Редакция таңдауы

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕҢБЕК, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ТӘРТІППЕН НЫҒАЙТЫЛАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінде жарық көрген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты жыл басындағы дәстүрлі сұхбаты ел өміріндегі маңызды кезеңде жарияланды. Бұл – жай ғана есеп беру немесе жылдық қорытынды емес, мемлекет дамуының алдағы бағытын айқындайтын, қоғамға ой салатын, уақыт талабына жауап беретін мазмұнды сұхбат.

Сұхбатта Мемлекет басшысы халықты толғандырған сан алуан сұраққа жауап беріп қана қоймай, жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстан қандай жолмен жүруі керектігін, қандай құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс екенін ашық айтты. Бұл тұрғыдан алғанда, аталған сұхбатты ел дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық бағдар деуге толық негіз бар.
Сұхбаттың алғашқы бөлігінде Мемлекет басшысы қазіргі ақпараттық кеңістік, мерзімді баспасөз және қоғамдық сана мәселесіне ерекше тоқталды. Президент бүгінгі таңда газет-журналдардың қайта өрлеу кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, сапалы баспасөз – қоғамның ой-санасын қалыптастыратын, азаматтық ұстанымды нығайтатын маңызды құрал. Президент өз сөзінде қазіргі қоғамға төнген қауіптердің бірі ретінде әлеуметтік желілердің шамадан тыс ықпалын ашық атады. Ол бұл құбылысты жасырмай, нақты мысалдармен сипаттады. Мемлекет басшысының:

«Әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады» деген пікірі – қоғамды селт еткізетін, терең ойға жетелейтін тұжырым.

Президент сұхбатының ең салмақты әрі уақыт талабымен тікелей үндескен тұсы – жасанды интеллектінің дамуына арналған бөлім. Бұл тақырыптың әңгіме өзегіне айналуы кездейсоқ емес. Себебі, бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар тек экономиканың емес, тұтас қоғамның, мемлекетті басқару жүйесінің, тіпті, адамзат өркениетінің даму бағытын айқындап отыр.

Газет тілшісінің Мемлекет басшысына қойған: «Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал, жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеледі? Бастамаңыздың шын мәнінде табысты боларына сенесіз бе?» деген сауалы – ел ішіндегі ғана емес, сарапшылар ортасындағы басты сұрақтардың бірі.

Президент бұл сұраққа жалпы сипаттағы жауаппен шектелмей, мәселені жаһандық контекст аясында кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллект – сән қуалау немесе уақытша науқан емес, өркениетті елдер қатарында қалудың бірден-бір жолы.

Мемлекет басшысы осы мәселедегі өз ойын нақты әрі нық жеткізді: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы». Бұл тұжырым – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты формула.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект дәуірі елдерді екіге бөліп отыр: бірі – болашақтың кемесіне мініп үлгергендер, екіншісі – ескі заманда қалып қоятындар. Мұндай жағдайда бейтарап қалу немесе баяу қимылдау мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан Қазақстан үшін таңдау анық: жаңа технологияларға батыл қадам жасау.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы әлемдік технологиялық бәсекеге де арнайы тоқталды. Бүгінде АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық жарыс жаңа деңгейге көтерілгені жасырын емес. Президенттің айтуынша, Америка Құрама Штаттары өз үстемдігін сақтау үшін арнайы мемлекеттік бағдарламаларды іске қосты. Ал, Қытай жасанды интеллектіні ұлттық абырой мен бедел мәселесі ретінде қарастырып отыр. Қазірдің өзінде Қытайда бұл салада бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатқанын Мемлекет басшысы нақты дерек ретінде келтірді.

Бұл – жай салыстыру емес, Қазақстан үшін сабақ алатын маңызды мысал. Себебі, әлемдегі жетекші державалар жасанды интеллектіні стратегиялық қару, экономикалық қуаттың жаңа көзі ретінде қабылдап отыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның да бұл үдерістен тыс қалуы мүмкін емес.

Президент сұхбатында Қазақстанның бастапқы мүмкіндіктеріне де нақты тоқталды. Оның айтуынша, елімізде цифрландыру бойынша белгілі бір нәтижелер бар. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, қаржы технологиялары, электронды үкімет жүйесі, ІТ-стартаптарды қолдайтын экожүйе – мұның бәрі соңғы жылдары атқарылған жүйелі жұмыстың жемісі.

