Шымкенттің Шоқан Уәлиханов көшесінде орналасқан кішкентай ғана кітапхана көп адам үшін жай ғана мәдени ошақ болуы мүмкін. Бірақ, бұл мекеменің ішінде адамға үміт сыйлайтын, өмірге қайта үйрететін ерекше жандар жұмыс істейді. Қарапайым адамға көздің көрмей қалуы – қара түнекке тұншығумен тең. Бірақ, кейбір жандар бар, олар жарықты көзбен емес, жүрекпен көреді. Солардың бірі – Нысанбеков Ахат Қанатұлы. Оның тағдыры – сын мен шыңдалудың, үміт пен еңбектің көрінісі. Ол бүгінде Шымкент қалалық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тізгінін ұстап отыр. Бұл жай ғана кітапхана емес – тағдырлас жандардың рухани ордасы, қайта өмір сүруге бастайтын киелі мекен.
Үміт оты өшпейді
Ахат Қанатұлы осы кітапхана қабырғасынан еңбек жолын бастаған. 12 жыл бойы адал еңбек етіп, әр парағы үнсіз сөйлейтін кітаптармен сырласып, тыныш та терең әлемде өз орнын тапқан-ды. Кейін Леңгір қаласындағы мүгедектерге арналған оқу-өндірістік мекемеге директор болып тағайындалып, сол жерде де үлкен істерге бастамашы болды. «Самғау-Биігі» атты қоғамдық ұйым құрды. Оның әр ісі ерекше жандарды қоғамнан бөліп емес, қоғаммен қатар қоюға арналған.
– Бұл кітапхана мен үшін ерекше. Өйткені, еңбек жолым осы жерден басталған. Төрт ай бұрын қайта оралып, басшылыққа тағайындалдым. Мұнда келу үйге оралғандай әсер берді, – дейді Ахат аға, айналасын жылы жүзбен шолып.
Бүгінде бұл мекемеде 50-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 10-ға жуығы – ерекше жандар. Мұндағы жұмыс тек кітап оқумен шектелмейді. Арнайы Брайль кітаптарын шығаратын типография, Зағиптарға аудиокітаптар шығаратын студия бөлімі, үйірмелер мен тренингтік топтар – барлығы да зағип жандардың дамуы үшін жұмыс істейді.
Жанардың сәулесі сөнсе де, үміттің оты өшпейді. 1995 жылы еді. Небәрі 22 жасында түскен жол апаты Ахат Қанатұлын көз жанарынан айырғанымен, жігерін жасыта алмады. Ол бұл оқиғаны өмірілік қасіретке айналдырған жоқ. Керісінше, өмірге жаңаша қарауды үйренді. Қоғамнан шет қалмай, қайта оралып, 2000 жылдан бастап кітапхана саласында қызмет етті. Сол кезден бастап оның өмір жолы өзгелерге үміт отын сыйлайтын шамшыраққа айналды.
Ахат аға – бүгінде екі жоғары білім иесі, бес баланың әкесі, республикалық деңгейдегі тоғызқұмалақ чемпионы, бірнеше жыл қатарынан стипендия иегері атанған. Оған қарап отырып, мүгедектік өмірдің соңы емес, өзгеріс пен жаңа белестің бастауы екенін ұғасыз.
– Қарап отыруға болмайды. Қоғамнан оқшауланбау – әр адамның өз қолында. Үкімет бәрін жасап бере алмайды. Ең бастысы – өзіңнің талпынысың. Көз көрмесе де, жүрек сезеді. Ерінбей еңбек етсең, өмір сүресің, – дейді ол шын жүректен.
Ахат Қанатұлының жетекшілігімен кітапхана жұмысына тың серпін келді. Алдағы жоспарлары да ауқымды: техникалық базаны жаңарту, оқырмандарды көбейту, халықаралық тәжірибе алмасу, цифрлық сауаттылық курстарын жүйелеу, жаңа форматтағы әдеби жобаларды іске қосу, мемлекеттік мәдени мекемелермен меморандум негізінде бірлесіп жұмыс істеу.
Бүгінде кітапхана жылына 30-ға жуық әдеби кітап шығарады. Бұдан бөлек, әйелдерге, жастарға және зағип қызметкерлерге арналған 3 түрлі журнал тоқсан сайын жарық көреді.
