Редакция таңдауы

ТАБИҒИ ӨНІМ ҚАШАН ДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

Шымкент қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына жалпы саны 43 үміткер қатысып, солардың ішінен іріктелген он кәсіпкер ақтық сынға жолдама алған болатын. Жоба қорытындысы бойынша үш кәсіпкер үздік деп танылды. Жеңімпаздардың қатарында Жансері Жолдыбаев та бар.

Жансері Жолдыбаев байқауға жылқы мен тауық етін кептіріп, дайындалатын табиғи тағамды ұсынды. Бұл өнім қазіргі таңда балалар мен ересектер арасында үлкен сұранысқа ие бола бастады. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай идея отбасындағы қарапайым қажеттіліктен туындаған. Балаларының зиянды чипсы мен кириешкиге әуестігін байқаған әке олардың орнын басатын, денсаулыққа пайдалы әрі табиғи тағам дайындауды ұйғарады. Жұмыс бабымен Атырау қаласына барғанда дәмі ерекше кептірілген етті байқап көрген кейіпкеріміз осы өнімді өз қолымен әзірлеуге бел буады. Осылайша, оның алғашында отбасына арнап дайындаған тағамы бүгінде табысты кәсібіне айналып отыр.

Кәсіпкер өнім түрлерін әзірлеуді сиыр етінен бастапты. Бір келі еттен шамамен 300 грамм өнім алынады екен. Ет алдын ала дәмдеуішпен өңделіп, төрт апта бойы кептіріледі. Қазіргі таңда тауық пен жылқы етінен жасалған өнімдердің төрт түрі шығарылады.

– Балаларға ащысы аз, ал үлкендерге тұзды түрі ұнайды. Әр өнімнің қаптамасында түсіне қарай түрі белгіленіп көрсетілген. Бір қаптамада 50 грамм таза кептірілген ет болады. Күніне 100-ге жуық қаптама дайындалады. Шикізат көзі ретінде «Шымкент құс» фабрикасының тауық еті, жергілікті шаруалардан алынған жылқы еті қолданылады. Қаптамалар Қытайдан жеткізіледі. Қазіргі таңда біздің өнімдеріміз Шымкент қаласындағы бірқатар ірі супермаркеттерде сатылымда бар, – дейді Жансері Жолдыбаев.

Жансері Жолдыбаев Tengizchevroil компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Кәсіпті бастауға қажетті қаржыны да осы қызметінен түскен табыстан бөлген. Барлық құрылғыларды өз қаражатына сатып алған. Алғашында шағын құрылғымен іске кірісіп, бүгінде цех ашып отыр. Қазірдің өзінде екі қызметкерді жұмыспен қамтып, өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс істеуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кәсіпкер мемлекеттік қолдауға жүгініп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, финалға дейін жетті. Егер жеңімпаз атанса, 5 миллион теңге көлеміндегі грантты ұтып алу мүмкіндігі бар. Бұл қаражаттың өз кезегінде өндіріс ауқымын кеңейтуге, жаңа құрылғылар сатып алуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетіні сөзсіз. Кәсіпкер жыл соңына дейін кемінде алты адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отыр. Ол үшін мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы жалақыны субсидиялау тетіктерін пайдаланбақ.

Жансері Жолдыбаев болашақта мектептермен келісімшарт орнатып, оқушыларға да таза әрі пайдалы тағам ұсынуды да жоспарлауда. Оның пікірінше, бұл өнім дүкен сөрелеріндегі зиянды тіскебасарларға қарағанда әлдеқайда пайдалы әрі қауіпсіз.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы елімізде кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығына негізделген өнімдерді нарыққа шығаруға жол ашады. Ал, ұлттық тағамды жаңа форматта ұсынып, оны өңірлік брендке айналдыру жолында еңбек етіп жатқан жас кәсіпкердің талпынысын өздеріңізге үлгі еттік, оқырман!

 

Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win