Сұхбаттың келесі бір маңызды әрі мазмұнды арнасы – ұлттық идеология, тарихқа деген көзқарас және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері. Бұл тақырыптар, бір қарағанда, абстрактілі көрінгенімен, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы үшін шешуші маңызға ие. Себебі, технологиялық жаңғыру мен экономикалық өсім қоғамдық сана мен рухани тұтастыққа сүйенбесе, баянды болмайтыны белгілі.

Президент сұхбат барысында тарихқа қатысты өз ұстанымын айқын білдірді. Оның пікірінше, тарихты саясаттың құралына айналдыру, негізсіз аңыз-әңгімелер арқылы қоғамды алдау – мемлекет үшін қауіпті үрдіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша мән беріп: «Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді», – деп атап өтті.

Бұл ой – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Соңғы жылдары тарих тақырыбы түрлі пікірталастың, кейде, тіпті, даудың өзегіне айналып отыр. Әлеуметтік желілер мен түрлі алаңдарда нақты дерекке емес, эмоция мен қиялға құрылған тұжырымдар көбейіп кеткені жасырын емес. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысының тарихқа салқынқандылықпен, ғылыми және жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертуі – орынды әрі уақытылы айтылған сөз.

Президенттің пайымынша, тарих жұртты бір-біріне қарсы қоюдың емес, қоғамды ұйыстыратын, ортақ құндылықтарды бекітетін құралға айналуы тиіс. Өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қарау – ұлт ретінде кемелденудің басты шарты. Ал, тарихты бұрмалау, дәлелсіз тұлғаларды әсірелеу немесе өткеннің қателігінен сабақ алмау қоғамды алға емес, кері тартады.

Сұхбатта Мемлекет басшысы Абай мұрасына да арнайы тоқталды. Бұл – кездейсоқ емес. Себебі, Абай ілімі бүгінгі қоғам үшін де рухани бағдар бола алады. Президент Абайдың «Толық адам» тұжырымын қазіргі заман талаптарымен үндестіре отырып, ұлттың кемелдену жолын айқындады. Президенттің айтуынша, Абай өз дәуіріндегі кемшіліктерді жасырмай айтып, халықты еңбекке, білімге, адамгершілікке үндеді. Оның «Қара сөздерінде» көтерілген мәселелер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр», – деп атап көрсетті.

Абай ілімінің ерекшелігі – бос сөз бен даңғазаға қарсы тұруында. Президент сұхбатта атап өткендей, мән-мағынасы жоқ пікірталас пен көпірме сөз ешбір дәуірде қоғамды алға жетелеген емес. Әсіресе, саяси және әлеуметтік тұрғыдан күрделі кезеңдерде нақты іс пен айқын ой ғана нәтиже береді.

Бұл тұста Мемлекет басшысының ұстанымы анық: ұлттық идеология жасанды ұрандарға емес, нақты құндылықтарға сүйенуі керек. Еңбекқорлық, білімге ұмтылу, тәртіп, жауапкершілік, заңға құрмет – міне, қоғамды алға бастайтын басты негіздер осылар.

Сұхбатта сөз болған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлық та осы ойлармен тығыз байланысты. Бұл құжат қоғамдағы идеологиялық жұмысты жүйелеуге, мемлекеттік саясаттың құндылықтық негізін айқындауға бағытталған. Президенттің айтуынша, отаншылдық – ұрандату немесе даңғазалық емес, күнделікті еңбектен, жауапкершіліктен, қарапайым істерден көрінуі тиіс.

Мемлекет басшысы отаншылдықты нақты әрекетпен байланыстыра отырып түсіндіреді. Оның пікірінше, қоршаған ортаны таза ұстау, тәртіп сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – мұның бәрі отаншылдықтың көрінісі. Бұл – идеологияны тұрмыстық деңгейге дейін түсіріп, әр азаматтың өміріне жақындататын көзқарас.

Президент сұхбатта қоғамдағы кейбір радикалды ұстанымдарға да жанама түрде тоқталды. Әлемде ұлтаралық және дінаралық қатынастардың күрделеніп отырғанын ескере келе, Қазақстан үшін сабырлы, теңгерімді, заң мен тәртіпке негізделген модельдің маңызын атап өтті. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан дала өркениетінің тәжірибесіне де сай келетін ұстаным.