Қазақстанның барлық қалаларында зағип жандарға арналған арнайы кітапханалар бар. Соның бірі – осы Шымкенттегі Арнайы кітапхана. Мұнда аудиокітаптар мен Брайль қарпіндегі кітаптар шығарылады. Сондай-ақ, республикалық деңгейде өтетін «Арман шыңы» фестивалі ерекше жандардың өнері мен дарынын танытатын алаңға айналды.
Әр жетістікпен қатар, шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Мұндағы компьютерлер соңғы рет 5-6 жыл бұрын жаңартылған. Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған спорттық, білім беру және оңалту құралдары өте қымбат. Кітапхана осы бағытта әлі де қаржы тапшылығын сезініп отыр.
– Біз тек зағип жандарға емес, кез келген адамға руханият арқылы үміт ұсынғымыз келеді. Масылдықтан арылып, өз әлеуетін іске асыру – әр адамның қолынан келеді. Үкіметке қарап отыра бермей, еңбектену керек. Мүгедектік – өмірдің соңы емес. Жаңаша бейімделіп, өмірді жалғастыруға болады. Жастарды қоғамдық өмірге тарту – басты бағыттарымның бірі, – дейді кітапхана басшысы.
Ахат Қанатұлы – өз тағдырын жеңе білген жан. Ол басқарған кітапхана – тек білім ордасы ғана емес, өмірдің қиын кезеңінде үміт іздеген жандар үшін рухани тірек.
Өмірге ғашық, үмітке адал Гүлсара
Кейде адам өмірі жай ғана тағдыр емес, тұтас бір әлемге сәуле шашатын шырақ секілді. Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада дәл сондай бір шырақ бар. Ол – Каттабекова Гүлсара Дүйсенәліқызы. Жәй ғана кітапханашы емес, тағдырластарына бағыт-бағдар көрсетіп жүрген рухани көшбасшы, өмірімен өзгеге дем, сөзімен жігер беріп жүрген қайсар ару.
1988 жылы Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде дүниеге келген Гүлсара ханымның балалық шағы өзгелерден өзгеше өтті. Көз жанары әлсіз еді. Бірақ, тағдырдың сынағына мойымады, қайта күрескерлік рухпен өмірге деген сүйіспеншілігін оятты.
1995 жылдан бастап Шымкенттегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында білім алып, 2006 жылы оны сәтті тәмамдайды. Кейін жоғары білім алып, дефектология саласына бет бұрып, ерекше жандармен жұмыс істеуді өмірлік миссиясына айналдырды. «Бұл мамандықты саналы түрде таңдадым. Себебі, мен өзім секілді жандарға көмектескім келді», – дейді Гүлсара.
Жарығын ішіне сыйдырған Гүлсара – арнайы кітапхананың тифлология бөлімінің редакторы. Тифлология – зағип жандарға арналған ғылым. Бұл бөлім тек ақпарат емес, рух береді, шабыт сыйлайды, үміт ұялатады. Ол әріптестерімен бірге түрлі әдеби кештер, мотивациялық тренингтер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, көз жанары көмескі жандардың көңіл көкжиегін кеңейтіп келеді. «Мен өзім секілді тағдырластарға қанат сыйлағым келеді», – дейді ол жүрекжарды үнін жеткізгісі келіп.
Шын мәнінде, Гүлсараның жарығы – көзінде емес, жүрегінде. Оның өмір жолы өз тағдырын ғана емес, өзгенің де тағдырын жарықтандыратын шамшырақ.
Гүлсара – бес баланың анасы, отбасының жүрегі. Оның жолдасы Турланбеков Есенғали Асқарұлы да көз жанарында ақауы бар азамат. Осы кітапханада қызмет етеді. Бірге оқыған, бірге өскен екі тағдыр бір арнада тоғысып, бүгінде бірін-бірі толықтырып отырған үлгілі отбасыға айналған. Есенғали Тұрланбеков – Брайль қарпімен шығатын кітаптарды редакциялайтын маман. Көзі нашар көрсе де, ұқыптылық пен жауапкершілікпен атқаратын еңбегі нағыз үлгі.
– Менде әрекет көп, Есенғалида ақыл көп. Біз бір-бірімізді толықтырамыз, — дейді Гүлсара жары туралы.
Оның үлкен қызы Асқар Сабина қазір шахматтан шәкіртақы алып жүр. Осылайша өзі де отбасы, спорт пен жұмысты қатар алып жүрген ана ретінде балаларына үлгі болып жүрген жайы бар.
