Редакция таңдауы

«Суретті түсірген Жәнібек Әбуов»

Замандасың жайлы жазу ойыңда болғанымен, орайын келтіре алмай жүреді екенсің. Жәнібек Әбуов деген есім облыс жұртшылығы мен Шымқалаға жақсы таныс болса керек.  Кейіпкеріміздің төлқұжаттағы  толық аты-жөні Абуов Жауынбек Мамадалыұлы деп жазылса да, танитындардың бәрі оны Жәнібек атап кеткен.

Жауынбек Мамадалыұлы 1955 жылы 15 тамызда Өзбекстанның Жызақ облысына қарайтын атақты кеңшар  – Шымқорғанда дүниеге келіпті. Туған жері байырғы қазақ топырағы болғанымен, түрлі тарихи, саяси оқиғалардың салдарынан көрші елдің құрамында кете барған. «Менің мұңым – Мырзашөл» деп  жырлап  кеткен  марқұм ақын Ерімбетов Мылтықбайдың:

– Әркімді бір Алласы
                       қорушы еді,
Біздің ел Шымқорғанға
                       қонушы еді.
Даласы жылқы, қойға
                       толушы еді,
Ат шабыс тұс-тұсынан
                       болушы еді.
Қой үстіне бозторғай
                       жұмыртқалап,
Тұзкенге қаз бен үйрек
                      қонушы еді
Әр ауылдың үстінен
                      тамаша қып,

Аспаннан ай менен күн шолушы еді, – деген өлең жолдарын қайта-қайта оқып, туған жерін сағынышпен еске  алғаннан басқа  амалы қанша?!

Ертерек елге оралған Жақаң Мырзашөлдің астанасы – Жетісайдағы   мәдени-ағарту техникумына  оқуға түсіп, осындағы кәсіби театрда артист болып еңбек жолын бастап жүріп, оқуын аяқтап шығады. 1974-1976 жылдары әскер қатарында болып азаматтық борышын өтеген.  Әскерден оралған соң да,  еңбек жолын  бастаған театрда  актер болып 1981 жылға  дейін еңбек етеді.

Театр қабырғасында жүріп өлкемізге  танымал театр тарландары Исақ Иманқұлов, Жеңіс Қарғабаев, Төрегелді Қыстаубаев, Шолпан Қожамұратова, Бөрі Исалармен қатар  аға-інідей болып  қызметтес болады. Талай тұшымды  қойылымдарда  бірге образдарды  сомдайды. Жанына бала кезден жақын фотоаппарат асынып, суретке түсірумен қоса айналысты.

1981-1982 жылдары 60 жылдық тарихы бар Жетісай педучилищесінде  музыкадан сабақ берді және фотограф қызметін қоса атқарды. «Жетісай» аудандық газетінде де штаттан тыс фототілші болып қосымша қызмет  жасап, ауданға таныла бастады.

Аудан орталығы – Жетісай қаласы мен ауданның қоғамдық-мәдени өміріне де белсене араласып, еңбек адамдарының іс-әрекеттерін фотоға түсіріп,  таспалайды. Педучилищенің әр жылдардағы басшылары Тайырхан Досаев пен Сазантай Өскенбаев, Әбдіжалил Усмановтармен қоян-қолтық араласады, сыйласады.

«Суретті түсірген Ж.Әбуов» деген жазба газет беттерінде жақырап жиі көріне бастады. Ел таниды. «Бізді де түсірші» деп қолқалайды.

Тәуелсіздік таңы атып, әкімшілік құрылымы пайда болды. Әкімдіктегілер қолқалап іс-шараларға шақырады. Тіпті, үш аудан біріккенде де (1997 жылдан) аудан басшылары (И.Үмбетаев, П.Тәңірбергенов) Жетісайдағы қос қабатты ғимараттан қызмет бөлмесін арнайы бөліп,  жұмыс жасауға  қолдау көрсетті. Әбуов түсірген суреттер аудан асып, облыстық басылымдарда  («Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан»), кітаптарда жарияланды, жақсы бағасын алды. Астанадағы фотограф інісі Шүкір Шахай да Әбуов суреттерінің сапасына, шеберлігіне ризашылық танытты.

