер мұражайы сатып алды. Жалпы, линогравюраны сатылымға шығаруға болады, дегенмен бір кесімді қойылған баға жоқ, екіжақты келісімге байланысты баға шығады. Кейде делдалдар әрекет жасап келістіреді. Суретші танымал болған сайын туындыларының сатылуы жеңілдейді. Дегенмен, салғанын салғандай сатып алады деп айта алмаймын. Жалпы, линогравюраның шетелде болмаса біздің елде сатылуы қиын. Біздің көрермен әзірге ондай деңгейге жете қойған жоқ. Ол үшін халықтың әлеуметтік жағдайы, мәдениеті, талғамы көтерілуі керек» дейді кейіпкеріміз.

–Шымкенттің кесін-келбеті, даму көкжиегі кең. Даңғыл жолға түскен мегаполисте атқарылып жатқан көптеген жобаларға сырттай қызыға қараймын. Осы қарқынынан танбаса деймін. Әлеуметтік маңызы бар нысандар, өнер, мәдениетке қатысты ғимараттар көптеп бой көтеруде. Десе де, қылқалам шеберлері үшін көрме орталығының жоқтығы кемшін түсіп тұр. Алдағы уақытта осы мәселеге қала басшылығы назар аударса деймін. Суретшілердің шығармаларын қоятын, көрермен келіп тамашалайтын сурет көрмесі – зәулім зал қажет.

Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде болашақ суретшілерге дәріс беріп жүрген жанның осындай жанашырлық ойы да бар.

Ол қазір өз шәкірттеріне линолеумнан линогравюра жасау жолдарын үйретуде. Шеберханасы жалынды шығармашыл жастар жиі жиналатын орынға айналған. Қала көлемінде өтіп жатқан байқауларда Батухан Баймен тәрбиелеп жүрген студенттер жүлделі орындардан көрінуде. Ұстаз бақыты деген осы.

Өз ісінің шын шебері атанған шымкенттіктер көп. Көбейе берсін.

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win