Өз тағдыры арқылы өзгелерге қанат бітіруді басты ұстанымы еткен Гүлсара: «Мен өзім секілді жандарға мотивация бергім келеді. Себебі мен бес баланың анасымын, шетелге барып, спортпен де айналысамын, жұмысымды да үлгеремін. Бұл – өзгелерге үлгі. Өзгелер де өмір сүріп, күресіп үйренсін», — дейді ол.
Гүлсара ханымның өмір жолы – шабыт көзі. Ол 2022-2023 жылдары Астана қаласында қыздар арасында өткен зағиптарға арналған (SHOWDOWN) үстел теннисінен екі дүркін чемпион атанып, Қазақстан құрамасына кіріп, Швейцарияға жолдама алды. 2025 жылы Швециарияның Цюрих қаласында өткен халықаралық турнирге қатысып, бағын сынап келді. Бұл – оның тек спорттағы емес, ел намысын қорғаған биік белестерінің бірі.
Спортта да, өнерде де, қоғамда да Гүлсараның есімі аталып келеді. Елімізде өткен бірқатар байқаулардың жеңімпазы 2024 жылы Өскеменде өткен «Екі жұлдыз» республикалық ән байқауында «Ең әдемі жұп» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, Абайдың 180 жылдығына арналған «Жеті қазына» байқауында «Қыз Жібек бейнесі» номинациясын жеңіп алып, қаржылай марапатталды.
Гүлсара үшін мүгедектік кедергі емес. Оның пайымдауынша, адамның бір-бірінен айырмашылығы – тек білімінде ғана. Ол жастарға шабыт беруді, бойында мүмкіндігі бар ерекше жандарды қоғамның белсенді мүшесіне айналдыруды өмірлік миссиясы санайды.
– Адамнан адамның айырмашылығы – көзінде емес, білімінде. Біз сау адамдармен қатар еңбек етіп, кітаптар шығарамыз, іс-шаралар өткіземіз. Бұл тек қана көзге емес, көкіректің ояулығына байланысты, — дейді Гүлсара.
Ол қазір екінші топ мүгедегі, бір көзі мүлде көрмейді, екінші көзі әлсіз. Бірақ бұл оның рухани көзқарасын әлсірете алған жоқ. Керісінше, іс-шара жүргізіп, сценарий жазып, өлең айтып, өз оқырмандарын жігерлендіріп келеді.
– Көзім сау болғанда, бәлкім, тележүргізуші болар ма едім деп ойлаймын кейде. Бірақ менің қазір өз арнам бар, менің көрермендерім – мені күтіп келетін тағдырластарым, — дейді ол.
Гүлсара Дүйсенәліқызы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке де ризашылығын білдіреді.
– Мемлекеттің мүмкіндігі – бізге мүмкіндік. Біз шипажайға жолдама аламыз, арнайы құрал-жабдықтар (сөйлейтін телефон, кітап оқитын құрылғы, таяқтар) уақытылы беріледі. Мемлекеттік шипажайға жолдама, қажетті құралдар (дыбыстық телефон, арнайы таяқ, «Сара» құрылғысы) және жеке көмекші қызметі, мұның бәрі бізге әрі қарай дамуға жол ашады. Жеке көмекшіміз бар. Бұл – шын қолдау. Сондықтан мемлекетке алғысым шексіз, — дейді ол.
Ол тек кітапханада жұмыс істеп қана қоймай, өз саласында жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың да байқауларға қатысып, дамуына себепкер болып жүр. «Қазірдің өзінде жастар мені іздеп келіп, кеңес сұрайды. Мен оларды танып, бағыттап, қай салаға бейімділігін анықтап, сол салаға жол көрсетемін. Бұл мен үшін бақыт», — дейді ол.
Өмірге құштар жан өзін ғана емес, өз ортасын, өз қоғамын да ілгері сүйреп келеді. Жас ұрпаққа, тағдырластарына жол нұсқап, «мүгедек» деген сөздің артында шексіз мүмкіндіктер бар екенін дәлелдеп жүр. Ертеңге сенетін, үмітке толы жүрек иесі «Қазақстанның алтын кітабына», «Қазақтың Қайсар қара көзі» деп енген. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, арманы шексіз, жанары көмескі болғанымен, жүрегі – күндей жарық. Ол – Гүлсара. Бірегей тағдыр иесі. Шабыттың шырағы.