Еліміздің  тұңғыш Президенті ауданымызға ат басын бұрып келгенде де (1998-2002 ж) кәсіби журналистермен қатар, іс протоколынан рұқсат беріліп, жұмыс жасауына мүмкіндіктер жасалды.

2003 жылдан бастап облысымыздың  бас газеті «Оңтүстік Қазақстанға»  қызметке арнайы шықырылды. Отбасымен Шымшаһарға қоныс аударды. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы  «Оңтүстік Қазақстан»  газетінде 2010 жылға дейін абыройлы қызмет атқарды. Облыстық мекемелер мен аудандарда, шаруашылықтарда және де басқа салалардың тыныс-тіршілігін суретке түсіріп, дер кезінде жариялап жатты. Мұнан соң 2010 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента»  газеттерінде  фототілші  болып екі жыл  қызмет атқарды.  Ал, 2012-2021 жылдары  табан аудармай Оңтүстік Қазақстан педагогикалық  университетінде  фототілші  болды (Кейіннен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мемлекеттік педагогикалық университеті).

Қала мен университет өмірінен  көріністерді  фотоға түсіріп, көптің көңілінен шыға білді. Ж.Әбуов түсірген суреттер облыстық, қалалық, республикалық іс-шараларда, сурет көрмелерінде, фото-альбомдарда, кітаптарда, фильмдерде  өз орнын тауып келеді. Сүйікті кәсібін серік еткен  Ж.Әбуов замандасымызды алқалы жиындарда, ресми отырыс-мәжілістерде, той думандарда асай-мүсейін арқалап, фотоға сыртылдатып түсіріп  жүргеніне куә боламыз.

Жалпы айтқанда,  жеті белесті  бағындырған Ж.Әбуовтың  фото-шеберханасы  мұражай іспетті. Облыстың, қаламыздың, Жетісайдың әр жылдардағы  суреттері, тарихи  жылдар мен  оқиғаларды  бейнелесе керек. Суреттер де сөйлейді.

Зейнетке шыққан соң да қайреткер-ғалым Оңалбай Аяшевтің қолдауымен жұмысын жалғастырды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесімен  (ел ағасы К.Төлебаев) тығыз байланыста  болып, қала ардагерлері  өмірінен, құрылтайшылықпен ай сайын жарық көретін «Ардақты ардагер» журналының фототілшісі болып, ақпарат саласына да үлес қосуда.

Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен туристік экскурсиялық сапарлардан (Ұлытау-Самарқанд-Нұр ата, Қарабура әулие, Ақтау-Бекет ата, т.б ), тарихи орындарды аралаудағы ардагерлердің айшықты сәттерінен  қайталанбас  суреттерді  сапалы етіп шығарғанын білеміз.

Осы көктемде,  сәуірдің  аяғында  Ақтау қаласына қала ардагерлерімен бірге ұшақпен ұшып барып, Каспий теңізі жағасында серуендей, тамашалап жүргенде жүрегі сыр беріп, аяқ-астынан ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілді.

Ауыр халде төсекке таңылған Жақаңның басы-қасында болып, дәрі-дәрмек, өзге де сұраныстарына ардагерлер қаржылай көмек қолын созды. Қазір де емделіп, денсаулық жағдай біршама жақсарып қалды.

Бәріміздің жақсы көретін замандасымыз фотограф Ж.Әбуов өнегелі отағасы. Өзі өсіп-өнген үлкен әулеттен шыққан. Жұбайы Мария екеуі екі ұл, екі қыз өсіріп, немерелердің қызығын көріп отырған жағдайы бар. Мерейтой иесіне  мықты денсаулық, мағыналы ғұмыр тілейміз.

Пердеш ЕСЕНБЕКОВ,
ақын, Журналистер Одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win