Осы бөлімде көтерілген ойлардың барлығы бір арнаға тоғысады: жаңғыру – тек экономика мен технологияның жаңғыруы емес, ең алдымен сана мен құндылықтың жаңғыруы. Қоғам өз болашағын айқын елестету үшін өткенін дұрыс түсініп, бүгінін дұрыс бағалай білуі қажет.

Президенттің сұхбаттағы бұл ойлары елдің рухани және идеологиялық негізін нығайтуға бағытталған нақты бағдар екенін аңғартады. Бұл бағдар цифрландыру мен жасанды интеллект сияқты техникалық өзгерістермен қатар жүріп, қоғамды тұтас жаңғыртуға қызмет етуі тиіс.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты ел дамуының келесі белесіне өтуге дайын екенімізді айқын аңғартты. Бұл сұхбатта Мемлекет басшысы өткенге есеп беріп қана қоймай, алдағы жолдың бағыт-бағдарын нақтылап, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға тырысты.

Сұхбаттың басты ерекшелігі – оның сөзден гөрі іске, ұраннан гөрі мазмұнға, даңғазадан гөрі жауапкершілікке құрылғанында. Президент көтерген барлық тақырып – цифрландыру, жасанды интеллект, қоғамдық сана, ұлттық идеология, жастар, еңбек, тәртіп – бір-бірімен тығыз байланысты және бір ғана түпкі мақсатқа қызмет етеді. Ол мақсат – Қазақстанды заманауи, әділетті, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде орнықтыру.

Мемлекет басшысы сұхбат барысында бірнеше рет жаңғыру ұғымына тоқталды. Оның пайымдауынша, жаңғыру – өткенді жоққа шығару емес, керісінше, өткеннің сабағын дұрыс пайдалана отырып, болашаққа сеніммен қадам басу. Бұл – терең әрі салмақты көзқарас. Себебі, тарихынан қол үзген қоғамның болашағы бұлыңғыр болатыны белгілі, ал өткенге байланып қалған ел жаңа заманның талабына жауап бере алмайды.

Президенттің сұхбатта айтқан ойлары Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесімен де тығыз байланысты. Бұл – тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім болғанымен, мемлекет үшін аса маңызды кезең. Осы жылдар ішінде Қазақстан талай сыннан өтті, талай қиындықты еңсерді. Экономикалық күйзелістер, жаһандық дағдарыстар, геосаяси тұрақсыздықтар – мұның бәрі ел дамуына әсер етпей қалған жоқ. Соған қарамастан, Қазақстан өзінің мемлекеттілігін сақтап қана қоймай, халықаралық аренада беделді елге айналды.

Сұхбаттың түйіні ретінде Мемлекет басшысының болашаққа деген сенімін атап өткен жөн. Президент Қазақстанның жаңғыру жолынан қайтпайтынын, барлық қиындыққа қарамастан, алға қарай қадам басатынын анық айтты. Бұл сенім – бос оптимизм емес, нақты жоспарлар мен жүйелі саясатқа негізделген сенім.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл мерейлі дата – ас та төк науқаншылдықтың емес, өткен жолды саралап, алдағы мақсатты айқындайтын сәт болуы тиіс. Президент сұхбатта дәл осыны меңзейді. Тәуелсіздік – дайын күйінде берілген сый емес, күнделікті еңбекпен, жауапкершілікпен, тәртіппен нығайтылатын құндылық.

Азаттықтың ақ кемесіне мініп, бодандықтың қамытын сілкіп тастағанымызға 35 жыл толды. Ендігі міндет – сол еркіндіктің қадірін біліп, оны мазмұнмен толықтыру. Білім мен ғылымға, бірлік пен ынтымаққа, еңбек пен тәртіпке сүйенген ел ғана жаңа дәуірдің сын-қатеріне төтеп бере алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты осы шындықты барынша айқын көрсетті. Бұл сұхбат – елге берілген бағдар, қоғамға жасалған үндеу, болашаққа бағытталған сенімді қадам. Ең бастысы, Мемлекет басшысы жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның келешегіне нық сеніммен қарайды. Ал бұл сенім – баршамызға ортақ сенім болуы тиіс.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Ө.Жәнібеков атындағы
ОҚПУ-дің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win