Көзі көрмегенімен, жүрегі көреген ұстаз
Көзі көрмейді, бірақ ол көптің жанын көреді. Ол – ұстаз. Ол – дос. Ол – жарығы сөніп қалған өмірлерге қайта от жағып, қараңғылықта қалған үмітті оятатын шамшырақ.
Ақатаев Ғабит Жақсыбайұлы – жай ғана маман емес. Ол – көзі көрмейтін және нашар көретін жандардың ең сенімді серігі. Көп адам үшін бір сәтте көз жанарынан айырылу қара түнекке құлап, өмірмен қоштасқанмен тең. Бірақ, дәл осындай сәтте Ғабит аға сол жандардың қасына келіп, жай ғана қолынан ұстайды.
– «Болды, енді бәрі бітті» деп ойлама. Біз бармыз. Біз қайтадан жүріп үйренеміз. Сөйлейтін телефонмен де жұмыс істейміз. Компьютермен де интернетке шығамыз. Құжат та жібереміз, үй де аламыз. Сенің әлі де көп мүмкіндігің бар!, — деп жалын береді ол өз шәкірттеріне.
Бүгінде Ғабит Жақсыбайұлы зағип жандарға арналған түрлі тифлотехника мен сөйлейтін құрылғыларды үйретіп жүр. Оның айтуынша, әр адамның жағдайы әртүрлі. Біреуі Каспий қосымшасын пайдаланғысы келеді, енді біреуі Aleumet.kz порталы арқылы шипажай таңдағысы келеді. Мұндай қызметтердің бәрін ол тегін көрсетеді. Әр құрылғы – бір ғалам. Біреуі кітапты дауыстап оқып береді, екіншісі смартфонды көзіңе айналдырады.
Ғ.Ақатаев – нағыз кеңесші, IT-маман, әлеуметтік көмекші, кейде психолог.
– Мынау Сара – зағип азаматтарға арналған кітап оқитын машина. Кітапты астына қойсаң болды, сөйлеп береді. Мынау – экранды дыбыстап отыратын смартфон. Дыбыстық клавиатура, оқитын принтер, УМКА құрылғысы, Брайль алфавиті мен тақтайшалары оқу мен жазуды үйренуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект негізіндегі мобильді қосымшалар суретті сипаттап айтып береді, құжаттарды таниды. Әлеуметтік порталдарға кіріп, шипажай, жәрдемақы, үй алу кезегі – бәрін онлайн істей аласың. Мен соны үйретемін, — дейді ол, құрылғылардың әрқайсысын қолымен сипалап, таныстырып.
Ғабит аға тек үйретіп қана қоймайды, адамдардың қоғамға бейімделуіне, араласуына, өмір сүруіне көмектеседі. Ол басқаратын ортада зағип жандар шахмат ойнайды, тоғызқұмалақ үйренеді, голбол, теннис секілді спорт түрлерімен айналысады. Әрбір оқырманға жол сілтеп, жарыққа жетелейді. Сөйлейтін құрылғылармен үнсіз ерлік жасайды. Адамға өз-өзіне қайта сенуге жігер береді. Кейбірі өмірден үмітін үзіп келсе, бір айдан соң күліп, елмен араласып, тіпті жаңа өмір бастағысы келеді. Оның шәкірттері – түрлі тағдыр иелері. Бірі – апаттан кейін көз жанарынан айырылған темір ұстасы, екіншісі – бала күнінен зағип, өмірі тұйық болып өскен жас қыз. Бірі – «Құранды өзім қолыммен оқығым келеді» деп келген жетпіс бестегі қария. Ғабит аға бәрін тыңдайды. Әрқайсының ішкі жан даусын сезінеді. Қайсыбірін болса да өз баласындай, бауырындай көріп, бірде диктофонды, бірде Брайль әліпбиін үйретіп, күні бойы қасында болады.
Кейде өз ісіне соншалықты берілгендіктен, түскі асын ішпей, бір кісіге бірнеше сағат бойы уақытын бөліп, үйрететін де сәттері болады. Қиындықтары да жоқ емес. Кей адамдар психологиялық тұрғыда әлсіз, кейбірі баяу қабылдайды. Бірақ Ғабит ұстаз ешкімге үмітсіз қарамайды.
