Редакция таңдауы

ТӘУЕЛСІЗДІК ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰҒЫРЫ

Тарих – ұлттың ұлы ұстазы. Сол тарихтың көшінде халқымыздың тағдырын айқындаған күндер аз емес. Алайда, сол күндердің арасында шоқтығы биік, ұлттық рухымызды асқақтатып тұрған, елдігіміздің мәнін тереңнен ұғындыратын ерекше бір күн бар. Ол – 16 желтоқсан! Тәуелсіздік күні! Бұл күн – ғасырлар бойғы арман-мұраттың, азаттық жолында төгілген қан мен тердің, еркіндік сүйгіш халықтың табанды күресінің заңды жемісі. Сондықтан да Тәуелсіздік – біздің қастерлі құндылығымыз, елдігіміздің мәңгілік темірқазығы.

Қазақ халқына тәуелсіздік аспаннан түсе қалған сый емес.
Ол – ғасырлар бойы жалғасқан ұлт-азаттық күрестің, елдіктің туын жықпаған ата-бабамыздың қайсар рухының нәтижесі. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі азаттық күресі – ел болып қалудың бастауы болды. Абылай ханның ақыл-парасаты, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдай баһадүрлердің ерлігі халықтың бойындағы азат рухтың жоғалмауына қызмет етті. Сол рух одан кейінгі кезеңдерде де өшкен жоқ. ХІХ ғасырдағы Кенесары хан бастаған көтеріліс  мемлекеттілік идеясының ұлт санасынан өшпей келе жатқанын көрсеткен тарихи белес еді. Кенесары мен Наурызбайдың, Исатай мен Махамбеттің, Сырым Датұлының арпалысқа толы тағдыры қазақтың бостандығы жолындағы жанқиярлықтың символына айналды.

Халықтың азаттық сүйгіш рухы ХХ ғасырда да жалғасын тапты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Алаш қайраткерлерінің елдік мүдделерді қорғау жолындағы күресі отарлаушыларға деген өшпенділікті арттырып, ұлттың рухын қайрай түсті. Бодандықтың қамытынан құтыла алмай, сталиндік геноцидтің қырғынына ұшыраса да бұл рух түбегейлі сөніп қалған жоқ. Ол 1986 жылдың 16 желтоқсанында жаңа сипатта бой көрсетті. Алматының суық күнінде алаңға шыққан қазақ жастары тоталитарлық жүйенің әділетсіздігіне қарсы үн қатып, еліміздің еркін болашағы үшін бастарын бәйгеге тікті.

Желтоқсан көтерілісі – қазақ тарихындағы ерекше бетбұрыс. Ол халықтың тәуелсіздікке деген ұмтылысының қаншалықты қуатты әрі бұғауға сыймайтын күш екенін әлемге көрсетті. Сол алаңда қаза болған боздақтардың рухы – Тәуелсіздіктің мәңгілік шырағы.

Сол алып күш, сол ұлттық жігер 1991 жылдың 16 желтоқсанында өз шарықтау шегіне жетті. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, дүниенің төрт бұрышына дербес мемлекет ретінде танылды. Бұл – бірнеше ғасыр бойы аңсаған арманның орындалуы, ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы еді.

Келер жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 35-ші жылына қадам басқалы отыр. Бұл – бір мақаланың бойына сыймайтын, тарихқа айналған толайым жетістіктер мен мемлекеттік дамудың күрделі де жарқын кезеңі. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан ғасырға бергісіз жол жүрді. Құлашын кең жайған ұлан-ғайыр далада заманауи мемлекет қалыптасты. Бодандықтың бұғауын енді ғана үзіп шыққан ел бүгінгі таңда халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналып отыр.

Отыз бес жыл ішінде қол жеткен жетістіктер елдік қуатты айғақтайды. Шекарамыз шегенделіп, мемлекеттілігіміздің іргесі бекіді. Сарыарқа төсінде бой көтерген Астана – жаңа дәуірдің символына айналды. Халықаралық саммиттер мен жаһандық бастамалардың орталығы болған Елорда – Қазақстанның жаңарған келбетінің айқын көрінісі.

Тәуелсіздік жылдары экономика да елеулі табыстарға қол жеткізді. Индустрия, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы сияқты салаларда жүзеге асқан жобалар елдің даму қарқынын арттырды. Соның нәтижесінде биыл Қазақстан экономикасы жаңа тарихи межені бағындырды: жалпы ішкі өнім алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асқалы отыр. Бұл көрсеткіш елдің тұрақты дамуы мен ұзақмерзімді стратегиялық таңдаудың дұрыстығын дәлелдейді.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар кезеңі басталды. Саяси өзгерістер мемлекет басқарудың ашықтығын арттырса, экономикалық реформалар жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты. Заң мен тәртіп қағидасы күшейіп, әділдік пен жауапкершілік қоғамның негізгі ұстанымына айнала бастады. Әлеуметтік саясат та жаңа деңгейге көтеріліп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асуда. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әділетті қоғам қалыптастырып, мемлекет пен азамат арасындағы сенімді күшейту.

Тәуелсіздік – барлық жетістіктің бастауы. Ол – біздің ұлттық идеямыздың өзегі, мемлекет ретінде өмір сүруіміздің кепілі. Сондықтан Тәуелсіздік күні – тек тарихқа тағзым ету емес, болашаққа бет түзейтін, халықты ортақ мүдде маңына топтастыратын айрықша мереке.

Тәуелсіздікті қорғаудың ең басты шарты – ұлттық бірлік. Бірлігі бекем елдің іргесі сөгілуі мүмкін емес. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет үшін татулықтың қауызы ашылмайды, ынтымақтың ырғағы үзілмейді. Сол себепті бізді біріктіретін ең үлкен құндылық – елдігіміз. Қасиетті Отанның тұтастығын сақтау – әрбір азаматтың борышы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, жұртымыздың рухы әрдайым биік болғай. Егемендіктің мәңгілік шырағы өшпесін!

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win