Шымкент қаласында коммуналдық қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының бірлескен акциясы өтті. Шараға қатысушылар сенбілік ұйымдастырып, қала көшелерін тазалады. Қаладағы құқық қорғау органдарының 1 мыңнан астам қызметкері мен коммуналдық мекемелердің 3 мыңнан астам қызметкері қаланың бес ауданына бөлініп, халық көп жүретін көшелер мен саябақтарды күл-қоқыстан арылтып шықты. Бұл шара қоғамның қауіпсіздік пен әділеттілік жолындағы бірлігін көрсетті.
Коммуналдық қызметкерлер құқық бұзушылықтың алдын алу ісінде де айтарлықтай үлес қосып келеді. Президент тапсырмаларын орындау, «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында олар құқық қорғау органдарының нағыз серіктесіне айналды. Олардың жанашырлығы мен белсенділігінің арқасында қала көшелерінен есірткі жарнамасы бар 6598 граффити жойылды. Құқық қорғау органдарына 2500-ден астам құқық бұзушылық туралы хабарлама түскен. Соның нәтижесінде 782 құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылып, 9 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі қозғалып, оның ішінде бір іс айыптау үкімімен аяқталған.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов коммуналдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, ерекше көзге түскен қызметкерлерге алғыс білдірді.
– Әрбір азамат өзінің айналасындағы тәртіпке жауапты. Бірліктің арқасында біз қылмыстың салдарымен ғана емес, оның алдын алумен де айналысып жатырмыз. Сондықтан Сіздерді коммуналдық қызметкер емес, «тазалық сақшылары» деп атауға толық негіз бар, – деді ол.
Осылайша коммуналдық қызметкерлердің құқық бұзушылықпен күреске қосқан үлесі айрықша бағаланып отыр. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тәртібі үшін коммуналдық қызметшілер мен құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы жалғаса бермек.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