– Мүгедектік – бұл үкім емес. Тек бізге сеніп, алғашқы қадам жасау керек. Әрі қарай өмірдің өзі әдемі екенін сезінесің. Кейде түскі асқа да шықпай қоямын. Себебі, адамға бір мүмкіндік берілсе, соны жіберіп алмауы керек. Мүмкін дәл бүгін ол өмірді қайта сүйіп қалар, — дейді Ғабит аға.
Болашаққа бағыт сілтейтін ұстаз тоқсан сайын 3-5 адамды толық оқытып шығарып, әртүрлі аудандардан келген жандарды қоғамға қайта бейімдеп, тіпті мемлекеттік немесе жеке мекемелерге жұмысқа орналасуына себепкер болып отыр. Оның шәкірттері тек Шымкентте емес, Түркістан, Жетісай, Кентау секілді өңірлерден де келіп, бір ай ішінде арнайы курстан өтеді. Оқыту 12 сабақтан тұрады, бірақ әр адамның қабылдауына қарай уақыт өзгеріп отырады.
Үй алу үшін кезекке қойып береді, жұмысқа орналасуына да бағыт-бағдар береді. Ғабит ағаның жұмысы тек техникалық оқу емес. Ол құжат толтырып береді, Aleumet.kz пен Egov порталында тіркеуге көмектеседі, тіпті «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үй алуына да себепкер болады.
– Былтыр 10 шақты отбасына баспана алып беруге көмектестім. Құжаттарын дайындап, порталға тіркедік. Мемлекет берген 1 миллион теңге алғашқы жарнаны рәсімдеп бердік. Үйлеріне кіріп, көздері жасаурап, «Рахмет!» айтқан сәттер – мен үшін ең үлкен сыйлық, — дейді ол кішіпейіл үнмен.
Көзі көрмейтіндердің жан дүниесін көретін ұстаз бір жылда 10-15 адамды толық оқытып шығарады. Ал күн сайын көмек сұрап келетін адам саны ондап саналады. Біреу телефон үйренгісі келеді, біреу интернетке шығу жолын білгісі келеді, ал енді бірі жүріп-тұруға, өз бетінше өмір сүруге қадам жасағысы келеді.
– Менің көзімнің біреуі ғана көреді. Бірақ менің жүрегім толық көреді. Өйткені өзім де сол жолдан өттім. Енді өзгелерді өз қолыммен жетектеп алып шығуға дайынмын, — дейді ол.
Ғабит Жақсыбайұлы – жай ғана маман емес. Жарығы өшіп қалған жандардың өмірінде қайтадан шам жаққан, көздің емес, жүректің көзімен көретін жан. Оның еңбегі – үнсіз, бірақ ұлы. Оның бергені – тек білім емес, үміт. Көзі көрмесе де, өзгенің өмірін жарық қыла білген нағыз ұстаз.
«Мемлекет берген құралдарды пайдалануды білмесе, ол құралдың құны болмай қалады. Біз соны пайдалануға баулимыз», — дейді ол.
Оның айтуынша, көзі көрмейтін немесе күрт көру мүмкіндігінен айырылған адамдар – көбінесе жазатайым оқиғалар, өндірістік жарақаттар салдарынан жаңа өмірге бейімделуге мәжбүр жандар. Осындай жағдайда Ғабит Жақсыбайұлы олардың цифрлық сауатын ашып, қоғамға қайта бейімделуіне, өзге жандармен танысып, орта табуына мүмкіндік жасайды.
– Қоғамнан шеттеп қалмасын дейміз. Кейбірі үйден шықпай, күйзеліске түсіп қалады. Ал біз оларды ортаға тартып, бір-бірімен таныстырып, тіпті тіл табысып арасында отбасы құрып, жанұя болып жатқандары қаншама», – дейді ол.
Шынайы көмек шын жанашырлықтан басталады. Ғабит Ақатаев – көру қабілеті шектеулі жандар үшін тек ұстаз ғана емес, жол сілтеуші, сенімді дос, өмірге үміт сыйлаушы адам. Үйретіп қана қоймай, әр шәкіртінің өмірлік бағыты мен сенімін қалпына келтіруге көмектеседі. Осындай азаматтардың арқасында қоғам адамгершілік пен қайырымдылықтың биік деңгейіне жете аларына бек сенеміз.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